Шымкентте «Айбын – 2023» әскери-патриоттық жастар жиынының қалалық кезеңі бойынша мектеп оқушылары арасында әскери ойын түрлерінен іріктеу жарысы өтті.
Жас сарбаздар іріктелді
1,323
оқылды

Шараға аудандық іріктеуден өткен  120 жас сарбаздан құралған 8 команда өзара бақ сынасты. Сәуір айынан бастау алған бұл сайыста мектепішілік 30 мыңға жуық оқушы,  бөліктік сайыстарда 12 мыңға жуық, аудандық сайыстарға 3 500-дей бала іріктелген болатын. 

Салтанатты ашылу рәсімі бүлдіршіндер командасының өнерімен басталды. Қалалық Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы, полковник Әбдіғабит Шегебаев және қалалық  Қарулы Күштер  мен жергілікті соғыс ардагерлері, қалалық Білім басқармасынан келген өкілдер қатысушыларға сәттілік тіледі.  Одан соң  жас сарбаздар әскери ойынның түрлері бойынша өзара бақ сынауға кірісті.

Әскери-патриоттық сайыс барысында жас сарбаздар АК-74 оқу қаруын жартылай бөлшектеу мен жинақтау, пневматикалық винтовкадан жатып ату, жалпы қорғаныс киімін уақытқа кию, әскерилендірілген эстафета, кермеде тартылу, шалқалап жатып денені көтеру, арқан тарту кезеңдері бойынша сынға түсті.

Айта кетейік, 7 кезеңнен тұратын сайыста ең жоғары нәтиже көрсеткен жас сарбаздар маусым айында Қарағанды облысы  Спасск қаласында өтетін республикалық «Айбын – 2023» әскери-патриоттық жастар жиынына қатысатын болады.

Сайыс қорытындысы бойынша, бас жүлдені Еңбекші ауданынан Бауыржан Тасқұрмановтың жетекшілігімен дайындалған команда иеленсе, І орынды Тұран ауданының командасы,  ІІ орынды әл-Фараби ауданының командасы және ІІІ орынды Қаратау ауданының командасы жеңіп алды.

Назгүл НАЗАРБЕК,

Шымкент қаласы