Осы ғылымды қазақшалауға атсалысып жүрген, өзі бірнеше сөздік әзірлеген медицина ғылымдарының кандидаты, профессор Мұхамбедия Ахметовпен пікірлесіп, қазіргі медицина ғылымының терминдерін аудару және саладағы ұғымдарды қазақшалау мәселесі жөнінде ойын білген едік.
– Мұхамбедия Ахметтөреұлы, медициналық терминдерді қазақшалаумен көп жылдан бері айналысып келе жатырсыз. Осы саладағы терминдерді аудару жұмысы қай деңгейге жетті? Аударылмаған терминдер әлі көп пе?
– Жалпы термин мәселесі кез келген мемлекетте кез келген ұлтта жүздеген жылдар бойы дау-дамаймен келе жатқан проблема. Ғылыми терминдердің қалыптасқан латын, ағылшын, орыс тілдерінің өзінде де кейбір жарыспалы атаулар қоса жүр. Соларды сапасыз қылып аударып жатқан жайымыз бар. Медицинаны жетік білгенімен, қазақ тілінің заңдылықтарын онша білмейтін маман, күнделікті ауызекі тілдегі қарабайыр сөздерді терминге зорлап жапсырады. Яғни қойдың қозысын ешкіге апарып теліген секілді. Сол ешкінің көзден таса жатып қалған лағын іздегіміз келмейді. Нәтижесінде, қозы да – өгей, лақ та – өгей.
Бір журналист теледидардан «сырқатты науқасынан айықтыру үшін ота жасалды» деп хабар айтып тұр. Сол тіл біледі деген мамандарымыз ауру не ауыру не, ауырсыну не екенін ажыратпай айта салады.
Ауру – болезнь, ауыру – заболеть, ауырсыну – чувствовать боль. Қазақ тіліндегі ауру, дерт, кесел, қасте, сырқат дегендер «болезнь» сөзінің эквиваленті. Орыстың «острое заболевание» деген «аурудың» және «ауырып қалудың» қарқындылығын, ауқымдылығын, үдемелігін бейнелейді. Біздің қазағымыз бүгінде орыстың «болезнь» мен «больной» сөздерін ажыратпайтын болды. Мысалы «алтыншы палатада ауру жатыр» дей салады. Сонда ол жерде бронхит, гастрит, геморрой яғни «болезнь» жатыр ма? «Больной человек» дегеніміз науқас. Хиругті оташы дей салдық. Отау, отап тастау немесе өздігінен оталып қалу деген процестер бар, орысшасы «ампутация», «ампутировать», «ампутироваться», демек шығыңқы мүшені шорт кесіп отап тастау немесе оның шорт үзіліп оталып қалуы. Хирургтің емі тек отап тастау ғана емес. Ол тіледі, тігеді, орнына салады, жапсырады, жамайды, жалғайды т.с.с. терминдердің эквивалентін іздегенде ең дұрысы – ғылыми лексиканың негізін құрайтын латын, грек тіліндегі төркін сөздің тура мәні табылса тікелей қазақшаға аудару керек.
Мысалы «жіті ауру» дегенді құлағы қабылдай алмай «қатты ауру» деп ұсынғандар «қатты ауырсыну» сезімімен шатастырып жүр.
Ауру – атау сөз, ауыру – объективті процесс, ауырсыну – субъективтік сезім. Ғылыми лексикамызда осылардың аражігін ажыратып қолданбасақ, медициналық ұғымдар шатасады. Денсаулық кодексінің жобасын талқылау барысында «жіті ауру» (острое заболевание) деген ұғымды «қатты ауыру» деп атап, айырылғысы келмей отырған аудармашылар бар. Сол аудармашылар 1979 жылы, яғни 40 жыл бұрын шыққан 10 томдық «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігіне» үңілді ме екен? Сондағы «аурудың жіті және жітілеу ағымы» деген сөзді көрмеді ме екен?!
Медицинада ауруға қатысты «молниеносный, острый, подострый, затяжный, вялотекущий, рецидивирующий, латентный, хронический» деген толып жатқан терминдік сипаттағы анықтауыш сөздер бар. Осыларды жіктеп, жіліктеп түсініп барып қазақшалау үшін филолог аудармашыларға ең болмағанда фельдшерлік деңгейге жетер білім керек.
Саланы бір жүйеге келтіруде мағыналық жағынан ұқсас синонимдерге байланысты екі міндетті шешу керек. Біріншіден, бұл терминдер синоним бола ма, әлде түрлі мағына беріп тұр ма? Осыны анықтау қажет. Оған ғылыми анықтамасы немесе нақты сипаттамасы көмектеседі. Екіншіден, синонимдердің ішінен ең нақтысын және дұрысын таңдау қажет. Терминді дәл таңдау үшін сөзді білікті ғалымдар ұжымының талқылауынан өткізген жөн. Медициналық терминологияны нормаға келтіру және жүйелеу жұмысына медициналық бейіндегі мамандармен қатар филологтар да белсене қатысуы керек.
– Аудармада аса оңтайлы шықпаған сөздер кездесе ме? Мысалы «наркоманның» қазақшасы нашақор емес, нашақор дегеніміз наша шегетін адам, ал есірткіні екпе түрінде салатындарды қалай атаймыз?» деген сұрақты жиі естиміз. Осы туралы не айтасыз?
– Терминдердің тереңіне үңіліп ізденбегендіктің кесірінен бір кезде «наркоман» дегенді нашақор деп аударып жіберді. Наша (анаша) – толып жатқан есірткінің бір түрі ғана. Нашақор деп тек наша шегуге әуестеніп кеткен адамды айтады. Сол нашаны әр жерде әртүрлі атайды. Мысалы, марихуана, план, анаша, харас, хусу, гашиш, ал дерттің халықаралық атауы – гашишемания. Одан басқа да кокаиномания, героиномания, барбитуромания, морфинизм деген диагноздар бар. Осылардың әрқайсысы, өзіне тән белгілері бар жеке-жеке дерт. Бірақ ортақ атауы – наркомания. Жалпы, есірткіге әуестеніп кеткен адамды баяғыдан бәңші (бәңгі) дейді, яғни наркоман. Біз диагноз қойғанда апиыншы адамды нашақор дей алмаймыз, себебі біреуі апиын қабылдайды, екіншісі наша шегеді.
Соңғы кезде мынадай бір үрдіс белең алып бара жатыр. Қазақ тіліндегі оқу-әдістемелік құрал жазып ұпай жинауға кірістік. Құдды бір «тың игеру» кезіндегі келімсектер жер жыртуға кіріскен сияқты. Қазақ тілін тілім-тілім қылып орысшадан аударған оқулықтар шығып жатыр. Дәрігер-ғалымдардың көбісі өз саласынан қазақша оқулық жазып заман талабына сай болғысы келеді. Сол авторлардың арасында қазақ тілінің грамматикасы түгіл, тойда қазақша тост-тілегін жатық айта алмайтындар бар, тіпті іштей ана тілін менсінбейтін қазақтар аудармашы жалдап қазақша оқулық жаза бастады. Аудармашының пайдаланатыны – терминологиялық сөздіктер. Әр термин ғылыми тілдің кірпіші іспеттес. Кірпіштерді киюластырып, байлап қалауды білмесе үй салып несі бар? «Көтере алмайтын шоқпарды белге байлап» тілімізді тендерге салуға болмайды.
– Медицина саласындағы термин жасаушылар мен оқулық жазып жатқан оқытушы-ғалымдар арасында байланыс бар ма? Жаңадан жасалған термин оқулыққа енгізілсе, оның орнығуы да тезірек болмай ма?
– Кез келген ұлттың тілі — сол ұлттың Ұлттық кодындағы ең маңызды құрамбөлік материалдың бірі. Мен тіл маманы емеспін. Дәрігермін. Медицина қызметкерлерінің емдік шара жүргізу үшін қолданатын негізгі үш қаруы бар. «Біріншісі – сөз, екіншісі – емдік шөп, үшіншісі – кандауыр», – депті, ерте заманның ғұламасы. Сөз, тіл, сөйлесу – адамның адам болып қалыптасуы үшін ең маңызды, шешуші фактор. Сөз – сөйлем құрау үшін қажетті «құрылыс материалы». Әрбір сөздің мәнін, ретін байыптап, орынды қолданбаған адам сөйлемді дұрыс құрай алмайды.
Сөздің қадірін білетін, әңгімесі жүйелі адамның аузынан шыққан әсерлі лебіз көкірегіңе сәуле құйып, жан-дүниеңді рухтандырып, қанаттандырады. Демек, сөйлеу – күрделі психофизиологиялық процесс. Айтпағым, тіл тек тілші мамандардың «жекеменшігі» емес! Тілді дамытуға қоғам мүшелері түгел атсалысуға міндетті. Себебі ешбір шаруа, ешқандай шара тілдің қатысуынсыз жүзеге аспайды. Белгілі лингвист Фердинанд де Соссюр «Тіл – сөйлеудің құралы һәм нәтижесі» деген екен.
Дәрігердің әртүрлі емшара жасауымен қоса сөз мәдениеті, тіл шеберлігі жетік болуы керек. Өз мамандығын қадірлейтін дәрігердің ең бірінші қаруы – тіл! Көңілі пәс, көзінде жас, жаны жаралы болып шипа іздеп келген адамды сауықтыратын – ең бірінші сол құдіретті тіл.
Медициналық оқу орындарындағы қазақша оқулықтардың тілі нашар болғандықтан студенттердің көбі ғылыми ұғымдарды түбегейлі түсіне алмайды. Өзі толық түсінбеген нәрсені өзгеге ертең қалай түсіндірмек? Қазақ мектебін бітірген, қазақ тілін біледі-ау деген дәрігердің өзі тілдік норманы сақтамайды. Қазақ тілінің лингвистикалық нормасын белден басып жүре беретін болдық. Орыс тілінде оқығандар «Мұның не?» десең, «Мен орысша оқығанмын» деп ақталады. Солар тойда тілек айтуға ғана жететін қазақша сөздік қорымен медицина саласынан оқулық жазады. Орыс тілінде жазайын десе, орыстілді мамандар ол мәселені баяғыда кітап етіп, оқулық, оқу құралы етіп жазып, әбден сөлін сорып, нәтижесін көрсетіп қойған. Олардан көшіріп алу – ұрлық, плагиат. Не істеген жөн? Қарманып көрсе, медицина саласында игерілмеген тың – қазақ тілі бар екен... Содан майлы шелпекті кайтсе де қарпып қалу керек. Лауазымға, кезекте тұрған доцент, профессор атағына қол жеткізу үшін кітап шығаратын даңғыл жол тапқандай болады. Сөйтіп, «қазақшаға көшіп жатырмыз» дегенді ұран етіп, ұпай жинайды. Оған зор дайындықтың қажет екенін, қазақ тілінде бұрын-соңды шыққан кітаптарды мұқият зерделеуді, ең әуелі қазақ тілінің грамматикалық-синтаксистік нормаларын білу керектігін мүлде ойламайды. Шатпақ тілмен, орысшадан калька аударма жасап, жазып шығады. Емле қатесін айтпағанда, стилистикалық-грамматикалық мазмұнын көп жағдайда түсіну қиын. Мағынасы кереғар, түсіндірмесі теріс сөйлемдер өріп жүреді. Мұндай оқулықтан білім алған дәрігердің кәсіби өресі қандай болмақ? Ана тілі, ұлттық тілі бұзылған дәрігердің емі де жартыкеш болады.
– Кейбір аудармашылар терминнің орысша айтылуында қалдыруды ұсынады. «Өйткені ол қолданыста, адамдар үйреніп қалған» деген уәж айтады. Сонымен қатар термин мәнін барынша қазақша беру үшін тікелей латын, грек, ағылшын тілдерінен аударған дұрыс деген пікірді өзіңіз де айтып өттіңіз. Сонымен қатар 1930 жылдары жасалған аударма сөздерді пайдалануға болмас па екен?
– Ғалымдар арасындағы кейбір әсіреұлтшыл, әсірепатриоттарымыз термин сөздерді түгел қазақшалайық, ойдан шығарып жаңа сөз қосып, тілімізді байытайық деп қия тартады. Қазақи неологизмдерді қолданысқа енгізу – тілді байытудың, әлбетте, бір тәсілі екеніне дау жоқ. Біздің медицина саласында әлемдік санаға сіңіп, әмбеге түсінікті болып кеткен терминдер бар. Солардың бәрін бір күнде қазақшалаған болып лап еткізсек, онсыз да бір-бірін қазақша түсінуден қалып бара жатқан қазақтар, тілі түгіл миы шатасып, нейролингвистика мен психолингвистиканың мамандары зерттеуге алатын, эксперименттік ұлтқа айналып кетпесіне кім кепіл?! Ғылыми терминдер қатарына орыс тілі арқылы енген, міндетті түрде тәржімалауды қажет етіп тұрған және өз тілімізде әдемі эквиваленті бар терминдер толып жатыр. Тіл де тірі организм секілді дамып, өзгеріске ұшырап отырады. Бізде кей мамандарымыз терминдерді орыс тіліндегі нұсқасынан тіке аудара салады.
Ал сол орыстың бүгінгі ғылыми тілінде де, әдеби тілінде де шатасулар жетіп-артылады. Шатасқан тілді шалақазақ аударғанда шатпақ тіл туады. Қазақ тілінде мың жарымнан астам жаңа сөз туындатқан әйгілі тіл білгірі, аудармашы Ісләм Жарылғапов орыстың «переводчик» деген сөзі «аудармашы», «тәржімашы» жасайтын мехнаттың мағынасын бере алмайтынын, оның орнына «ретворец» сөзі дәл келетінін айтып, кезінде ұсыныс жасапты. Осы тұста айтпағым, аудармашылар орыс сөйлеміне сөзбе-сөз байланып қалған «переводчик» емес «творец» болуы керек. Мен тіл маманы емеспін, қайталап айтамын, сондықтан қазақи атауларды бірізділендіру саласында тер төгіп жүрген филолог-терминолог ғалымдармен ақылдаса жүріп, медицина терминдерін термелегенімнің отыз жылдық нәтижесі ретінде 40 баспа табақ «Орысша-қазақша сөздік», 60 баспа табақ «Русско-казахско-английский медицинский словарь», 19 мамандық бойынша «Русско-казахский разговорник для врачей» тілдескіш құрастырып шығардым, демек менің «жанайқайым» «құр айқай» емес.
Мысалы, телеарналарда медицина тақырыбына арналған бағдарламалар бар. Осы саланың табиғатын жетік білмейтін көпшілік кейде хабар жүргізушісі мен дәрігер арасындағы әңгіменің не жайында екенін толық түсіне алмай қалады. Көптеген дәрігерлердің қазақшасы жетісіп тұрмағанын білесіздер. Тыңдап отырып қарадай қысыласың. Сол «Денсаулық» хабарын жүргізетін журналистердің, тіл мамандарының өзі медициналық сөздіктерді қарап ізденбейді. Әртүрлі аурулардың, емшаралардың, емдік тәсілдердің атауларын ойына келген қазақшасымен долбарлап, тәржімалап айта береді.
– Медицина терминдерін әзірлеушілер, терминге балама ұсынушы жандар көп. Осының оңтайлы нұсқасын термин қалыптастырушылардың ортақ қабылдау, бірауыздан бітімге келіп бір термин ұсыну тәжірибесі бар ма?
– Қазіргі қазақ терминологиясындағы басты проблеманың бірі – термин қолданудағы бірізділіктің сақталмауы. Айтпағым, терминологиялық бірізділік бір күнде қалыптаса салмайды. Қазіргі жағдайымызда тілді де емдеу керек. Латын, грек терминдеріне орыс жалғау-жұрнақтары қосылып пайда болған сөздерді қазақшаға бейімдегенде олардың этимологиялық түбіріне үңілу қажет. Мысалы, «ревматический» дегенді «ревматикалық» деп жазу қате, себебі түбірі «ревматизм», демек «ревматизмдік» болу керек, мысалы «теоретический» дегенді «теоретикалық» демейміз ғой. Өкінішке қарай, антиревматикалық, функционалдық, индустриалдық, фолликулярлық, алвеолярлық, лейкоцитарлық, бактериалдық, бронхоэктатикалық, липолитикалық деген сияқты терминдердің төркініне үңілмей, осындай қателерді оқи-оқи – көрмейтін, ести-ести – саңқұлақ болып алдық. Қазақша медициналық сөздіктерді ашып, алфавит бойынша «А»-дан бастап «аборт» деген терминге үңіліп көрейікші. Аборттың қазақшасы түсік деп берілген. Латынша abortus – процесс «прерывания беременности», ал түсік – недоносок (преждевременно рожденный плод), сондықтан аборт – түсік түсу, түсік тастау болу керек (егер өздігінен болса) немесе түсік түсіру, түсік тастату болу керек еді (егер әдейі жасалған болса). Медициналық сөздіктерден «неполный аборт» – «толықсыз түсік», «не состоявщийся аборт» – «кешікті түсік» деп аударғанды көргенде бұл қандай қазақша болды екен дейсің. Ал «криминальный аборт» – қылмысты түсік деп жазылып жүр, кейбір сөздікте астыртын түсік деп берілген. «У вас угрожающий аборт» дегенді қазаққа айту үшін біздің медициналық сөздіктерге сүйенсеңіз – «сізде қауіпті түсік бар» деп іштегі ұрықты қылмыскерге теңеп сақау қазақша шығарған болар едіңіз. Дұрысы – сізде түсік түсу қаупі бар деу керек қой. Бұл, тек қана аборттың айналасынан алынған бірер мысал. Осы сияқты қателіктер қазақша медициналық сөздіктерде толып жүр.
– Әңгімеңізге рақмет. Игі бастамаларыңызға сәттілік тілейміз!
Сұхбаттасқан
Жәнібек АМАНГЕЛДІ