Елордада тұңғыш рет өткі­зіл­ген Әлихан Мақсұт атындағы «RoboZerde–2023» І қалалық робототехника фестивалінің жеңімпаздары анықталды.
Дарынды балаларға арналған фестиваль
979
оқылды

Шараны Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, №9 «Зерде» мамандандырылған мектебі, «Роботек» робототехника мектебі және Әлихан Мақсұт атындағы да­рынды балаларды қолдау қоры бірле­сіп ұйымдастырды. 

Фестивальдың ашылу және жа­былу салтанатына Оқу-ағарту минис­трлігінің өкілдері, Парламент Мәжі­лісінің депутаттары, Астана қаласы әкімдігі Білім басқармасының бас­шысы, ғалымдар, қоғам қайраткерлері қатысты. Фестивальдың басты мақса­ты – өмірден ерте озған дарынды оқу­шы, физика, робототехника сала­лары бойынша республикалық, ха­лық­аралық пәндік олимпиадалар мен ғылыми жобалардың бірнеше дүркін жеңімпазы, жас ақын Әлихан Серік­затұлының ғибратты ғұмырын мектеп оқушыларына үлгі ете оты­рып, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Жолдауларында айтылған елімізге қажетті болашақ техник мамандарды дайындауға қол­дау көрсету, оқушылардың жасаған инновациялық жобаларын, өнер­табыстарын БАҚ және әлеуметтік желі арқылы халыққа кеңінен наси­хаттау. 

Фестиваль белгілі кинорежиссер Мұрат Есжан түсірген «Әлиханның арманы» деректі фильмінің тұсау­кесері­мен ашылды. Шараның «РобоСпорт» бағыты ЕҰУ University sports centre спорттық-сауықтыру кеше­нінде, «Шығармашылық жоба» бағыты «Күлтегін» атриумында өтті. Әрбір оқушы робототехника сала­сында жаңа белестерге жетіп, осы салада өзін көрсете алатын зор мүм­кіндік алды.

– Аққан судай, соққан желдей заулап Әлихан Мақсұт атындағы «RoboZerde–2023» І қалалық робото­техника фестивалі де өтті. 40 мектеп­тен 150-ге жуық талантты оқушы қа­тысты. Алла қаласа, бұл жарыс келе­сі жылдан бастап республикалық деңгейде дәстүрлі түрде өтетін бола­ды. Ұрпақтың қамын бірге ойлап, елімізді бірге дамытайық. Қазақ­станы­мыз ғылым мен технологиясы қарыштап дамыған әлемдегі ең өрке­ниетті елге айналғанын көру барша­мызға нәсіп болсын, – дейді Серікзат Дүйсенғазы. 

К.ЕСІМ