Күдікті 44 жастағы еркек қазір қамауда.
Алматы облысында 8 жасар қызға көршісі бір жыл бойы азғындық әрекет жасаған
1,801
оқылды

Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданындағы Көктөбе ауылында 8 жастағы қызға 44 жастағы көршісі бір жыл бойы жыныстық сипаттағы әрекеттер жасаған. Ауылдағы сұмдық жағдайдың мән-жайын Sputnik Қазақстан тілшісі біліп қайтты.

Азғындық әрекет өткен жылдың жазынан бері жалғасып келген. Sputnik Қазақстан тілшісіне жеткіншектің әжесі оқиғаны түгел баяндап берді.

«Көрші тұратын ер адам үйдегі телефонға хабарласып, немереңізді жіберіңіз, алма беремін деді. Немерем жалғыз барғысы келмеді. Қасына інісін ертіп алды. Сөйтсе ана көршім ініңді тастап, өзің кел депті. Немерем жылап келді. Артынан көршім жанталасып жүгіріп келді. Мен есікті жауып алдым. Бір сұмдықтың болғанын сездім, – дейді жеткіншектің әжесі.

Қыздан мән-жайды сұраған әжесінің төбесінен жай түскендей болған.

Өткен жылдың жазынан бері төрт рет осылай қызыма қиянат жасаған. Үйіне ойнауға барғанда бұрыш-бұрыш, қуыс-қуысқа кіргізіп алып, шалбарын тізесіне дейін шешіп, қызыма тиіскен. Бұл істі текке қалдырмаймын. Немеремді ары кетсе бір сағатқа ғана ойнауға жіберемін, артынан аңдып жүремін. Көршілерім «бір үйдің адамымыз ғой, ойнай берсін» деп тіпті ренжитін. Егер заң жүзінде жазасын алмаса, өз қолымызбен шара қолданамыз», – дейді әжесі.

Екі көрші 15 жылдай қатар тұрады. Бір-бірімен туыстан артық сыйласқан. Олардың мәселесін бейбіт жолмен шешпек болып, көршілер күдіктінің үйіне барған.

«Күдікті 44 жастағы еркек. Жұмыс істемейді. Әке-шешесі базарға саудаға, әйелі жұмысқа, балалары сабаққа кетеді. Үйінде үнемі жалғыз қалады. Тымырайып, өмірі сөйлемейтін, бұйығы адам. Күдіктінің бақша жағынан оқушылар күнделікті сабаққа барады. Басқа балаға осылай істемесіне кім кепіл? Көршілер жиналып барып едік, боқтап қуды. Біз «педофил ауылдан көшсін» деп талап етеміз, бір күн де тұрмасын. Кетсін. Ұлтараздық қақтығыс тудырып отырған жоқпыз, біз педофилдің ауылымызда тұрғанына қарсымыз», – дейді жәбірленуші мен күдіктінің көршісі Сәуле Әбдіғаниева.

Жәбірленген отбасыны көршілері жақсы жандар деп мақтап отыр. Жеткіншек қыз мектепте өте жақсы деген бағаға оқиды, озаттар тақтасына фотосы да ілінген.

«Оқушымның жағдайын естігенде талып түсе жаздадым. Ол өте тәртіпті, көшбасшы, сабақты өте жақсы оқиды. Бір де бір рет тосын мінезін байқамадым, тіпті қабағы түскенін де көрмедім», – дейді сынып жетекші Зарина Мұзбаева.

Ал жеткіншекпен жұмыс істеп жатқан психологтар таңғалғандарын айтады.

«Бала өте ұстамды түрде оқиғаны түгел баяндап беріп отыр. Еш үркіп, қорқып, шошып отырған жоқ. Мінезі сондай бірқалыпты. Ешбір эмоция жоқ. Әлі күнге бәріміз таңғалып отырмыз, қалыпты жағдай сияқты баяндайды, мүмкін балалығы да шығар, әлде мүлдем түсінбей отыр не жағдай болғанын. Кез келген тергеу сұрақтарына да еш қорықпастан бәрін айтып отыр. Біз 10 мамырдан бері баланың қасындамыз, тергеу кезінде балаға қысым жасалмасын деп барынша қадағалап жүрміз», – дейді психолог Жадыра Әбілдаева.

Қазіргі күні күдікті тергеу абақтысында отыр.

«11 мамырда Еңбекшіқазақ ауданының ПБ Көктөбе-1 ауылының 57 жастағы тұрғыны көршісіне қатысты шаралар қабылдау туралы өтініш білдірді. Немересінің айтуы бойынша 1979 жылы туған көршісі 2022 жылдан бері жыныстық сипаттағы әрекеттерді жасаған», – дейді Алматы облыстық ПД баспасөз қызметі.

Бұл факт ҚР ҚК 121-бабы 4-бөлігі бойынша аудандық полицияда тіркелді. Бірқатар сот-медициналық сараптама жасалады. Қажетті тергеу әрекеттері жүргізіледі.

Полицияның мәліметінше, істі дұрыс шешу үшін қажетті және жеткілікті мән-жайларды зерттеудің жан-жақтылығы, толықтығы мен объективтілігі үшін тараптардың дәлелдері тексеріледі.