Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай Халық Республикасына сапары аясында бірінші «Орталық Азия – Қытай» саммитіне қатысты.
Серіктестікке серпін берген саммит
1,732
оқылды

Мемлекет басшысы өз сөзінде алғашқы «Орталық Азия – Қытай саммиті  – өте маңызды тарихи оқиға екенін атап өтті. Президент іс-шараны жоғары деңгейде ұйымдастырғаны және дәстүрлі қонақжайлығы үшін Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпинге алғыс айтты.

Ол бүгінде Қытай әлемдік держава ретіндегі өзінің мәртебесін нығайтып келе жатқанын және жаһандық тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамта­масыз ету ісінде маңызды рөл атқаратынын, экономикалық және технологиялық дамудың қозғаушы күші екенін атап өтті.

– Қытай – әлемдегі ірі инвестор және жаһандық экономиканың көшін бастап тұрған мемлекеттердің бірі. Сондықтан Қытаймен жан-жақты ынтымақтастықты нығайту Қазақстанның орнықты дамуына мүмкіндік береді. Орталық Азия елдерінің әлеуетін Қытайдың орасан зор экономикалық қуатымен ұштастыру біздің көп қырлы серіктeстігімізге тың серпін береді. Қазақстан осы мақсатқа жету үшін бар күш-жігерін жұмсауға дайын. Қазіргі таңда елімізде ұлттық экономикамызды әртараптандыру үшін ауқымды әрі жан-жақты реформа жүргізіп жатырмыз. Шетел инвесторларына қолайлы жағдай жасауға және кедергілерді жоюға бағытталған жұмыстар атқарылып жатыр, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы тәуелсіздік жылдарында елімізге 350 миллиард доллардан астам инвес­тиция тартылғанын айтты. Соның 23 мил­лиард доллардан астамы – Қытайдың еншісінде. Президент Қытаймен инвестиция саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға әзір екенін жеткізді.

– Кеше мемлекеттік сапарымның аясында инвестициялық форум өтті. Жиында жалпы құны 22 миллиард доллар болатын бірқатар ке­лісімге қол қойылды. Қазақ тарапы бұл келісімдерді жүзеге асыру үшін бар күш-жі­герін жұмсауға дайын. Географиялық жағ­дайымызды ескерсек, біздің еліміз аймақтың және тұтас құрлықтың маңызды көлік-ло­гистика дәлізі бола алады. Қазақстан осы ай­мақтағы елдердің Қытаймен ынтымақ­тас­тығын нығайту үшін өзінің экономикалық және логистикалық әлеуетін жұмылдыруға әзір. Осыған орай Қазақстан достас Қытаймен ынтымақтастықты нығайту үшін өзінің сауда-экономикалық және логистикалық әлеуетін іске қоса алады. Елдеріміздің сауда-саттық көлемі 31 миллиард долларға жетті. Төраға Си Цзиньпинмен  бұл көрсеткішті 40 миллиардқа дейін жеткізу жөнінде уағдаластық, – деді Президент.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы аймақ­тағы ел басшыларының бірлескен күш-жігерін талап ететін ынтымақтастықтың басым бағыттарын айқындады. Ең алды­мен, тауар айналымының көлемін арттыру мәселесі қозғалды.

– Соңғы жылдары Орталық Азия ел­дерінің экономикалық қарым-қатынасы жаңа деңгейге көтерілді. Былтыр Қазақ­станның осы аймақтағы   мемлекеттермен алыс-берісі 19 пайызға өсті. Яғни, 8 мил­лиард доллар болды. Алдағы уақытта бұл көрсеткішті 15 миллиардқа дейін жеткізуді көздеп отырмыз. Аймақтың Қытаймен сауда-саттығы да қарқынды дамып келеді. Былтыр бұл көрсеткіш 70 миллиард дол­лар­ға жетті. Оның 45 пайызы (31 млрд дол­лар) Қазақстанға тиесілі. Қытай мен Орталық Азия арасындағы  тауар айналы­мын 2030 жылға қарай 100 миллиард дол­ларға жеткізуге барлық мүмкіндік бар. Осы ретте, тауар түрлерін көбейту арқылы экспортты ұлғайту маңызды. Мысалы, Қазақстан шикізатқа жатпайтын 135  түрлі тауардың Қытайға экспортын көбейте алады. Қазақ-қытай шекарасындағы «Қорғас» халықаралық сауда орталығы пандемияға байланысты үш жыл тоқтап тұрды. Өткен айда оның жұмысы қайта жанданды. Орталық Азия мемлекеттерін осы сауда-логистика хабының әлеуетін бірге пайдалануға шақырамын. Бұл – әсіресе, Қытаймен ортақ шекарасы жоқ мем­лекеттер үшін аса маңызды. Біз қытай­лық инвестициялық серіктестермен бірле­сіп, шекарада екінші құрғақ порт салуды жоспарлап отырмыз. Осы саладағы тәжі­рибені ескере отырып, бұл портты жаңа талапқа сай жасаймыз, – деді Мемлекет басшысы.

Президент көлік-логистика инфра­құрылымын дамытуды тағы бір басым бағыт деп санайды. Оның айтуынша, осыдан он жыл бұрын Астанада Төраға Си Цзиньпин «Бір белдеу – бір жол» мега­жоба­сының тұжырымдамасын жария етті. Содан бері бұл бастаманың тиімділігіне және қажеттігіне бүкіл әлем көз жеткізді.

– Қазақстан – Қытайдың жақын көршісі әрі сенімді серіктесі. Сондықтан «Бір белдеу – бір жол» жобасына атсалыса береді. Осы орайда Қазақ-қытай шекара­сында үшінші темір жол өткелін ашу маңыз­ды қадам болмақ. Транскаспий ха­лық­аралық көлік дәлізі «Қытай – Орталық Азия-Еуропа» бағдарының негізгі бөлігі саналады. Бүгінде осы бағыттың стратегия­лық маңызы арта түсті. Біз оның көлік өткізу мүмкіндігін кеңейте береміз. Ол үшін цифрлық тәсілдерді енгізіп, инфра­құрылымды жаңғыртамыз. Қытай сыртқа өте көп жүк жөнелтеді. Осы бағыттың әлеуетін толық пайдалану үшін бірлесе жұмыс істеуіміз қажет деп есептеймін. Біз қытайлық серіктестермен бұл салада өзара тиімді ықпалдастық орнатуға мүдделіміз. Каспийдегі теңіз порттарының мүмкіндігін кеңейту ісіне атсалысуға шақырамыз. Порт қызметін цифрландыру және жүк кемелерін жасау үшін бірге жұмыс істеуге дайынбыз. Сондай-ақ «Қазақстан – Түрікменстан – Иран» темір жолы біздің елдерімізге зор мүмкіндік береді, – деді Мемлекет басшысы.

Президент энергетика саласында, соның ішінде мұнай-газ секторындағы қарым-қатынасты дамытуға мол мүмкіндік бар деп есептейді. Қазақстан мұнай экс­пор­тын көбейтуге мүдделі. Сол үшін «Қазақстан – Қытай» мұнай құбырының тасымал мүмкіндігін арттыруды жоспарлап отыр.

– Қолданыстағы құбырлардың, яғни «Атырау – Кеңқияқ» және «Кеңқияқ – Құмкөл» құбырының мұнай тасымалдау мүмкіндігін арттыру мәселесі де күн тәрті­бінде тұр. Қазір мұнай өнімдерін тұтыну көлемі ұдайы өсіп келеді. Сондықтан Шымкент мұнай өңдеу зауытынан шыға­тын өнім көлемін жылына 6 миллион тон­надан  12 миллион тоннаға дейін кө­бей­туді көздеп отырмыз. Газ өңдеу қуатын арттыру және газ тасымалдау жүйесін же­тілдіру Қазақстан үшін басым бағыт сана­лады. Біз үшін «Бейнеу – Бозой – Шым­кент» магистральды газ құбырының екінші тармағын салу өте маңызды. Қашаған кенішінде жылына 4 миллиард текше метр газ өңдейтін зауыт құрылысына да баса мән береміз. Қытайлық достарымыз аймақтағы осы маңызды жобаларға қолдау көрсетуді жалғастырады деп сенеміз, – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Президент ауыл шаруашылығы саласындағы ықпалдастық­ты дамыту маңызды екеніне тоқталды. Қазақстан агроөнеркәсіп өнімдерінің экспортын арттыруға және оның түрлерін көбейтуге мүдделі.

– Еліміз бидай және ұн өндіретін әлем­дегі ең ірі он елдің қатарына кіреді. Жыл сайын 5 миллион тоннадан астам бидай мен 1,5 миллион тонна ұн экспорттаймыз. Шаруаларымыз сыртқа шығарылатын дәнді және майлы дақылдардың көлемін арттыруға дайын. Олар экологиялық жағынан таза әрі жоғары сұрыпты ет пен органикалық өнімдерді де көптеп жеткізе алады. Есесіне, бау-бақша өнімдері мен азық-түлік тауарларын тұрақты сатып алуға мүдделіміз. Біз мемлекеттеріміздің аграрлық әлеуетін тиімді пайдалануымыз керек. Сонда елдеріміздің азық-түлік қауіпсіздігін айтарлықтай нығайтамыз. Бұл қадам бәріміздің мүддемізге сай келе­ді. Осы ретте мен «Қорғас» халықаралық сауда орталығында Бірлескен азық-түлік хабын құруды ұсынамын. Агроөнеркәсіп саласында цифрлық және «жасыл» техно­логияларды енгізу мәселесіне баса мән берген жөн. Бұл істе қытайлық серіктес­теріміздің тәжірибесі мен мүмкіндігі аса қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы мәдениет және білім ынтымақтастығын, сондай-ақ ту­ризмді дамыту мәселесіне де назар аудар­ды. Оның айтуынша, жеке адамдардың қарым-қатынасы мемлекетаралық байла­ныс­тарды нығайтуға септігін тигізері сөзсіз. Осы мақсатта Қазақстан мен Қытай азаматтарының екі ел арасында 30 күнге дейін визасыз жүруіне мүмкіндік беретін үкіметаралық келісімге қол қойылды. Бұл құжат іскерлік байланыс аясын кеңейтіп, туристер легін арттыруға ықпал етеді.

Сонымен қатар Президент аймақтың қауіпсіздігін және тұрақтылығын қамтама­сыз ету басты міндеттің бірі екенін атап өтті. Қытай Халық Республикасы аймақ­тағы қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамта­ма­сыз ету ісінде маңызды рөл атқарады. Барлық елдің аумақтық тұтастығын және егемендігін сақтауға қатысты Бейжіңнің берік ұстанымы еш өзгерген емес. Сондай-ақ өзге мемлекеттердің ішкі ісіне араласпау қағидатынан айнымай келеді. Қытайдың осы берік ұстанымы ерекше құрметке лайық.

– Қазақстан да Қытайдың Орталық Азияға қатысты жүргізіп отырған бейбіт сыртқы саясатын құптайды. Біз Бейжіңнің тұрақты дамуға және қауіпсіздікті қамта­ма­сыз етуге бағытталған бастамаларын қолдаймыз. Орталық Азияның қашанда ынтымағы жарасқан, жасампаз аймақ ретінде дамығанын қалаймыз. Осы өңірді геосаяси текетірес алаңына айналдыруға қарсымыз. Бүгінде елдеріміз жоғары деңгейде екіжақты қарым-қатынас орнат­қан. Аймақтық және халықаралық ұйым­дар аясындағы көпжақты ықпалдас­тығымыз да нығая түсуде. Біз Шанхай ынтымақтастық ұйымының, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің мақсат-міндеттерін бірлесіп орындап келеміз. Қазір халық­аралық саясаттағы ахуал – күрделі. Жаһан­дық саясаттағы бақталастарды елдестіру үшін көп күш-жігер жұмсау қажет. Си мырзаның «Жаһандық қауіп­сіздік баста­масы» әлемнің тұрақты дамуын қамтама­сыз ету ісінде маңызды рөл атқарады. Украинадағы дағдарысты реттеуге қатысты Қытайдың сындарлы ұстанымын Қазақ­стан жоғары бағалайды. Ауғанстан мәсе­лесіне келер болсақ, осы елдегі гуманитар­лық дағдарыстың алдын алу үшін халық­аралық қауымдастықтың күш жұмылдыруы өте маңызды, – деді Мемлекет басшысы.

Саммите сондай-ақ Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзинь­пин, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов,  Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев сөз сөйледі.

«Орталық Азия – Қытай» саммитінің қорытындысы бойынша мемлекеттер басшылары Сиань декларациясына қол қойды және бірқатар бастаманы қабыл­дады. Келесі саммит 2025 жылы Қазақ­станда өтеді.

Ресми шара аяқталғаннан кейін Орта­лық Азия мен Қытай басшылары Халық­аралық конференция орталығының ал­дын­да ағаш отырғызу шарасына қатысты.