“AMANAT” партиясының атқарушы хатшысы Елнұр Бейсенбаев Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде өткен Әлихан Мақсұт атындағы RoboZerde – 2023 робототехника фестивалінің ашылу салтанатына қатысты.
“AMANAT”-тың атқарушы  хатшысы RoboZerde – 2023 робототехника фестиваліне қатысты
1,227
оқылды

Елордада алғаш рет ұйымдастырылып отырған қалалық фестивальге Мәжілістегі «AMANAT» фракциясының депутаттары, салалық ведомство өкілдері, білім беру ұйымдарының басшылары және жас ғалымдар келді.

Өз кезегінде Елнұр Бейсенбаев Мемлекет басшысының Президент жанындағы Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысында сөйлеген сөзін мысал етіп, «Түпкі мақсатымыз – көшке ілесетін емес, сол көшті бастайтын елдердің қатарында болу» екенін еске салды.

«Қазақстанның ғылымы дамыса – Қазақстан дамиды. Қазақстанды әлем таныса – Қазақстан қауіпсіз болады. Қазақстанның қауіпсіз болуы – ел ішінен, жастар арасынан әлем мойындаған ғалымдардың суырылып шығуымен тікелей байланысты. Бүгін осында жанарында оты бар жас өрендеріміз жиналып отыр. Сіздердің әрбір қадамдарыңыз, тың талпыныстарыңыз келешекте егемен еліміздің ғылымын дамытып, мерейін үстем етеріне сенімдімін», – деді партияның атқарушы хатшысы.

Сондай-ақ Елнұр Бейсенбаев партияның сайлауалды бағдарламасында жас техник стансаларын, балалар технопаркін ашу көзделгенін атап өтті. Бұған қоса, әр бала спорт секциясына, шығармашылық студияға немесе техникалық үйірмеге тегін қатысуы үшін ашықтық негізде «Арт Спорт» бағдарламасын одан әрі жалғастыру жоспарланып отыр. Сонымен қатар әр облыста Сәтбаев атындағы инженерлік мектептер, Жәутіков атындағы IT мектептер, Абай атындағы гуманитарлық мектептер желісі құрылады.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Ал аталған фестивальдің өтуіне ұйытқы болған белгілі ақын Серікзат Дүйсенғазы – өмірден ерте озған жас ғалым Әлихан Мақсұттың әкесі ғылыммен айналысып жүрген жастарды насихаттау, оларға қолдау көрсету қажет екенін атап өтті.

«Елімізде ғылым, техника, инженерия саласында жас та болса жаңалық ашып, қабілет-қарымын танытып жүрген жеткіншектер аз емес. Тіпті, шетелде білім алып келіп, ғылымға жаны құштар шәкірт тәрбиелеп жүрген дарынды азаматтар бар арамызда. Өкініштісі сол, ел ертеңіне елеңдеген ұстаздарды, олар баптап отырған оқушыларды іздеп барып, ісін елге танытып жатқан ешкім жоқ. Қазақстанның болашағы – технологияда. Жас ғалымдарымызға қолдау көрсетіп, шабытына шабыт қосатын, қиялына қанат бітіретін – сіздер мен біздер», – деді Серікзат Дүйсенғазы.

Сөз соңында партияның Атқарушы хатшысы бұл бастаманың әрі қарай дамуына «AMANAT» партиясы әрдайым атсалысуға дайын екенін айтып, фестиваль алдағы уақытта республикалық және халықаралық деңгейде қанат жаятынына сенім білдірді.