Облыстық ат бәйгесіне аймақтың әр өңірінен ат жалымен алысқан шабандоздар қатысып, өзара бақ сынады. Дүбірлі додада барлығы 40-тан аса сәйгүлік тай жарыс, құнан, аламан бәйге болып үш топқа бөлінді.
«Бабалардың сұрапыл соғыс жылдарындағы батырлығы ешқашан ұмытылмайды. Біз бүгін мерейлі күн аясында батыр боздақтар рухына арнап бәйге өткізудеміз. Себебі ұлттық болмысымыз бен дәстүрімізде ат бәйгесінің орны ерекше. Көшпенділердің бүгінгі төл ұрпағы – Алаш жұрты барда ат бәйгесінің келешегі кемел болмақ. Біз алдағы уақытта да ұлттық спорт түрлерінен, оның ішінде спорттық сайыстарды дәстүрлі түрде өткізетін боламыз», – деп Арал ауданының әкімі Серік Сермағанбетов шабандоздарға сәттілік тіледі.
Тай жарысынан басталған бәйгеде 12 сәйгүлік жарыс жолына шықты. Нәтижесінде, Қызылорда қаласының тұрғыны Қайрат Қаюповтың «Айторысы» бірінші келді. Арал ауданына қарасты Қарашалаң ауылының шабандоздары екінші және үшінші орынды өзара бөлісті. Бұл жарыста Айдарбек Төлегеновтің «Камриясы» мәре сызығын екінші кессе, үздік үштікті Нұрдәулет Киікбаевтің «Жұмбаққарасы» еншіледі.
Ал құнан бәйге бойынша 13 тұлпар бақ сынады. Бәйгеде Рамазан Нұрлыбайұлының қос бірдей аты жүлделі орынды еншіледі. Атап айтқанда, «Нұрқасқа» өзгелерден оқ бойы озық шықса, «Өмірқасқа» үшінші орынды қанжығасына салды. Қармақшылық «Үміт» екінші болып бағындырды.
Аламан бәйге өте тартысты өтті. Бұл додада 22 шақырымда 17 шабандоз бақ сынасты. Додада екінші орынды қазалылық Мархабат Күнтуовтың «Абыройы» еншілесе, үшінші орын Қызылорда қаласынан қатысқан Киікбаевтардың «Сұңқарына» бұйырды.
Бәйге қорытындысымен бас жүлде қызылжарлық Байназар Берекетовтің «Золотой» атты сәйгүлігіне бұйырды. Бәйгенің бас жүлдесін Арал ауданының әкімі Серік Сахитжанұлы табыс етті.