Қызылорда облысында Кәсіпкерлер палатасының мамандары 4 айда 1,2 млрд теңгенің 157 жобасына бизнес жоспар әзірлеп берді.
Қызылордада төрт айда 157 жобаның бизнес жоспары әзірленді
994
оқылды

Қызылорда облысында Кәсіпкерлер палатасының мамандары 4 айда 1,2 млрд теңгенің 157 жобасына бизнес жоспар әзірлеп берді. Оның ішінде 290 млн теңгенің 37 жобасына түрлі қаржы институты қолдау білдірген.

Жыл басынан кәсіп ашуға бет бұрғандар құс, мал шаруашылығы, ойын-сауық, денсаулық сақтау, жиһаз жасау, жүк тасымалдау қызметімен қоса, синтепон, құрылыс заттарының өндірісі бағыттары бойынша кәсіп жасауға ниет танытқан.

«Біз «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі» ұлттық жоба аясында шағын және орта бизнес өкілдеріне және кәсіпкерлік бастамасы бар азаматтарға қаржылай емес қолдау көрсетеміз. Биыл шамамен 5,5 мыңнан астам кеңес береміз деп жоспарлағанбыз. Кәсіпкерлер палатасының кеңесшілері төрт айдың өзінде облыстың мыңнан аса тұрғынына 3,3 мың рет кеңес берді. Осыдан-ақ біздің қызметтерімізге сұраныстың жоғары екенін аңғаруға болады. Ең бастысы – барлық қызметімізді тегін көрсетеміз. «Атамекен» – кәсіпкерлерге қаржылай емес қолдау көрсетуге арналған ұйым. Біз грант, несие бермейміз», – дейді бұл жөнінде Кәсіпкерлер палатасының директоры Пірмұхаммед Сыздықов

Жалпы кәсіпкерлер палатасының кеңесшілері жыл басынан 352 кәсіпкерге 373 сервистік қызмет көрсеткен. Нақтырақ айтқанда, 85 кәсіпкердің бухгалтерлік есебін тапсырып, 67 кәсіпкерге заң сұрақтары бойынша кеңес берген. Оның ішінде рұқсат құжаттарын алуға, жеке кәсіпкерлікті ашу мен келісімшарт жобаларын жасауға көмек көрсетілген.

 

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ

Қызылорда облысы