– Гүлжан Дәулетбекқызы, тарихшы ғалым ретінде қазақ ұлттық мінезінің этнологиялық сипатын қалайша бағалар едіңіз? Сіздің ойыңызша, қалыптасқан құндылықтар қағидаларының заман ағымына сай өзгеруі немесе дәстүрлер түрленіп жатыр деген пікірге келісесіз бе?
– Ғылымда этнологиялық тәсілдерді зерделеу ұлттық тарихтан бөлек, антропология, психология, мәдениеттану, әлеуметтану, экология, тағы басқа сан-салалы ілімдерді біріктіреді. Этностық интеграторлар ретінде осы ілім-білімге жататын құбылыстар жинақтала келе, ұлттық мінездің мызғымас өзегіне, маңызды құрамдас бөліктеріне айналған.
Қазақ халқы – ежелден табиғатпен тынысын тапқан, қоршаған ортамен үйлесімді тірлік кешкен байырғы жұрт. Ұлы даланың төскейін мекен еткен халқымыз қоршаған ортаға мейлінше бейімделуі арқылы табиғи құбылыстарды, экожүйенің ерекшеліктерін жақсы меңгерді. Биосфера ұлттық мінез-құлықтың моделін қалыптастырып, дағдыларын жетілдірді. Нәтижесінде, қазақ даласында мал шаруашылығына бейімделген қоғам қалыптасып, этноэкологиялық мәдениеттің бедеріне айналды.
Ұлттық мінез халқымыздың материалдық мәдениетімен қатар, әдет-ғұрып, салт-дәстүр, наным-сенім категорияларын, өзара туыстық жүйесін, туысқандық қарым-қатынасын, отбасылық құндылықтарын, қоғамдық-саяси құрылымды, халықтық мінез болмысын, тәлім-тәрбие ерекшеліктерін, мәдени қырларын қамтиды.
Қазаққа тән ұлттық мінез дегенде ең алдымен қазақтың кең жайлау көңілі мен дархан мінезін еске аламыз. Қонақжай қасиеті мен меймандос пейілін мақтан тұтамыз. Батырлық болмысын әспеттей отырып, тарихта ізі қалған баһадүр бабаларымыздың қайсарлығын үлгі етеміз. Қасиет қонған әулиелерімізді пір тұтып, қайраткерлік рухы бар бабалар мұрасын бет түзейтін құбыламыз деп білеміз. Сайып келгенде, осының бәрі ұлттық мінездің мазмұнын құрайды.
Ұлтқа тән жекелеген қасиеттер мәдениеттің өлшемін қалыптастырып, менталдық бірлікті, эмоционалдық ерек-шелікті түзейді. Бір сөзбен айтқанда, қазаққа тән болмыс, антропологиялық ерекшелігі, психологиялық портреті осылайша қалыптасқан.
Заман ағымына сай құндылықтар қағидаларының өзгеруін айтар болсақ, қанға сіңген қасиет – генетикалық код ешқашан өзгермейді. Қоғамдық қатынастарға немесе социоэкономикалық ахуалға байланысты ұлт өзегін құрайтын мінез түрленуі мүмкін, бірақ бастапқы мәнінен түпкілікті ажырамайды.
Мәселен, қазақтың үлкенге ізетті, кішіге қамқор болу мінезін алайық. Кез келген орайлы сәтте біз абыз ақсақалдың ақ батасын алуға, ақ жаулықты ананың ақеділ пейілін тыңдауға әзір тұрамыз. Жасы кішінің жасы үлкен алдындағы ізеті ұлттық этикеттің маңызды құрамы саналады. Бір-біріне қол ұшын созуға дайын тұратын қайырымды қоғам да ұлттық болмыстың өзегінен бастауын алады.
– Қазіргі жастар ұлттық танымнан ажырап қалған, аяушылықты білмейтін қатыгез ұрпақ өсіп келеді дегенді жиі естиміз. Шынымен жастарымыз қазаққа тән мінез-құлықтан алыстап бара жатыр ма, қалай ойлайсыз?
– Біз өскелең ұрпаққа баға бергенде олардың жаңа толқынның өкілдері екенін ескере бермейміз. Қай қоғамда болмасын аға буын мен оның орнын басатын жас өскін буын арасында қарама-қайшылықтар болып тұрады. Бұл заңды эволюциялық процесс.
Көзқарас қайшылығы дегенде кейінгі буынның өзі нәр алар тамырынан айырылуды білдірмейді. Бар болғаны жаңа буын қасаң қағидамен өмір сүруді қаламайды, айналадағы қоғам, жалпы адамзат құндылық деп бағалайтын игілікке жаңаша жолмен, тың сүрлеумен жетуді мақсат тұтады. Жас буынның алғырлығын, тиянақты тапқырлығын дұрыс бағамдай алмай кейде жастарымыздың қадамын құптамай, аяғын тұсаулап тастайтынымыз бар. Бұл дұрыс емес, кейінгі буынның тынысын түсінбесек те, тарылтпауға әрекет қылуымыз керек.
Адам бойындағы қатыгездік – туабітті қасиет емес, ол психоэмоционалдық фактордан туындайтын мінез. Ақыл-естің толысу таразысында көптеген жанама себептер безбен ретінде ауыр басуы мүмкін. Тұрмыстық қиындық, организмнің күйзеліске түсуі, адамдар арасындағы қарым-қатынас, социоэкономикалық факторлар жиылып келгенде адам бойында қатыгездік синдромының қылаң беруіне алып келеді. Жеке тұлғаның психоэмоционалдық күйінен туындайтын мінезді антропология мен психологияның ғасырлар бойғы синтезінен пайда болған тұтас ұлттың мінезіне теліп, бір жақты баға беруге болмайды.
Рас, қазіргі буынның қалыптасуы гиперкеңістік – интернеттің даму үрдісімен тығыз байланысты. Жылдам ақпарат алмасудың коммуникациялық құралына бейімделу – уақыт талабы. Одан бас тартсақ, өркениет көшінде шаң қауып қаламыз. Цифрлы технологиялар жаһандық деңгейде бәсекеге қабілетті болудың жалғыз мүмкіндігі. Озық ойлы жастарымыз – біздің ең құнды байлығымыз санатында. Адам капиталы – алға жылжуымыздың кепілдігі болып қана қоймай, тың идеялардың қайнар бұлағы болуы керек. Ұлттық мінезді интернет кеңістігінде ілгерілетуде алдымызда әлі талай белді белестер жатыр. Осы мерейлі міндетті басқа емес, қазіргі жастар жүргізетініне сенемін.
«Толық адам» дәрежесіне жетуді насихаттаудамыз
– Шымкентті сөз еткенде әдетте ұлт уызына қанық өлке деп жататын. Қазақы қалпын сақтап, ұлттық дәстүрін әдемі жалғап жатқан өңір санатында аты жиі аталушы еді. Республикалық мәртебе алған шаһар мегаполистің шекпенін кигелі баяғы ұлттық бояуын жоғалтты деген пікірмен келісесіз бе?
– 2200 жылдық тарихы бар Шымкент қаласы ұлттық колоритімен дараланған шаһар екені белгілі. Ұлы Жібек жолының бойында ірі сауда орталығы, мықты әскери бекініс бекеті, аграрлық шаруашылығы дамыған өлке ретінде тарихи шежірелерде ізі жатыр.
Шымкент – қазақи дәстүр мен танымның өрісін кеңейткен қала. Шаһардың мәдени тұрмысы қашанда жергілікті халықтың салт-санасымен сіңісті болып, ғасырлар бойы қалыптасқан әдет-ғұрпымен көрініс тауып отырған.
Ұлттық бояу өлшемдерін тұтас қалаға қатысты қолданып, таразылайтын болсақ, мұнда да ұлттық мінезді дарыту көріністерінің бірнеше дәйекті себептерін ашып көрсетуге болады. Ұлттық болмыс қаланың сәулеттік келбетінде, мәдени өмірінде, білім беру ісінде, тәлім беру процестерінде, шығармашылық-дизайнерлік модельдерінде көрініс табады.
Ұлттық мінез көбінесе жүйелі идеологиялық жұмысты жүргізу арқылы қалыптасады. Қаланың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету жұмыстары кешенді идеологиялық көзқарастың шеңберінде жүргізіліп, ортақ ұстаным аясында атқарылса нәтижесін бермек. Бұл бағытта қаладағы қоғамдық орындар, саябақтар, тарихи-мәдени кешендер, өзіндік тарихы бар оқу орындары ұлттық бояуы қанық бастамаларды көтеріп, бірінен соң бірі жалғап жатса, ұтарымыз көп болады деген ойдамын. Халқымыздың мәдени өмірінде өзіндік орны бар тарихи тұлғаларымызды дәріптеу арқылы да Шымкентте ұлттық мінездің болмыс-бітімін жандандыруға мол мүмкіндік бар. Халқымыздың қонақжайлығы дегенде біздегі асханалық өнерді де ұлттық құндылықтар шеңберінде дамытып, гастротуризмнің өрісті өзегіне айналдыруға болады деген сенімдемін.
– Өзіңіз басшылық ететін Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университеті халқымыздың зиялы өкілдері – ұстаздар шоғырын тәрбиелеп шығарады. Жастардың тәрбиешісі – мұғалімдерді даярлауда олардың санасын ұлттық құндылықтар тұрғысынан жаңартуда қандай бастамаларды қолданып, іске асырып келесіздер?
– Университетіміз 1937 жылдан бері қызмет атқарады, оқу орнымызды бүгінгі күнге дейін 70 мыңнан астам адам бітіріп шықты. Миссиямыз – заман талабына сай білім саласындағы үздік тәжірибелер негізінде адами капитал сапасын арттыру. Бұл бағытта оқу орнымыздың 8 мыңға жуық білім алушысын еңбек нарығында сұранысқа ие, бәсекеге қабілетті маман етіп шығаруды басты міндет етіп отырмыз.
ОҚМПУ 2020 жылдан бастап білім берудегі заманауи трендтерге сәйкес трансформацияның жаңа кезеңіне қадам басты. Бұл міндетті сапалы заманауи білім, іргелі инновациялық ғылым, рухани құндылыққа негізделген тәрбие, дамыған инфрақұрылым басымдықтары бойынша іске асырып келеміз. Жаңа форматтағы педагогтерді даярлау ісінде адамзат өркениетіндегі барлық ізгі қасиеттерді бойына, озық білімді ойына сіңіріп, рухани жетілген, кемеліне келген «толық адам» дәрежесіне жетуді насихаттап отырмыз.
Университетте педагогикалық білім беруді дамыту аясындағы іс-шаралар бәсекеге қабілетті, заманауи құзыреттерді меңгерген, жоғары кәсіби біліктілікке ие, цифрлық дағдыларды игерген педагогикалық мамандарды даярлауға бағытталған. Білім беру бағдарламаларының моделінде пәндік білімін кәсіби қызметінде қолдану, ұйымдастырушылық-әдістемелік қабілеттерін көрсету, зерттеу дағдыларын жүргізу, көшбасшылық және іскерлік дағдыларын таныту, мәдени құзыреттіліктерін сақтау, өмір бойы білім алу қабілетіне ие болу және ақпараттық дағдыларды қолдану қарастырылған.
Білім беру бағдарламаларын әзірлеуде қазақ халқының мәдениеті, салт-дәстүрі мен менталитетіне негізделген білім сапасының деңгейін ұлттық және халықаралық стандарттар талаптарына сәйкестендіру міндеті ескеріледі. Жаңа форматтағы педагогтерді даярлауда рухани кемелдену мен ұлттық кодты негізге ала отырып, университетте кешенді ребрендинг жүргіздік. Нәтижесінде, оқу орнының жаңа логотипі бекітіліп, оқу ғимараттарына «Шаңырақ», «Тұмар», «Қазына» сынды ұлттық атаулар берілді. Негізгі аудиторияларға – «Ұлы дала», «Мәңгілік ел» атаулары берілсе, мәжіліс залы «Қазақстан» атауына ие болды. Лекциялардың басталуын хабарлайтын дәстүрлі қоңыраудың орнына ұлттық күй әуендері ойнатылады.
Университет сайты тартымды форматқа көшіріліп, «Ұлт ұстаздары» ғылым орталығы ашылды. Орталық Ұлы дала ғылымының өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан, шежірелі тарихымызда жарқын із қалдырған ұлы ойшылдарымыз – әл-Фарабидің, Ахмет Ясауидің, Абай Құнанбайұлының, Ыбырай Алтынсариннің, Ахмет Байтұрсынұлының, Мағжан Жұмабаевтың, Жүсіпбек Аймауытовтың тәлім-тәрбиесін, үлгі-өнегесін, шығармашылық мұрасын зерттеуге, зерделеуге, алыптардың ізін басып, жолын жалғауға қызмет етіп отыр.
Ұрпақтар сабақтастығын жалғауда оқу ордамызда «Өзбекәлі Жәнібеков орталығы» жұмысын бастап, ұлт тарихындағы біртуар тұлғаның этнографиялық бай мұрасын зерттеуге қызмет етіп, ұлттық мәдени танымды, тәрбие құндылықтарын, қазақ мәдениетінің қалыптасу үрдісін, даму белестерін ғылыми тұрғыда дәйектеуге, педагог мамандардың білімі мен тәжірибесін кеңейтуге үлесін қосып отыр.
Ұлттық танымның өрісін кеңейтуде университет қабырғасында бірнеше халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциялар болып өтті. Оның ішінде қоғам қайраткері, этнограф ғалым Өзбекәлі Жәнібековтің 90 жылдығына, ағартушы және түркітанушы, қазақтың алғашқы әліпбиінің авторы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналған ғылыми жиындарда ұлттық мәдени танымның, ғылым-білімнің өрістері жөнінде тың ғылыми ізденістер жарияланды. Қазақстанның көрнекті археологі, тарих ғылымдарының докторы, профессор А.Подушкиннің 70 жылдық мерейтойы аясында археологиялық және жазба деректерге арналған халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтіп, Еуразия кеңістігіндегі ежелгі және ортағасырлық мемлекеттер мен көшпелі одақтар туралы бірегей тарихи мағлұматтар айтылды.
Биыл сәуір айында оқу ордамызда республика жоғары оқу орындарының «Тарихи тұлғалар: ұлттық тәрбие және сабақтастық» республикалық форумы өтіп, бабалар дүниетанымы, адамгершілік пайымы, тәлім-тәрбие мұрасы жайлы келелі ойлар қозғалып, тарихи тұлғалардың тағылымды тәрбиесі таразыланды.
Ұлттық рухани құндылықтарды насихаттау кешені бойынша университеттің археологиялық жасағының «Ұлы дала елі – өркениеттер тоғысында (б.з.д. 100 мың жыл – б.э. ХІІ ғ.») тұрақты көрмесі ашылып, бүгінде оның қоры 800-ден астам экспонатты қамтып отыр.
Университеттің «Қоғамдық кәсіптер даярлау» орталығында білім беру мен ұлттық тәрбие беру мәдениетін қалыптастыруда 9 үйірме жұмыс жүргізіп, «жаңа буын» ізденушілерін даярлауды, дәстүрлі өнер игеруді, жастардың тұлғалық қабілетін шыңдауды мақсат тұтады. Кәсіптік білім беру орталығында студенттер дефиле, домбыра, қолөнер, эстрада, аспаптар жасау, бейнелеу өнері, би, вокал, айтыс, фотоөнер, көңілді тапқырлар клубы сынды шығармашылық ұжымдарда дәріс алып, жоғары эстетикалық тәрбие алады.
Сондай-ақ ОҚМПУ ғалымдарының ұйытқы болуымен республикада алғашқы «Әкелер мектебі» құрылып, білім беру ұйымдарына оқушылар тәрбиесінде қолданылатын этнопедагогика, ұлттық құндылықтар, салт-дәстүр, отбасылық құндылықтар, тарихи тұлғатану, жалпыадамзаттық құндылықтар бойынша ғылыми-әдістемелік және тәжірибелік көмектер көрсетуде.
Тұлғалар тағылымы мәдени тынысымызды түзейді
– Әңгімемізді ұрпақтар сабақтастығы-мен аяқтасақ, қалай ойлайсыз, тарихымыз-дағы ұлы тұлғалардың тәлімі бүгінгі ұрпақ-қа не береді?
– Педагогикалық бағыттағы оқу орнының басшысы ретінде мынаны айтар едім. Тамыры тереңге бойлаған ұлттық ілім-білімнің танымдық қасиетін игеру – педагог мамандарға жүктелген жоғары кәсіби міндет деп білемін. Тарихымызда ізі қалған ұлы ойшылдардың білім, тәрбие, мінез-құлықты түзеу, ақиқат іліміне қол жеткізу мәселелері жөніндегі ой-толғамдары – адам баласы үшін өмірлік тәрбие. Мәселен, Абайдың философиялық ойларын ұрпақ тәрбиесі өлшемдерімен біріктіріп қарайтын болсақ, ұлы ойшыл шығармаларындағы шыншылдық, адалдық, әділдік, өткіртілділік, парасаттылық, ұлтжандылық, табандылық, дарындылық сынды құндылықтар Абай айтқан «жанға пайдалы қоректер» деп нық сеніммен айтуға болады.
Қысқаша айтқанда, тарихи-этнологиялық үрдіспен қалыптасқан, жұртымыз бет түзейтін идеал мазмұны болып бекіген тұлғалар тағылымы – бірегей дүниета-нымымызды тіктеп, мәдени тынысымызды түзейді деген ойдамын.
– Әсерлі әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Назгүл НАЗАРБЕК,
Шымкент қаласы