Бақ біреуге күткізіп келсе, енді біреуге тосыннан келеді. Спорттағы жеңіс те дәл сондай. Бокстан ұлттық құраманың капитаны Асланбек Шымбергенов те жеңіс дәмін ұзақ күтті. Жылдар өтсе де, жігері сынған жоқ. Нәтижесі міне, әлем чемпионатын бағындырды. Алда олимпиада ойындары күтіп тұр. Осыған орай чемпионның өзіне хабарласып, сұхбаттастық.
Бәріміз алтын аламыз деп бардық – Асланбек Шымбергенов
999
оқылды

– Ең бірінші, жеңісіңізбен құттықтаймыз! Сізді әлем чемпионатында бокстан ұлттық құраманың ка­питаны ретінде таныдық. Жалпы, команда ка­питаны ретінде сіздің жауапкершілігіңізге нелер кірді?

– Иә, біреулер команда капитаны, енді бі­реу­­лер құрама лидері деп сенім артты. Бұл жер­дегі менің міндетім –команданы бірлікте ұстау. Бокс топтық ойын емес. Әр ойыншы өз жеңісі үшін жеке күреседі. Бірақ команданың тұтас­ты­ғын сақтап, боксшыларды жігерлендіру маған ар­тылған үлкен жауапкершілік болды. Себебі бас бапкерлеріміз құраманың жағдайын менен сұрайды. Мен жігіттерге жігер беріп, команданы алға жетеледім. Туындаған сұрақтар мен мәсе­ле­лерді қадағалау да менің міндетімде болды. 

– Чемпионатты басынан аяғына дейін та­ма­ша­ладық. Медаль күткен кейбір боксшыларымыз ал­ғашқы айналымдардан сүрінді. Мүмкін, бақ та же­тіспеген шығар. Дегенмен спортшы ретінде жа­рыс­тың ұйымдастырылуына қандай баға бересіз? 

– Ұйымдастырылу жағы жоғары деңгейде болды. Орналасқан қонақүйіміз, ондағы тамақ, қызмет көрсету барлығы көңілімізден шықты. Бұл әлем чемпионаты ең көп спортшы қатысқан чемпионат ретінде тарихта қалды. Себебі чем­пионатқа Англия мен Америкадан басқа 104 мем­лекеттен 600-ден аса былғары қолғап шебері қа­тысты. Қарсыластарымыз да көп болды. Бәрі­міз бес кездесуден өткіздік.

– Ал төрешілер әділ болды ма? Себебі біздің бокс федерациясы Халықаралық бокс феде­ра­ция­сы­ның (IBA) президенті Умар Кремлевтің атына Сә­кен Бибосыновтың жекпе-жегіндегі төреші­лер­дің даулы шешіміне қатысты ресми шағым жол­дады ғой. 

– Біздің көзқарасымыз бойынша Сәкен Би­бо­сынов жеңіске жетіп тұрды. Егер мен төреші­лер­дің орнында болсам, дауысымды Сәкенге беру­ші едім. Бірақ әлем чемпионатындағы төре­ші­лердің шешімі басқаша болды. Біз ол шешімге қарсы шыға алмаймыз. 

– Араға он жыл салып, ұлттық құрама 2013 жыл­­ғы нәтижесін қайталады. Қоржынымызға 4 бір­­­дей алтын салдыңыздар. Бұл сіздер үшін күт­пе­­ген жеңіс болды ма? Әлде алтын ала­тын­дарыңыз­ға сенімді болдыңыздар ма? 

– Шыны керек, бәріміз бірінші орын аламыз деп бардық. Әлем чемпионатына жолдама алған боксшымыздың барлығы «чемпион боламын» деп өз-өзіне сенімді еді. Дегенмен бұйырғаны осы болды. Ешкім жарысқа жеңілемін деп бар­ған жоқ. 

– Бұл сіз үшін көптен күткен жеңіс болды. Спорт сарапшылары, олимпиададан кейін карье­­раңыз­ды аяқтайды деп те болжам жа­сау­да. Өзіңіз­ден сұрасақ. Бұйырып, олим­пиа­дадан жүл­де алсаңыз, спорттағы мансабыңызды аяқ­тайсыз ба? 

– Ол туралы әлі ештеңе ойланған жоқ­пын. Қа­зіргі негізгі мақсатым – олимпиадаға дайын­далу. Одан кейін бұйырғанын көреміз. 

– Ал олимпиадаға дайындық қалай? Басталып кетті ме? 

– Қазір демалып, чемпионаттан алған жара­қа­тымызды емдеп жатырмыз. Ары кетсе, 2-3 ап­­та­дан кейін дайындықты қайта бастаймыз. 

– Бокстан ұлттық құрамада спорттық медици­на­ның жоғары дамығанын білеміз. Сіздің ойыңыз­ша, жақсы нәтиже көрсетулеріңізге осы фактор да әсер етті ме?

– Әрине,біздің құрамада боксшыларға бар­лық жағдай жасалған. Жейтін тамағымызға дейін дәр­і­­герлермен ақылдаса отырып таңдаймыз. Мы­­салы, мен салмақ ұстайтын болсам, жегім ке­­ліп тұрған тамақтарды мәзірге енгіземін. Соны ас­паз­дар күн сайын дайындап, беріп отырады. Дәрі­­герлер ай сайын пайдалы витаминдер бере­ді. Айта кету керек, олардың құрамында еш­қан­дай допинг жоқ. Медициналық тұрғыда бекітіл­ген дәрумендер. Командада 2 массаж маманы, дәрігерлер мен психологтер бар. Барлығы өз ісі­нің білікті ма­ман­дары. Біздің жүрегімізді тек­серетін физиолог бар. Әр күні жаттығудан кейін кеш­ке бізден қан алады. Солай біздің жағдайы­мыз­ды бақылайды. Жағдайы нашарлап, көп жат­тығу жасап қойған боксшы-ларды уақытылы де­малдырады. 

– Әлем чемпионатында сізге ең қиын қарсылас кім болды? 

– Қарсыластарымның барлығы оңай болған жоқ. Соның ішінде өзбек боксшысы мықты қар­сылас болды. 

– Жалпы сіздің бокстағы жолыңыз қашан, қа­лай басталды? Еске түсіріп көрейікші.

– 2005 жылы мен Үлгілі деген жерде, Еламан Қа­зыбеков деген бапкерден ең алғаш боксты үйреніп бастадым. Бір жылдан кейін отбасымыз Байзақ ауылына көшіп кетті. Содан тек 2007 жылы бапкер Болат Жарымбековке келіп жат­тық­­тым. Сол кездерде Қазақстанның спорт ше­­бері деген атаққа ие болдым. 11-сыныпқа дейін сол кісіде жаттықтым. Қалаға оқуға түскен­нен кейін қазіргі жаттықтырушым Ермек Ер­таев­қа жолықтым. Әлі күнге дейін, 13 жыл бойы Ермек ағамен жұмыс істеп келеміз. Ол кісі екінші әкемдей болып кетті. 

– Боксқа баруыңызға кім себепкер болды?

– Кішкентайымыздан Бақтияр Артаевты кө­ріп, сол кісідей чемпион болуды армандадық. Бір күні боксқа ағам барып жүргенін біліп, «мені де апаршы» деп ілесіп алдым. Бірінші жат­ты­ғу­дан-ақ боксқа деген қызығушылығым пайда бол­ды. 

– Ал бос уақытыңызда немен айналысасыз?

– Бос уақытымда отбасыма көңіл бөлемін. Екі қыз, бір ұлым бар. 

– Болашақта ұлыңыз сіздің жолыңызды қуа­мын десе, келісесіз бе? 

– Егер балам өзі қалайтын болса, оған еш­қа­шан «жоқ» деп айтпаймын. 

– Елге келгелі халық та сіздерді ерекше ықы­лас­пен қарсы алып жатыр. Халықтың қошеметіне ризасыздар ма? 

– Әрине, халқымызға ризамыз. Ташкентте жүріп, артымызда үміт артып, сеніммен күтіп отыр­ған еліміздің бар екенін шынайы сезіндік. Қан­шама жанкүйерлеріміз біз үшін Өзбекстанға да барды. Әнұран бітіп қалған кезде де, бәріміз қосылып хормен айттық. Елге оралғаннан кейін де, көшеде болсын, таксиде болсын, барлығы ке­ліп суретке түсіп, ризашылықтарын білдіріп жа­тыр. Спортшы үшін бұдан асқан жеңіс те, же­тістік те жоқ. 

– Алдағы жоспарларыңыз қандай? 

– Азия, Олимпиада ойындарына дайындалу. 

– Әңгімеңізге рақмет! 

Сұхбаттасқан 

Көктем ҚАРҚЫН