Туристер экскурсияда бірден екі алып кәсіпорын – Павлодар алюминий және Қазақстан электролиз зауыттарының жұмысымен таныса алады.
Отандық туризм тарихындағы жаңа тарау: ERG өндірістік турдың жаңа бағытын ашты
1,214
оқылды

17 мамырдан бастап қазақстандықтар Eurasian Resources Group-тың Павлодарда орналасқан алюминий дивизионына саяхаттап барып, оның жұмысымен жақынырақ таныса алады. ERG-дің өндірістік турының жаңа бағыты Павлодар алюминий зауыты («Қазақстан алюминийі» АҚ) мен Қазақстан электролиз зауытын қамтиды. 

Қазақстандағы алғашқы өндірістік турды ERG 2021 жылы ашқан болатын. Ол кезде  тур қатысушылары Ақтөбе ферроқорытпа зауытына барып, өнеркәсіп пен өндірісті өз көздерімен көріп қайтты. Бұл жолы компания саяхаттың жаңа бағыты ретінде Павлодардағы кәсіпорындарды таңдады. Туристер экскурсияда бірден екі алып кәсіпорын – Павлодар  алюминий және Қазақстан электролиз зауыттарының жұмысымен таныса алады. Өндірістік турға ресми сайтта өтінім қалдырып, тіркелуге болады.

Негізінен мұндай кәсіпорындар стратегиялық нысан мәртебесі мен қауіпсіздік шараларын сақтау мақсатында келушілерді көп қабылдай қоймады. Ал ERG ашықтық пен қауіпсіздік саясатын басшылыққа ала отырып, өз кәсіпорындарына туристік саяхат ұйымдастыруға шешім қабылдады. Осылайша, қоғамда қалыптасқан кейбір жаңсақ пікір мен жалған ақпаратты жоққа шығаруға ұмтылмақ. Сондай-ақ, бұл осы салаға қызығушылығы бар жандарға ауыр өнеркәсіптің тыныс-тіршілігімен танысып, отандық алюминийдің қалай өндірілетінін өз көзімен көруге мүмкіндік береді. 

– Бұл алюминий өндірісінің үлкен технологиялық тізбегін көрудің таптырмас мүмкіндігі және өндіріс ауқымы кез келгенді бей-жай қалдырмасына сенімдімін. Біздің зауыттар – отандық металлургияның көшбасшылары. Біздің басқа да мақтан тұтарлық жетістіктеріміз мол. Туристік бағыт – глинозем мен алюминий өндірісінің бүкіл процесін кең аудиторияға оның түрлі кезеңде жұмыс қалай атқарылатынын көрсетудің тамаша мүмкіндігі. Экскурсия бағдарламасы қызықты мәліметтерге толы және осы күрделі процестің толық көрінісін көзбен көріп, бағалауға жол ашады. Өз жұмысымызда қандай қағидаларды негізге алатынымызды көрсетуге және баршаны қызықтыратын сұрақтарға жауап беруге дайынбыз, - деп атап өтті «Алюминий» дивизионының бас операциялық директоры Владимир Красноярский.

ERG ұйымдастырып отырған туристік бағыт әртүрлі мақсатты аудиторияға арналған және айына екі рет 15 адамнан қабылдайды деп жоспарланып отыр. Ресми сайтта ERG өнеркәсіп кәсіпорындарымен виртуалды түрде алдын ала танысуға болады. Алайда, ол өз көзіңмен көргендей әсер бермейтіні белгілі.

Ерекше турдың алғашқы қатысушылары республикалық және өңірлік БАҚ өкілдері. Туристердің әр минуты санаулы, себебі бір күнде екі кәсіпорынды аралап үлгеруі қажет. Келушілерге Павлодар алюминий зауытындағы жүк көтерімділігі 90 тоннадан асатын алып тау-кен техникалары, 600 мың тонна шикізатқа арналған қойма, жалыны 1 200 градусқа дейін қызатын айналмалы көлденең пештер және бірегей жеңді сүзгілер көрсетілді. Туристерді өнімділігі жылына 136 мың тонна күйдірілген анод пен температурасы 958°C дейінгі жоғары амперлі электролизерлер үлкен күйдіру пешінің ауқымы таңғалдырды. Сұйық алюминийді «құйма қалыптарға» құю сәті мен салмағы 20 кг болатын «қанатты» метал құймалар да тур қатысушыларының есінде ұзақ сақталары анық.