Ерлан Қошановтың төрағалығымен Мәжіліс отырысы өтіп, ұлттық қауіпсіздікті қам­тамасыз ету туралы заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.
Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етеді
1,267
оқылды

Түзетулер арнайы мемлекеттік органдарда қызмет ету мәселелерін де реттейді. Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы Айгүл Құспанның айтуын­ша, 2 кодекс пен 11 заңға түзетулер енгізіледі.

«Заң жобасы қорғаныс-өнеркәсіптік кешен ұйымдарын, оларды жекешелендірілген күннің өзінде, стратегиялық объектілер қатарына жатқызу­ды, сондай-ақ қорғаныс және қауіпсіздік мұқтажы үшін қажетті тауарлар мен қызметтерді сатып алу кезінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін бол­дыр­мауды көздейді. Арнаулы мемлекеттік органдарда қызметтік тәртіп үшін жауапкершілікті тек жеке-дара бірінші басшыларға ғана емес, барша бөлімше басшысына жүктеу ұсынылады», – деді А.Құспан.

Сондай-ақ Мәжіліс Үкімет пен Жоғарғы ауди­торлық палатаның 2022 жылға арналған респуб­ликалық бюджеттің атқарылуы туралы есебін және жаңа заң жобаларын жұмысқа қабылдады. Олар –онлайн-платформалар мен онлайн-жарнама ту­ралы түзетулер мен Еуразиялық қайта сақтандыру компа­ния­сын құру туралы ратификациялық келісім.

Сонымен қатар ақылы көлік тұрақтарын қада­ғалай­­тын мемлекеттік операторды құру мүмкіндігін қарас­тыру туралы Мәжіліс депутаты Самат Нұртаза Үкімет басшысының бірінші орынбасары Роман Склярдың атына сауал жолдады. 

«Қазіргі кезде еліміздің ірі қалаларында ақылы көлік тұрақтары қаптап кетті. Бастапқыда аталған көлік тұрақтары көшелердегі көлік ретсіздігін шешуге бағыт­талғанымен, түптеп келгенде мәселе шешілмеді, керісін­ше әлеуметтік наразылыққа негіз болар сұрақтар бар. Біріншіден, автотұрақтарды орналастыру мәселесіне тоқталсам, іс жүзінде мегаполистердегі бұл нарықты бірнеше оператор монополияландырып алған. Олар алғашында адам көп баратын орталық және іскерлік аудандарда ақылы тұрақтарды аша бастады. Алайда 2021 жылы тек Астана қаласында ақылы тұрақ­тар саны 20 есеге артқан. Ақылы автотұрақтарға ком­мерциялық ор­талық­тар, қоғамдық орындар, сондай-ақ құрылыс нор­ма­лары мен қағидаларды бұза отырып, әлеумет­тік объектілерге келетіндерге арналған жерлер берілді. Тұрғындары тиісті кондоминиум рәсімдеп үлгермеген тұрғын алаптары мен аудан­дарда да ақылы тұрақтар пайда бола бастады», – деді С. Нұртаза. 

Осы айтылған жағдайға қатысты ақылы авто­тұрақ­тарды көлік ең көп жиналатын жерлерде ғана қалдырып, олардың санын қайта қарап, қысқарту ұсынылды.

 «Ақылы көлік тұрақтарын қадағалайтын мемле­кеттік операторды құру мүмкіндігін қарастыру немесе мемлекет пен жекеменшік сектордың серік­тестігі туралы шарттардың талаптарын қайта қарап, жекемен­шік серіктестерге берілген аумақ­тарды күтіп ұстау қызметін жүктеу өзекті. Жеке адамдар мен ақылы автотұрақтардың жеке­меншік операторы арасындағы шарт талаптарын бұзғаны үшін айып­пұл өндіру рәсіміне құқықтық баға берілуін сұрай­мыз», – деді С. Нұртаза.

Ал Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек жер саласындағы сыбайлас жемқорлықпен күрестің жаңа тәсілдерін енгізуді ұсынды. 

«Жер реформасын бастау және негізгі бағыты ретінде жер саласын­дағы олигополиядан шынайы арылу керек. Жер саласындағы монополиялардың қалыптасуына құқықтық жолмен тойтарыс беруіміз қажет. Ауыл шаруашылығы жерлеріне заңсыз ие бол­ғандар оны игермей, дереу сатуға, не банкке ке­пілге қоюға тырысатын. Екі ортада сыбайлас жемқорлықтан қарапайым халық және мемлекеттің мүддесі зардап шегеді. Сондықтан, алдағы уақытта жер саласында халық үшін түбегейлі реформа қажет. Реформаның негізгі мақсаты халықтың жер қаты­нас­­тарында құқықтарын күшейту және мемлекеттік қорғау болу керек», – деді Б. Базарбек Мәжілістің жалпы отыры­сында Премьер-Минис­тр­дің орын­басары - Сауда және интеграция минис­трі Серік Жұман­ғариннің атына жолдаған са­уалында.

Оның пайымынша, жер кадастрының және ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер иелері аты-жөн­дерінің ашықтығын қамтамасыз ету қажет. Мыңдаған гектар жердің иелерін жариялау керек.

 «Екіншіден, жерге бақылау жасайтын мем­лекеттік орган әкімге де, ауыл шаруашылығы ми­нистрлігіне де бағынбайтын, Үкімет құрамына кіретін дербес орган – жер ресурстарын басқару агенттігін құру мыңызды. Үшіншіден, мемлекеттік жер кадастрын бір қолға, яғни цифрлық даму ми­нистрлігінен жер ресурстарын басқару агенттігіне беру қажет», – деді депутат.