Астанадағы 2-ші қалалық көп­сала­лы ауруханада Госпитальдық фармация бөлімшесінің салтанатты ашылуы өтті.
Жаңашылдығы көп жоба
1,083
оқылды

Клиникалық және акушерлік блоктан тұратын кли­ника­да қолға алынған бірегей жобаның берері мол. Өйткені мұндай жоба бұған дейін бірде-бір көпсалалы стационарда енгізілмеген екен. Елорда­ның өзінде де мұндай атау­мен тек моно-бейінді медициналық мекемелерде бөлімшелер ғана жұ­мыс істеп келді. 

Шараға Астана қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының бас­шысы Тимур Мұратов пен ДСМ Меди­цина­лық және фармацевтикалық бақылау комитеті департаментінің басшысы Дар­хан Тұрлыбеков те қатысып, енді ғана қол­ға алынған инновациялық жаңалықпен танысты. Бұл жоба дәрігерлердің тағайын­дауы бойынша дәрілік заттарды уақытылы және сапалы дайындау және буып-түюге айтарлықтай көмегін тигізбек. Оларды медициналық ұйымның клиникалық және пара-клиникалық бөлімшелеріне жеткізу жұмысы жеңілдесе, одан бөлек, дәрігердің тағайындауы бойынша пациенттер пайда­ланатын дәрілік заттардың дербестен­дірілген есебін жүргізу де оңтайлан­дырыла­­­тын болды. Негізі бұл процесс бү­кіл әлемде бұрыннан қолданылып ке­леді. 

Сондай-ақ халықаралық талаптардың біріне айналған жобаның пилоттық ке­зеңінде шығындарды азайту және пайда­лануды оңтайландыру есебі өз нәтижесін беру көзделіп отыр. Себебі бюджет қара­жатын үнемдеу, сондай-ақ медициналық препараттарды пайдалануды бақылау, дұ­рыс емес тағайындаулар мен емдеу тәуе­кел­дерін барынша азайту реттеледі екен. Өйткені әрбір тағайындау бүге-шүге­сіне дейін қайта тексеруден өтеді. Яғни науқас­тың жасы, салмағы, қарсы көрсет­кіш­тері мен тәуліктің дозасы секілді т.б. па­рамет­рлер бойынша қайта бақылау жүргі­зіледі. Қызметкерлер атап өткендей, бұл жобаны жүзеге асыру кезінде кли­никада жұмыс істейтін «Ақгүн» ақпараттық жүйесінің дайындығы маңызды рөл атқарыпты. Ал­дын ала есептеулер бойын­ша №2 қалалық көпбейінді ауруханадағы МҚҚ жобасы жылына 400 млн теңгеге дейін бюджетті үнем­деуге мүмкіндік бе­реді. 

"Денсаулық сақтау саласын цифрландыру – басқарманың басты мақсаттарының бірі. Өйткені, препараттарды пациенттерге жеткізуді орталықтандырып, жүйені цифрландыру уақыт талабына айналып отыр. Науқасқа берілетін дәрі-дәрмек мөлшері де автоматты түрде қадағаланып отырады. Бөлімнің бірегей тұсы да осы: дәрі-дәрмекті ысырап қылмай, артық шығынның алдын алу. Сондай-ақ қате дәрі-дәрмек тағайындау қаупі әжептәуір азаяды. Қазір қала бойынша 9 аурухана болса, алдағы уақытта көпбейінді ауруханалардың барлығында аталмыш жүйені енгізу жоспарымызда. Сондай-ақ алғашқы қабатта ашылған фронт-кеңседе пациенттерді қолдау қызметі жұмыс істейді.   Бұдан бөлек Акушерлік және негізгі блок арасында қабылдау-диагностикалық кешеннің жобасы таныстырылды. Дәл осы жерде балалар травматологиялық пункті ашылатын болады", - дейді Астана қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының бас­шысы Тимур Мұратов.

Емхана басшысы әрі жоба бастама­шысы Нұрбол Тұрсынбаев болашақта екі жеке клиника ғимаратын біріктіретін және қабылдау бөлмесінің хабына айналатын жаңа ғимаратты таныстырды. Сондай-ақ қонақтардың назарына науқастар үшін ем алудың жеңілдетілген бағдарламалары мен жаңартылған әдіс-тәсілдері көрсетілді. Мұн­да науқастарға электрондық кезек ар­қылы жоспарлы госпитализациялау ал­го­ритмі ұсынылады екен. Жақын бола­шақта барлық ниет білдірушілер онлайн режимде бос төсек-орындардың санын көре алады, сонымен бірге, бұл ақпарат клиниканың сайтында да қолжетімді бол­мақ.

Ж.МҮСІЛІМ