«AMANAT» хатшысы Дәулет Кәрібек «Құқықтық көмек» жобасы қазақстандықтарға тегін кәсіби құқықтық көмек көрсетуге бағытталғанын атап өтті.
Кәсіби заңгерлер «AMANAT» партиясының «Құқықтық көмек» жобасы аясында азаматтарға тегін кеңес береді
1,204
оқылды

Халықтың құқығын қорғауды көздейтін «Құқықтық көмек» партиялық жобасы серпінді дамып келеді. Бүгін «AMANAT»-тың Орталық аппаратында заң сарапшылары мен партияның қоғамдық қабылдауларының бірлесіп жұмыс істеуіне мүмкіндік беретін екіжақты ынтымақтастық туралы бірқатар меморандумға қол қойылды.

«AMANAT» хатшысы Дәулет Кәрібек «Құқықтық көмек» жобасы қазақстандықтарға тегін кәсіби құқықтық көмек көрсетуге бағытталғанын атап өтті.

«Сарапшылармен бірге көпбалалы отбасыларға, аз қамтылған адамдарға, сондай-ақ алимент өндіріп алу, зейнетақы мен жәрдемақы тағайындау мәселелері бойынша жүгінген азаматтарға білікті заң көмегін көрсетеміз. Сотқа дейінгі іс жүргізуден бастап сот шешіміне дейін өтініш білдірген азаматтардың мүддесін қорғауды жоспарлап отырмыз. Осы орайда біз заңгер кеңесіне мұқтаж әрбір адамға тегін көмек көрсетілуі үшін бірқатар республикалық ұйымдармен меморандум жасасамыз. Партияның облыстық филиалдарында аптасына екі рет қабылдау өткізіледі. Осылайша, қоғамда құқықтық мәдениетті арттыру жұмысы жүйелі жолға қойылады», – деді ол.

Сондай-ақ  партия хатшысы «Құқықтық көмек» жобасы заңда жиі кездесетін қарама-қайшылықтарды анықтауға мүмкіндік беретінін айтты. Тиісті талдау нәтижелері қолданыстағы заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізу мүмкіндігін қарастыру үшін ай сайын Мәжілістегі «AMANAT» фракциясына жолданып отырады.

Осылайша, Республикалық нотариаттық палатамен, Республикалық адвокаттар алқасымен, Республикалық заң консультанттары алқасымен және  International Mediation Centre  РҚБ-мен меморандум жасалды.

Жыл соңына дейін «Құқықтық көмек» жобасы аясында аталған ұйымдардың заң консультанттарымен бірлесіп, 1 000-нан астам қабылдау өткізу, оның ішінде жергілікті жерде азаматтарға заңгерлік көмек көрсету үшін 350-ге жуық шалғайдағы ауылдық елді мекенді қамту жоспарланып отыр. Бұл – түсіндіру жұмысын жүргізу, дау-дамайларды реттеудің баламалы тәсілдері (медиация) бойынша кеңес беру, мүлік бойынша келісім жасау кезінде кеңес беру, талап қою мәселелері бойынша көмек көрсету, сотта мүдделерді қорғау, еңбек дауы бойынша кеңес беру, әлеуметтік жағдайы төмен азаматтар мен өмірдің қиын жағдайына тап болған адамдарға құқықтық көмек көрсету және тағы басқалар.

Еске сала кетейік, биыл қаңтарда «Құқықтық көмек» жобасы аясында азаматтарды қабылдау алғаш рет Атырау облысында өтті. Белгілі құқық қорғаушы, қазіргі Мәжіліс депутаты Абзал Құспан бастаған бір топ заңгер Индербор, Мақат аудандары мен Құлсары, Атырау қалаларында болды.