Сувон қаласындағы саяхатымызды аяқтап, Пусанға жүретін жүрдек пойызды күтіп тұрған кезімізде де осы туындыны еске алып, бір күліп алдық. Ұйымдастырушылар Пусанды бүкіл әлем бұл картинадан тыс танитын болады деп жатты. Өйткені 2030 жылы бұл қалада ашық теңіз үстінде әлемдік EXPO көрмеcі өтпекші.
ХХ ғасырдың басында Пусан көшелерінде электр энергиясы болмағандықтан, бумен жүретін трамвайлар адам тасыды дегенге сену қиын. Бүгінде мұнарасы бұлтпен таласқан биік ғимараттар, ұзын-сонар көпірлер, алуан түрлі тарихи және мәдени көрнекті орындар мен ескерткіштерге, бірегей қорықтар мен саябақтарға бай ірі мегополис. Жайлы ауа райы, субтропикалық климаты, экзотикалық жеміс-жидек, сусындарымен тартымды. Әлемдегі ең ірі базардың бірі – Жағалшыдан теңіз өнімдерінің түр-түрін табасыз. Жыл сайын туристердің көптеп келетіні соншалық, жергілікті халық бұл қаланы «Кореяның жазғы астанасы» атап кеткен.
Пусанда 3,5 миллионға жуық тұрғын бар, маңайындағы елді мекендерде халық саны 4 миллионнан асады. Қаладағы метроға күн сайын шамамен 1 миллионнан астам адам отырады. Пусан – халық саны бойынша да, экономикалық маңызы жөнінен де Кореяның Сеулден кейінгі екінші ірі қаласы. IT, электроника, кеме жасау және балық шаруашылығы белсенді дамып келе жатқан елдегі ең үлкен порты бар қала әрі іскерлік және курорттық орталық. Корея биржасы мен Халықаралық қаржы орталығы да осында орналасқан. Әртүрлі әлемдік спорттық және мәдени шаралар атқарудан тәжірибесі мол Пусан өз әлеуетін әлемге тағы бір мәрте таныту үшін енді EXPO көрмесін өткізуге ниетті. Бұл қала Рим (Италья), Одесса (Украина) және Эр-Риядпен (Сауд Арабиясы) бәсекеге түседі, басым түссе 2030 жылдың мамыр-қазан аралығында осы шараны өткізбек. Кербез мекенге келгендегі мақсатымыз – 2030 жылы өтетін World Expo Busan жоспарымен танысу еді. Пусан ұсынып отырған әлемдік көрменің тақырыбы – «Әлеміңді өзгерт, жақсы болашаққа қадам бас» (Transforming Our World, Navigating Toward a Better Future). Күн тәртібіне жаһандану, адамзаттың болашағы, климаттық өзгеріс, теңсіздік, жоғары технологиялардың мүмкіндігі мәселелері қойылмақ. EХPO көрмесін өткізу үшін жергілікті әкімдік қала портының солтүстік аумағына жеке инфрақұрылымы, павильондары, халықаралық сауда кеңселері, тұрғын үй және басқа да мәдени-спорттық кешендері бар жаңа қалашық тұрғызуды бастап кеткен. Әлбетте, Пусан көрме өткізу додасында жеңіске жетпегеннің өзінде бұл жобаның құрылысын толық аяқтайды, бұған сенім мол. Өйткені Корея өз тарихында аз уақыттың ішінде алпауыт елге айнала алды. Оңтүстік Кореяның президенті Юн Сок Ель: «2030 жылғы дүниежүзілік көрмеге арналған трансформация бағдарламамыз Кореяның соңғы тарихымен үндес. Біздің ұлт Корея соғысынан кейін өзін-өзі жетілдірудің шексіз қабілетін көрсете алды. Біз бірге заманауи өнеркәсіптік, технологиялық және мәдени орталық салдық. Бүкіл әлеммен өз тәжірибемізді бөлісуге ниеттіміз» деген болатын.
Ұйымдастыру комитетінің айтуынша, адамзаттың болашағы үшін жұмыла іс атқарудың және кез келген прогреске кедергі болатын қақтығыстарды болдырмаудың маңызы артты. 2030 жылы өтетін әлемдік көрме осы мақсатта маңызды рөл атқармақ. Дүниежүзілік көрмеде COVID-19 пандемиясынан кейінгі әлемді қолайлы болашаққа бастайтын трансформациялық күштерге, сондай-ақ адамның оң өзгерістер жасау қабілетіне ерекше мән беріледі: «Біз әлемді қаз қалпында көрсету үшін ғана емес, оның қандай болу керегін қалыптастыру үшін келдік». World Expo Busan бағдарламасы үш бағытты қамтиды. Алғашқысы – табиғатпен үндестікте өмір сүру: бүгін және болашақтың басты міндеті – адамзат жаһандық климаттың өзгеруін жеңіп, Жер планетасында өркендегісі келсе, табиғатпен үйлесімге қол жеткізуі өте маңызды. Пусан бұл идеяны берік ұстана алған мекен. Сондықтан осы бағытта әлем халқына айтары көп. Келесі бағыты – адамзатқа арналған технология. Жасанды интеллект сияқты технологиялық жетістіктер «Төртінші өнеркәсіптік революцияға» жол ашады. Бұл трансформацияның тостағанында бүкіл адамзат пайда көруі үшін инклюзивті және әділ даму шарт. Пусанда IT, электроника салалары қарқынды дамып жатыр. 2030 жылға дейін үлкен технологиялық серпіліс жасайтыны тағы бар. Сол үшін де бұл қала еш мүдірместен адамзатқа қолайлы технологиялық мүмкіндіктер жайлы ұзақ толғана алады. Және соңғысы әрі басым бағыты – экономикалық даму мен адамдардың әл-ауқаты арасындағы алшақтықты жою. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі жаһандық даму мен сауда-саттық миллиардтаған адамды кедейліктен шығарды, бірақ соңғы геосаяси ахуалдар әлем бойынша табысы төмен топтар мен жас ұрпақты әлсіз етіп отыр. World Expo Busan 2030 жылы осы бағытта түрлі шешім ұсынып, көшбасшы елдердің идея алмасуына жағдай жасауға ниетті. Бұл мақсатта түрлі халықаралық іс-шаралар жоспары да бекітілген.
P.S.
1928 жылы Халықаралық көрмелер туралы конвенцияға қол қойылған уақыттан бері әлемдік көрмелер дүниежүзіндегі көшбасшы елдер бүгін мен болашақтың мәселесін шешетін ұсыныс айтып, идея алмасатын ортасы, техникалық және технологиялық жетістіктерін паш ететін бірегей платформа. Халықаралық көрме бюросының бас ассамблеясы биылғы қараша айында EXPO өтетін қаланы анықтайды. Пусанды таныстыру бейнеролигінде: «Баршаңызға таныс һәм бейтаныс мекенде өткен мен бүгін бірге өмір сүреді. Мұнда шығыс пен батыс тоғысады. Терең тарих пен ғажайыпқа толы болашақтың қаласына көзайым бол» делінген. Ал мен Пусан – жаны бар қала дегенді қосар едім. Ол тұрмыстық мәселесін әбден шешкен, сол бұралаң жолда түрлі кедергі мен қиындықты бастан кешкен, бүгінде болып-толған, адамның өмір сүруіне қолайлы жағдай жасай алған, болашаққа айтары көп әрі оған толық хақы бар алпауыт мекен.
Айдана НҰРМҰХАН,
Астана –Пусан–Астана