Тазарту стансасы тынысты тарылтады

Жаз болса Қызылорда халқы кәріз суының күлімсі иісінен тұншығады. Тіпті, тұрғылықты халық сасық иіс түрлі ке­селге душар еткенін айтып, дабыл қағып отыр.

Қызылорда қаласының Титов қыста­ғындағы биологиялық тазарту стансасы көп жылдан бері жұмыс істейді. Ертеректе станса қала аумағынан едәуір қашықта орналасқан. Уақыт өте келе айналасынан тұрғын үйлер салуға жерлер беріліп, құрылыс қарқын алды. Нәтижесінде, кәріз суы төгілетін аумаққа қоныстанған ха­лықтың қарасы көбейді. Бүгінде тұрғындар жер берудегі жүйесіз­діктің зардабын тартып отырғанын айтып, зар илеп жүр. 

«Тұрғын үйге жер беру кезінде кәріз суының адам денсаулығына зардабы неге ескерілмегенін түсінбеймін. Жаз бастал­ғаннан сүзгі алаңынан шыққан күлімсі иіс өкпені қабып, тыныс алу азапқа айналады. Негізінен кәріз суын төгетін бұл орын сонау Кеңес Үкіметі тұсында салын­ған. Ол кезде қала аумағынан әлдеқайда қашық орналасқан еді. Бүгінде жағалай үйлер салынып, тазарту стансасына қосылып кетті. Ал одан шыққан күлімсі иіс бәрімізді шаршатып тұр», –  дейді Титов тұрғыны Жұмабек Амитов.

Сүзгі алаңынан шыққан күлімсі иістің салдарынан жаз мезгілінде балалардың емін-еркін ойнауы мұңға айналыпты. Ала жаздай күннің аптапты ыстығына қарамастан есік-терезені қымтап, азаппен күн кешіп жатқанын айтады. Оның үстіне, экологиялық ахуалы күрт төмендеген ау­мақ­та ауру-сырқау да көбейіп барады. Әсі­ресе, балаларының өміріне алаң­даулы.

«Бұл жерге үй салып, тұрып жатқаныма 15 жылдай болды. Со­дан бері көрген күніміз күн емес. Сасық ауамен демалып, ала жаз­дай тар бөлмеге тығылып отыруға мәж­бүрміз. Сүзгі стан­сасынан шық­қан сасық иіс қолқаны қаба­ды. Ауруға шалды­ғып жатыр­мыз. Биологиялық тазалау стан­сасын қаладан алыстау жерге көшіріл­генін қалаймыз. Болмаса заманауи қүрыл­ғылар арқылы иіс шығармай, айналаға қауіпсіз етіп, залалсыздандырса деген ұсы­нысымыз бар. Құзырлы орындар түйт­кілдің түйінін тарқатуға көңіл аударса игі», – деп мұңын шақты тұрғын Қайрат Орын­баев.

Ал осы аумақ тұрғыны Аслан Жұ­ма­новтың айтуынша, бүгінде тұрғын үйлер тазар­ту стансасынан 1-2 шақырым ғана қашықтықта тұр. Желдің бағыты­мен сасық иіс үйлерге тарап, тыныс алу мүмкін бол­май қалады. Күн сайын ондаған ассе­ни­заторлық көлік екі араны жол қылып, ерсілі-қарсылы қатынап, ар­найы орынға кәріз суын тыным­сыз төгіп жатады. Сорғы арқылы сүзгі стансасына айдайды. Алайда халықтың қамын ойлап жатқан жан жоқ. 

Титов тұрғындарын титық­татқан түйт­кілдің шешу жолдарын жергілікті әкім­діктен сұрап көрдік. 

«Негізінен 2019 жылы «Қызыл­орда қала­сында ағын суларды тазарту қуаты тәулігіне 70,0 мың м3 биологиялық тазарту станция­сын жаң­ғырту және автомат­тан­дыру» жобасы әзірленіп, «Мем­сараптама» кәсіпорнының оң қорытын­дысы алынды. Жобаның жалпы смета­лық құны 2,7 млрд теңгені құрайды. Былтыр жобаны іске асыруға респуб­лика­лық бюджеттен 1 млрд теңге қаржы бөлінді. Алайда үш жыл ішінде құрылысы басталмағандықтан, бөлінген қаржы респуб­лика­лық бюджетке қайтарылды. Жоға­рыда аталған  жобаның сараптамасы 2019 жылы алынып, оң қорытын­дысының мерзімінің өтуіне және де бүгінгі күнге жобалау-сметалық құжат­та­мада көрсетілген жабдық­тар мен мате­риал­дың нарықтық бағада күрт өсуіне байла­нысты қайта түзету енгізуге және мем­лекеттік сараптама қорытындысын алу­ға 19 522,3 мың теңге қаржы қажеттілігі туындап отыр. Мәселе оңтайлы шешімін тапса, тиісті жұмыстар қолға алынатын бола­ды», – деп хабарлады Қызылорда қалалық құрылыс бөлімі.

Негізінен Қызылорда қаласы аумағын­да орналасқан биологиялық тазарту стансасы шаһардағы басты  № 1, 11, 12, 13 кәріз сорғы стан­са­­лары мен Талсуат елді мекенінде орна­ласқан оңалту орталығы­ның шайынды суларын қабылдайды. Тазартылған сулар сүзгіден өтіп, 532 гек­тар­ды алатын сарқынды суды тастау тоға­нына жіберіледі екен. Бұл бөлім кәріз суларды биологиялық тазарту стан­са­сының тозу деңгейі 85 пайызды құрап отырғанын жоққа шығармады.

Тұрғылықты халық түйткілді мәселе оң­тай­лы шешімін тапса деген ұсыныс-пікірін жет­кізіп отыр. Ең бастысы, бала­лары­ның қауіп­сіздігіне алаңдаулы күй кешіп отырғанын айтып, жауапты орын­дардан қолдау күтетінін алға тартады.

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,

Қызылорда облысы