Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен өткен Палата Бюросының оты­рысында 18 мамыр күні болатын жал­пы отырыстың күн тәртібі бекітілді.
Атырауда көшпелі отырыс өтеді
840
оқылды

Алдағы Сенат отырысында депутаттар «Еура­зия­лық экономикалық одақ шеңберінде кредиттік тарихтың құрамына кіретін мәліметтер алмасу тәртібі туралы келісімді ратификациялау туралы» заң­ды қарайды. Бұл құжат Еуразиялық экономика­лық одақ аясында несие тарихы жөніндегі мәлі­меттерді трансшекаралық алмасу үшін жағдай жасауды көздейді.

Палата отырысында «Орталық Азия өңірлік экономикалық ынтымақтастығы институтын құру туралы келісімді ратификациялау туралы» заң да қаралады. Келісім бірлескен немесе ұжымдық жобаларды іске асыру және ғылыми зерттеулердің деректері мен нәтижелерін кеңінен тарату арқылы Институтқа мүше елдердің ғылыми зерттеулері мен өзара іс-қимылының тиімділігін қамтамасыз етуге бағытталған.

Сонымен қатар Бюро отырысында Сенаттың осы аптаға арналған іс-шаралар жоспары талқы­ланды. Атап айтқанда, «Қазақстан Республикасы Пре­зидентінің VIII шақырылымдағы Парламенттің I сессиясының ашылуында берілген тапсырмаларын іске асыру шеңберінде азаматтардың білікті заң көмегіне конституциялық құқығы: жай-күйі мен болашағы» тақырыбында дөңгелек үстел өткізу мәселесі сөз болды.

Одан бөлек, сенаторлар осы аптада Атырау об­лысында VIII шақырылымдағы Парламенттің І сес­сия­сының ашылуында Мемлекет басшысы жүктеген міндеттер аясында өңдеуші өнеркәсіпті экономиканың негізгі саласы ретінде дамыту мәселелері жөнінде көшпелі отырыс өткізеді.

«Өңдеу өнеркәсібін дамыту – еліміздің алдында тұрған стратегиялық мақсаттардың бірі. Президент атап өткендей, Қазақстан экономикасы әлі күнге дейін пайдалы қазбаларға тәуелді болып отыр. Бұл ретте пайдалы қазбаны қайта өндеп, ішкі және әлемдік нарықта сұранысқа ие, құны жоғары сапалы өнім етіп шығарудың маңызы зор. Бәсекеге қабілетті өнім шығару үшін инновация мен озық техно­логияларға ерекше көңіл бөлген жөн. Көшпелі отырыс кезінде сенаторлар осы мәселені оң шешуге арналған құқықтық база қалыптастыруға ықпал ететін ұсы­ныстар әзірлейді деп сенемін», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сондай-ақ отырыста Жергілікті өкілді орган­дармен өзара іс-қимыл жасау жөніндегі кеңестің жұмысы талқыланды және Мәжілістен келіп түскен заңдар Сенаттың тұрақты комитеттеріне бөлініп берілді.