Қытай Халық Республикасына мемле­кеттік сапармен барған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинмен келіссөз жүргізді.
Сенімді қарым-қатынас жандана береді
1,427
оқылды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевты Құрмет қарауылы салтанатпен сап түзеп қарсы алды. Содан кейін екі ел басшылары бір-біріне ілтипат білдіріп, келіссөз залына қарай өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев ең алдымен мемле­кеттік сапармен келуге шақырып, құрметпен қарсы алғаны үшін ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин­ге шынайы ризашылығын білдірді. Сондай-ақ оны Қытай Халық Республикасының Төрағасы лауазымына қайта сайлануымен құттықтады.

– Қазақстан үшін Қытай Халық Республи­касының орны ерекше. Біздің ынтымақтас­тығымыз мызғымас достыққа және өзара қол­дауға негізделген. Екіжақты қарым-қатынасты жандандыру жолындағы мақсатымыз – ортақ. Аймақтық және халықаралық қауіпсіздікті, өзара ықпалдастықты нығайтуды көздейтін мұратымыз да бір. Біз үшін Қытаймен мәңгілік әрі жан-жақты стратегиялық әріптестікті одан әрі дамыту өте маңызды, – деді Мемлекет басшысы.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің өзара қарым-қатынасты дамытуға қосқан өлшеусіз үлесін жоғары бағалайтынын жеткізді. Сондай-ақ екі елдің ынтымақтастығын жаңа белеске көтеру үшін бар күш-жігерін жұмылдыруға дайын екенін атап өтіп, бүгінгі келіссөздер екіжақты ықпалдас­тыққа тың серпін беретініне сенім білдірді.

Өз кезегінде ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин Қасым-Жомарт Тоқаевқа қонақжайлық ілтипат білдіріп, 70 жас мерейтойымен құттықтады.

– Осындай айтулы күні Сіз Қытайға мем­ле­кеттік сапармен келіп отырсыз. Бұл біздің екі­жақты ынтымақтастығымыздың жоғары дең­гейде екенін көрсетеді және Қытаймен тығыз байланыстарыңызды тағы да растайды. Қытай мен Қазақстан қытай-қазақ қатынаста­рының жаңа «алтын 30 жылдығына» қадам басты. 

Біздің елдеріміз достық, өзара қолдау дәстүрін дамы­тып, тиімді ынтымақтастықты тереңдетуі қажет, – деді ҚХР Төрағасы.

Кездесу барысында тараптар екі елдің сауда-экономика, мұнай-газ, мұнай химиясы, энер­гетика, білім және ғылым, қаржы салаларындағы жан-жақты ынтымақтастығын дамыту, көлік-транзит әлеуетін арттыру мәселелерін талқы­лады. Сондай-ақ олар халықаралық және өңір­лік күн тәртібіндегі мәселелер жөнінде пікір алмасты.

Келіссөздерден кейін Қ.Тоқаев пен Си Цзиньпин Бірлескен мәлімдемеге қол қойды. Сондай-ақ екі ел делегациясы мүшелері­нің бірқатар маңызды құжатқа қол қою рәсімі өтті.