Ермұрат Бапи «Халық банкінен» ұлттық қордан бөлінген триллиондарды қалай жұмсағаны жөнінде есеп беруді талап етті.
Мәжіліс депутаты «Халық банкінің» өз акционерлеріне дивиденд төлеу туралы шешіміне наразылық білдірді
3,709
оқылды

Депутат Ермұрат Бапи «Қазақстан Халық банкінің» өз акционерлеріне 277 млрд теңге көлемінде дивиденд төлеу туралы шешіміне наразылық білдірді. Сондай-ақ ол аталған банк Ұлттық қордан бөлінген триллиондарды қалай жұмсағаны жөнінде Парламентке есеп бермейінше мұндай төлемдерге тыйым салуды талап етті.

Депутат, 2017-2021 жылдары экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей нұсқауы мен қолдауы бойынша, ҚР Үкіметі республика банкі секторына орасан зор қаржылық көмек көрсеткенін еске салды. Триллион теңгемен өлшенетін көмек болашақ ұрпаққа деп белгіленген Ұлттық қордың есебінен берілді. Яғни, банктерді «сауықтыруға» халықтың ортақ қазыналық қаржысы жұмсалды. 

«Халық есебінен майшелпекке батқан банкілер: «Жусан банкпен» біріккен АТФ-Банк пен «Цесна банк», «Халық банк», «Евразиялық банк», Банк «Центркредит», «Нурбанк» және «РБК банкі» (РБК бізге түсінікті – оның 100% акциясы «Бәйтерек» арқылы үкіметтің иелігінде). 

2017 жылдан бері тағы да мүдделі кланның команда беруімен банкілердің бірін екіншісіне қосуға арналған көптеген транзакциялар жасалып, нәтижесінде бір отбасы бірнеше банкті толығымен «жұтып қойды». Бұның ақыры экс-президенттің қоры мен «Жусан банкке» байланысты әлемдік шырғалаңмен аяқталды. Дәлірек айтқанда, бұл жанжал әлі біткен жоқ, ел азаматтары мен Мәжіліс депутаттары болашақта бұл афераның анық-қанығын анықтауы тиіс», – деді Мәжіліс депутаты.

Е.Бапи Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматовқа Ұлттық қордан миллиардтаған доллар көмек алған банктер халықтың қарызын қайтармай тұрып, неліктен дивиденд төлейтінін түсіндіруді сұрады. Депутаттың сөзінше, маусым айында  «Халық банкі» өз акционерлеріне дивиденд ретінде жарты миллиард долларға жуық ақша төлемек. 

Сондай-ақ ол «Халық банкінің» 56,39% акциясы «Алмэкс» компаниялар тобы арқылы Динара және Тимур Құлыбаевтардың. ал 23,13 %-ы The Bank of New York-қа тиесілі екенін атап өтті.

Осы ретте Мәжіліс депутаты Ұлттық банк Төрағасынан мынадай сауалдарға жауап беруді сұрады.

«Құрметті Ұлттық Банк төрағасы!

Ұлттық қордың алдындағы қарызын қайтармаған «Халық банкінің» бұл 554 миллиард теңге «таза пайдасы» қайдан және қалай пайда болды?

«Халық банк» және халықтың есебінен көмек алған басқа банктер Ұлттық қордың алдындағы қарызын халыққа қайтармай тұрып, дивиденд төлеу практикасын сіз қалай түсіндіресіз?

Өткен алты жылда және қай жылдары қай банк, оның ішінде «Халық банкі» бар, Ұлттық қордың қанша қарызын қайтарды? 

Осыған байланысты мен Мәжіліс депутаттарын «Халық банкі» мен ҚР Ұлттық Банкінің есебін тыңдауға шақырамын. Бұл фининституттар Мәжілістің алдында есеп бергенге дейін дивиденттер төлеуді тоқтататын құжат қабылдауды ұсынамын», – деп түйіндеді ол.