Семейдегі Шәкәрім университетінің ұжымы Ғылым және білім министрлігінің бұйрығын өзгертуді сұрап отыр.
Семейдегі Шәкәрім университетінің ұжымы министрдің бұйрығына қарсы шықты
1,438
оқылды

Кеше аталған оқу орнының оқытушы-профессорлар құрамы мен студенттер әлеуметтік желі арқылы бейнеүндеу жариялап, өз қарсылықтарын білдірген болатын. Олардың айтуынша, Шәкәрім университетінің ректоры – басқарма төрағасы Бауыржан Ердембековті орнынан алу жөнінде Ғылым және білім министрі Саясат Нұрбектің бұйрығы келген.

«Шәкәрім шаңырағы неге осындай эксперименттерге түсе береді? Біздің жазығымыз не? Ұжымның жазығы не? Неге мұндай әділетсіздік жасалады? Министр осы жөнінде бізге түсініктеме берсе дейміз. Бұйрықты таныстыруға министрліктің бірде-бір өкілінің келмеуі, оны оқып таныстырып бермеуі, себептерін айтпауы ұжымның беделіне зор нұқсан келтіреді. Бұл ұжымды елемегендік, ескермегендік, сыйламағандық деп білеміз. Сондықтан министрдің бұйрығы қайта қаралса екен, өзінің күшін жойса екен деген ұсынысымыз бар», деген болатын кеше ұжым атынан үндеу жолдаған филология ғылымдарының докторы Арап Еспенбетов.

Университет ұжымының үндеуінен кейін көп өтпей Семейге Ғылым және білім министрінің орынбасары Талғат Ешенқұлов келді. «Бұл – жалғыз акционер Білім және ғылым министрлігінің шешімі. Бұйрық ректорларды тағайындау жөніндегі республикалық комиссиясының 13 ақпандағы хаттамасына негізделген» деп түсіндірді ол министрліктің шешімін. 

Алайда университет ұжымы министрліктің бұл жауабына қанағаттанбайтындықтарын жеткізді. «Өкінішке қарай, вице-министр университет ұжымының «Ректорымызды не үшін босатты?» деген сұрағына мардымды жауап бере алмады. Шешім 4 ай бұрын шықса, осы уақытқа дейін олар қайда қараған? Әдетте ректорды жұмыстан босатар кезде бір ай бұрын ескерту қағазы келуге тиіс. Бірақ мұндай дүние болған жоқ. Кешегі төтеннен келген бұйрықты өзгерту керек. Біз ректорымыз Бауыржан Ердембековті 8 айға қалдыруды сұрадық. Өйткені ол кісінің 8 ай мерзімі қалған болатын. Арғы жағын уақыт көрсетеді. Президенттің атына ашық хат дайындалды. Оған бүкіл ұжым қол қойған. Талғат Ешенқұловқа осы тілегімізді министрге жеткізуін өтіндік»,  дейді осы университетте 1982 жылдан бері жұмыс істейтін, осындағы Инженерлік-технологиялық факультетінің профессоры Құмарбек Жүнісбекұлы.

Айта кетейік, Бауыржан Ердембеков 2021 жылдың  ақпан айында Шәкәрім университетінің ректоры қызметіне кіріскен болатын.