Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қазақстан Рес­пуб­ликасы Қауіпсіздік Кеңесінің отырысы өтті. Жиында экология және су қауіпсіздігі мә­селелері қарастырылды.
Халықты ауызсумен қамтамасыз ету – басты мақсат
1,371
оқылды

Экология және табиғи ре­сурс­­тар министрі Зүл­фия Сү­лей­менова экологиялық қауіп­сіз­діктің жай-күйі жөнінде баян­дама жасады. Сондай-ақ бір­­қатар мемлекеттік орган бас­шы­лары мен өңір әкімдері жеке­леген мәселелер бойынша есеп берді.

Президент отырыс барысында экологиялық қауіп­сіздікке қатер төндіретін табиғи және антро­по­гендік факторларға қарсы күрес аса маңызды еке­нін атап өтті.

– Соңғы жылдары көптеген елдің үкіметтерінің бел­сенділігі артты. Экологияны жақсарту, «жа­сыл» экономикаға көшу және көмірсутегі бей­тарап­тығына қол жеткізу үшін батыл шешімдер қа­былданып жатыр. Ұрпағымыздың дені сау бо­лып, ауасы таза елде өмір сүргіміз келсе және мем­лекетімізді бүкіл әлем мойындағанын қала­сақ, біз олардан үлгі алуымыз керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы экология саласында шұ­ғыл шешім қабылдауды қажет ететін проб­ле­ма­лар­ға баса назар аударды.

– Кеңес кезеңінен келе жатқан көптеген өн­ді­ріс орны, көмір жағатын электр станциялары мен қазандықтар экологиялық ахуалдың нашар­лауы­на әкеп соқтырды, – деді Президент.

Бұдан бөлек, жиында қоршаған ортаны қор­ғауға үлкен жауапкершілікпен қарау жөнінде бір­қатар мәселе көтерілді.

Президент облыстар мен республикалық маңызы бар қалалар басшыларының назарын рұқ­сат етілмеген жерлердегі қоқыстарды жою жә­не қоқыс өңдеу көрсеткіштерінің төмен екені­не аударды.

Қасым-Жомарт Тоқаев күн тәртібіндегі мә­се­лелерді қарастыру нәтижесінде Үкіметке ұлттық эко­логиялық стандарттарды әлемдік стандарт­тар­ға сәйкестендіру, өндіріс орындарының зиян­ды шығарындыларын азайту, қатты тұрмыстық қал­дықтарды қайта өңдеу, рұқсат етілмеген жер­лердегі қоқыстарды жою және эрозияға ұшыраған жер­лерді қайта қалпына келтіру жөнінде бірқатар тап­сырма берді.

Қарағанды облысы Шет ауданындағы егістік ал­қаптарын қалпына келтіріп, мал шаруашылығын дамытуға қатысты пилоттық жобаның жүзеге асы­рылу тәжірибесін еліміздің өзге өңірлерінде қол­дану мақсатында жан-жақты зерттеуге тап­сырма берілді.

Жиын барысында су қауіпсіздігі саласындағы қауіп-қатер деңгейінің артып келе жатқаны атап өтілді.

Мемлекет басшысы экономиканың барлық са­ласында, әсіресе агроөнеркәсіп кешенінде суды үнем­ді пайдалану және су шығынын азайту үшін жүйелі тәсілдер қажет екеніне тоқталды. Себебі тоған­дардың және су ресурстары шығынының негізгі бөлігі осы ауыл шаруашылығы саласына тие­сілі.

Су үнемдейтін технологияны енгізу және суды тиім­ді тұтынуды экономикалық тұрғыда ынта­лан­дыру шараларын дамытумен қатар, су шаруа­шылығы инфрақұрылымын, атап айтқанда, суды пайдалану мөлшерін есептеу, мониторинг жүргізу және болжам жасау ісін цифрландырудың өзекті­лігі артып келеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев су шаруашылығы ны­сан­дары жұмысының тиімділігін және бөлінетін қар­жыны жұмсаудың ашықтығы мен нәтижел­і­лі­гін арттыру мәселелеріне ерекше назар аударды.

Президент Үкіметке экология мен су сала­ла­рын­­дағы ғылыми және кадрлық әлеуетті кү­шейту үшін шаралар қабылдауды тапсырды. 2030 жылға дейін кезеңде су ресурстарын бағалау саласында мақ­сатты ғылыми-зерттеу жобалары жүзеге асы­ры­лады. Оның нәтижесі су саласын басқаруда ес­кері­леді.

Мемлекет басшысы күн тәртібіндегі екінші мә­селені талқылау нәтижесінде сапалы ауызсудың қол­жетімді болуы су қауіпсіздігінің басты көр­сет­кіші екенін атап өтті.

– Халықты ауызсумен қамтамасыз ету және су қорын келешек ұрпаққа сақтау үшін жан-жақ­ты шаралар қабылдау – біздің тікелей міндетіміз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Жиын соңында уәкілетті мемлекеттік ор­ган­дарға ұлттық қауіпсіздіктің ең маңызды бағыты са­налатын су қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнін­де бірқатар тапсырма берілді.