Өйткені үміткерлердің ешқайсысы қажет дауыс мөлшерін жинай алған жоқ. Президенттік сайлау 28 мамырда өтеді.
Бауырлас әрі халықаралық саясатта өз орны бар мемлекет болғандықтан шығар, қазақстандықтар да, тұтас түркі мемлекеттерінің халықтары да Түркиядағы сайлауға айрықша қызығушылық танытты. Тіпті, әлеуметтік желілердегі белсенділікке қарағанда Түркиядағы сайлау ел ішіндегі саяси оқиғалардан да маңызды болғандай көрінгені рас. Кімнің қандай мақсатпен қызыққанын білмейміз, әйтеуір Facebook-та да, Telegram-да да, өзге әлеуметтік желілерде де белсенділік танытқандар мол болды. Пікірлер де әртүрлі. Біреулер Режеп Тайып Ердоғанды, тағы біреулер Кемал Кылычдароғлун жақтады. Үшінші үміткер Синан Оғанды да мақтағандар болды. Болжамдар да аз кездеспеді. Ал біз сайлау нәтижесіне шолу жасап, сайлау нәтижесінің түркі интеграциясына қалай әсер етуі мүмкін екеніне үңіліп көрдік.
50 пайыз + 1 дауыс керек еді
Сөз басында айтқанымыздай, Түркиядағы сайлауға дауыс берушілердің 86,87 пайызы қатысты. Бұл дегеніңіз дауыс беруге құқылы 64 млн 190 мың 651 адамның 55 млн 761 мың 445-і өз таңдауын жасағанын білдіреді. Сайлау кезінде ел ішінде және шетелдерде жалпы саны 201 мың 807 жәшік даярланыпты.
Сайлауға саяси күштер бірнеше коалиция құрып қатысты. Бірінші коалиция – «Республикалық одақ» деп аталды. Оған Режеп Тайып Ердоған басқаратын «Әділет және даму партиясы» мен Девлет Бахчелі жетекшілік ететін «Ұлтшыл қозғалыс партиясы» кірді. Оларға одақтас ретінде Мұстафа Дестижи басқаратын «Ұлы бірлік партиясы» мен Фатих Ербакан басқаратын «Жаңа әл-аухат партиясы» одақтас ретінде қосылды. Бұл коалиция сайлауда ең басты саяси күш ретінде саналды. Осы коалиция Режеп Тайып Ердоғанды президенттіктен үміткер ретінде ұсынды.
Ал биліктегі партия мен оған жақтас күштерге қарсы тұратын топ ретінде әдетте оппозициялық коалиция аталады. Ол «Ұлттық одақ» деп аталды. Оған Кемал Кылычдароғлу басқаратын «Республикалық халық партияcы», Мерал Акшенер жетекшілік ететін «Жақсы партия», Темел Карамоллаоғлу басшылық жасайтын «Бақыт партиясы», Гүлтекин Ұйсалдың «Демократиялық партиясы», Әли Бабажан төрағалық ететін «Демократия және секіріс партиясы», Ахмет Дауытоғлу басқаратын «Келешек партиясы» кірді. Бұл коалицияда саясатта әу баста Ердоғанға серік болған азаматтардың болуы назар аудартады. Мәселен, Әли Бабажан Режеп Тайып Ердоған премьер-министр қызметін атқарған кезде министр болған адам. Ал Ахмет Дауытоғлу Ердоғанмен бірге «Әділет және даму партиясын» құруға еңбек сіңірген тұлғалардың бірі. Сыртқы істер, премьер-министр қызметтерін атқарды. Бұл коалицияның ортақ үміткері Кемал Кылычдароғлу еді.
Үшінші топтың атауы – Ата коалициясы. Бұл топқа «Жеңіс», «Әділет», «Елім» (Ülkem) және «Түркия одағы партиясы» кірді. Бұл топ президенттіктен үміткер ретінде Синан Оғанды ұсынды.
Төртінші топ – «Еңбек және бостандық одағы» коалициясы еді. Бұл топқа «Халықтардың демократиялық партиясы», «Түркия жұмысшы партиясы», «Еңбек партиясы», «Еңбекшілер қозғалысы партиясы», «Қоғамдық еркіндік партиясы» және үкіметтік емес ұйымдардың ішінен «Социалистік мәжілістер федерациясы» кірді. Бұл коалиция президенттіктен үміткер ретінде жеке қайраткер ұсынбады. «Халықтық одақ» үміткері Кемал Кылычдароғлун қолдауға шешім қабылдады.
Түркия президенттігінен үміткер ретінде тіркеліп, сайлауға бірнеше күн қалғанда қатысудан бас тартқан Мүхеррем Инже өзі басқаратын «Мемлекет партиясы» тарапынан ұсынылған еді.
Бұл жерде Түркиядағы саяси коалициялардың президенттік қана емес, Парламент сайлауы үшін де бәсекеге түскенін атап өту керек.
14 мамырдағы дауыс беру нәтижесінде президенттіктен үміткер Режеп Тайып Ердоған 49,5 пайыз дауыс жинаса, оның басты қарсыласы Кемал Кылычдароғлу 44,89 пайыз алды. Үшінші үміткер Синан Оганды сайлаушылардың 5,17 пайызы жақтаған. Тіпті, сайлаудан бас тартқанымен, бюллеттенде есімі қалып қойған Мүхеррем Инжеге сайлаушылардың 0,44 пайызы дауыс берген. Бұл дегеніңіз 236 мың адам.
Жалпы, осы жолғы сайлауда президенттіктен үміткер 4 адам, Парламенттен орын алуға ұмтылған 26 партия бәсекеге түсті.
Түркия Ұлы ұлттық мәжілісіндегі 600 орынның 322-сі «Республикалық одақ» коалициясына бұйырды. Соның ішінде Ердоған басқаратын «Әділет және даму партиясына» – 268 орын, «Ұлтшыл қозғалыс партиясына» – 50 орын, «Жаңа әл-аухат партиясына» 5 орын тиді.
Ал оппозициялық коалиция Парламенттен 213 орын алды. Соның ішінде республикашылдар – 169 орын, «Жақсы партия» 44 орын алды. Ал «Жасылдар және солшыл келешек партиясы» 61 депутатты Парламентке енгізді. Бір қызығы, бұл партия алдыңғы сайлауда Парламенттен орын алмаған еді.
Ал төртінші коалиция ретінде құрылған «Еңбек және бостандық одағынан» Парламентке тек «Түркия жұмысшы партиясы» ғана өтті. Бұл партияның 4 депутаты енді Тұркия Ұлы ұлттық мәжілісінде отырады.
Сөйтіп, Түркия билігіндегі партия президент сайлауында екінші турға қалғанымен, Парламентте басымдыққа ие болды.
Айтпақшы, Түркия заңнамасы бойынша президент ретінде сайлану үшін дауыс берушілердің 50 пайызы және 1 адам жақтауы керек. 50%+1 дауыс формуласы жұмыс істейді. Сондықтан Түркияда саясаткерлер үшін әр дауыс маңызды.
Енді не болады?
Жалпы, саясатта болжам жасаудың тым берекелі іс емес екенін ескерсек, Түркияда 28 мамырға белгіленген президент сайлауының екінші кезеңі жайлы болжам айту да қиын. Бірқатар сарапшы Кемал Кылычдароғлу жеңетінін алға тартса, екінші тарап Режеп Тайып Ердоған басымдыққа ие болады дегенді айтады. Қазақы қалжыңдағы Қожанасырдың пәтуа бергеніндей «екеуіңдікі де дұрыс» дейтіндей жағдай қалыптасты. Өйткені 14 мамырға дейін Түркиядағы көптеген зерттеу орталығы Кемал Кылычдароғлуының бірінші турда-ақ жеңіске жететінін алға тартқан. Бірақ іс жүзінде бәсекелестердің ешқайсысы қажет дауысты жинай алмады. Дегенмен түрік оппозициясының күшейгенін атап өту қажет. Ал екінші турда үміткерлердің тағдыры дауыс берушілердің белсенділігі мен Синан Оғанды, Мүхеррем Инжені жақтаушылардың қадамына байланысты болмақ. Егер Синан Оған өз жақтастарын Кемал Кылычдароғлун қолдауға шақырса, оппозициясының мүмкіндігі артуы мүмкін. Өйткені қалай болғанда да Синан Оғанға дауыс бергендер саны 5,17 пайыз еді. Енді қарапайым арифметикаға жүгінсек, 44,89+5,17 дегеніміз 50,06 пайыз. Бұл – жеңіс деген сөз. Бірақ сайлау кезінде мұндай тым қарабайыр есептің дәл шығуы неғайбыл. Оның үстіне, оппозицияның ортақ үміткерін жақтаған күрдтердің кейбір саясаткерлері Синан Оғанға қарсы. Өйткені Синан Оған ультра оңшыл ұлтшылдардың өкілі саналады. Коалицияның идеологиясы осы бағыт еді. Демек екінші турда жағдай өзгеруі мүмкін. Тіпті, Ердоған 52 пайыз жинайтынын алға тартушылар да бар. Қысқасы, болжам көп. Нәтиже қалай боларын уақыт көрсетеді.
Түркі интеграция қалай өрбиді?
Айтпақшы, Түркиядағы сайлаудан кейін ресми Анкараның сыртқы саясаты қалай өрбуі мүмкін екені де маңызды тақырыптардың біріне айналған сыңайлы. Сайлаудан бұрын түрлі болжам айтылған. Екінші турға дейін де бал ашатындар көп болады. Бірқатар сарапшы егер К.Кылычдароғлу билікке келсе, ресми Анкара Еуропа мен АҚШ-қа көбірек көңіл бөледі деп санайтынын жасырған жоқ. Әзербайжандық Bayraqtar media порталы бас редакторының орынбасары Надир Азери де сондай пікір айтты.
«Түркияда президент ауысса, ресми Анкараның түркі әлеміне, Әзербайжанға қатысты саясаты түбегейлі өзгереді деп ойлаймын. Бәлкім, бұл қауіпті де болуы мүмкін. Өйткені Режеп Тайып Ердоғанның түркі әлеміне, Әзербайжанға қатысты ұстанымы айқын еді. Ол өзінің сыртқы саясатында түркі әлемінің өркендеуіне, Әзербайжанды қолдау мәселесіне көп көңіл бөлді. Әзербайжанның Таулы Қарабақты азат етуге бағытталған 44 күндік соғыста Түркия халқы да, президенті де біздің жанымызда болды. Режеп Тайып Ердоған мен Илхам Әлиевтің тығыз қарым-қатынасы күллі түркі әлемінің дамуына белгілі бір тұрғыда әсер етті деп ойлаймын. Түркітілдес мемлекеттер кеңесі Түркі мемлекеттері ұйымына, нақты саяси күшке айналды. Біздің Тұран одағын құру жөніндегі арманымыз да Ердоғанның сыртқы саясаты кезінде жүзеге асып келеді. Ал Кылычдароғлу билікке келсе, Түркияның сыртқы саясаты түркі әлеміне емес, батысқа бағыттала ма деген күдігім бар. Ал Батыс елдері түркі әлемінің аяғынан тік тұрғанын қаламайды», – деді Надир Азери.
Әрине, әр маманның ойы әртүрлі екені сөзсіз. Біздің пайымдауымызша, әзербайжандықтардың К.Кылычдароғлуына салқындық танытуы, саясаткердің сайлауалды кампаниясы кезіндегі бір қатесіне байланысты болуы мүмкін. Сәуірде К.Кылычдароуғлы бір картаның суретін жариялаған. Ол карта Қытайдан Еуропаға дейінгі көлік дәлізін сипаттайтын еді. Онда Әзербайжан жоқ. Қазақстан, Өзбекстан, Түрікменстан, Иран арқылы Түркияға жететін бағыт көрсетілген. Бұған әзербайжандық саясаткерлер қатты наразы болды. Өйткені ресми Баку қазір Армения арқылы өтетін Зангезур дәлізін ашуға барын салып жатыр. Әрі Иран мен Әзербайжанның арасы суып барады. Сондықтан әзербайжандықтардың Түркиядағы сайлаудың екінші турына қатысатын үміткерлерге деген көзқарасын түсінуге болады. Ал Орталық Азия елдерінде көзқарас бөлек болуы мүмкін. Өйткені біз мәселеге интеграциялық процестердің даму динамикасы тұрғысынан қараймыз. Әрі Түркиядан географиялық тұрғыда біршама алшақтамыз. Түркітілдес мемлекеттер басшылары алғаш рет бас қосқан 1992 жылдан бері Түркияда 5 президент болды. Олар: Тұрғыт Өзал, Сүлейман Демирел, Ахмет Неджат Сезер, Абдулла Гүл және Режеп Тайып Ердоған. Ал интегарциялық процестер баяу болса да алға жылжи берді. Түркітілдес мемлекеттер басшыларының кеңесі құрылған 2009 жылы Түркияның президенті Абдулла Гүл еді. Демек, түркі әлемінің интеграциясы тұлғаларға байланып қалудан асып кеткен сыңайлы.
Оның үстіне, Түркия үшін түркі әлемі тәуір нарық. Бұл нарықтың мүмкіндігі де артып келеді. Ресми Анкараның сауда-экономикалық қатынастарда әр түркі мемлекетіне арнап, белгілеген межесі бар. Айталық, Қазақстан мен Түркия арасындағы тауар айналымы көлемін 10 млрд долларға жеткізу көзделіп отыр. Соңғы бірнеше жылда инвестиция салу, сауда қарым-қатынастарын дамыту бағытында тәуір жетістіктерге қол жеткіздік. Түркияда қандай саяси күш билікке келсе де, бұл бағыттан бас тарту қисынсыз болар еді. Өйткені дамуды көздеген мемлекеттің кез келгені үшін жаңа нарық, жаңа бағыт өзекті саналады. Оның үстіне, Орталық Азия елдері Түркияны транзиттік дәліздердің маңызды бағыттарының бірі санап отыр. Демек, интеграциялық процестердің тежелуіне өзге түркі мемлекеттері де мүдделі емес. Сол себепті алдағы сайлауда кім жеңіске жетсе де, алдына 2040 жылға дейін стратегиялық мақсат қойып, біріге түскен түркі халықтарының қатынастары өзгере қоймайды деп топшылаймыз. Ал интеграция жеделдей ме, баяулай ма, ол – басқа мәселе. Әйтеуір, тоқтамайтыны анық.
Біздің бұл пайымымыз Түркияда Қазақстанның төтенше және өкілетті елшісі қызметін атқарған дипломат, «Отандастар қорының» президенті Абзал Сапарбекұлының ойымен де үндесетін сыңайлы. Дипломат екінші турда көп өзгеріс бола қоймауы мүмкін деген пікірде. Дегенмен егер Түркияда билік алмаса қалса, демократиялық құндылықтарға көбірек көңіл бөлінуі мүмкін екенін айтты. Әрі сыртқы саясат шынайылыққа негізделуі мүмкін екенін алға тартты.
Абзал САПАРБЕКҰЛЫ,
«Отандастар қорының» президенті:
– Бірінші турдың нәтижесіне қарасақ, билік ауысатынға ұқсамайды. Сондықтан түркі интеграциясының болашағына қатысты сауал қаншалықты өзекті, ол жағын білмедім.
Ал егер билік ауысса, күрт өзгеріс болады деп есептемеймін. Қазіргі оппозиция билікке келсе, олардың сыртқы саясаты мейлінше шынайылық шеңберінде болады деп ойлаймын. Әрине, жеке қарым-қатынастар да маңызды. Бірақ оппозиция парламенттік жүйені қайтадан алып келеміз деп отыр. Демократия мен заң үстемдігін нығайтамыз дейді. Бұл тұрғыдан қарастырсақ, олардың батыспен қарым-қатынасы жақсара түсуге тиіс. Сондықтан демократиялық құндылықтарға негізделе отырып жүргізген ішкі-сыртқы саясат та да өз көрінісін табады деген ойдамын.
Ал Ресейге келсек, күрт өзгерістер болуы мүмкін. Батыстық санкцияға қосылуы ықтимал. Мұндай жағдай қалыптасса, Түркияның жаңа билігі мен Ресейдің Кавказдағы, Орталық Азиядағы өзара текетіресіне алып келуі ғажап емес.
Жалпы, түркі интеграциясы саясатына байланысты үлкен өзгерістер болады деп айта алмаймын. Өйткені түркі интеграциясы сара жолға салынған сыртқы саясат бағыттарының бірі. Тарихқа қарайтын болсақ, түркі мемлекеттерімен ынтымақтастық мәселесін қазіргі оппозициялық «Республикалық халық партиясының» негізін қалаған Мұстафа Кемал Ататүрік басты постулат ретінде айтып кеткен. Одан кейін бұл партияда біраз өзгеріс болды ғой. Бірақ соған қарамастан оның коалициялық серіктестері, соның ішінде «Жақсы партия» ұлтшыл бағыттағы, түрік интеграциясын қолдайтын партиялардың бірі. Егер вице-прещзиденттердің біреуі ретінде қазіргі Анкара мэрі тағайындалса, ол да түркілік интеграцияға, түркілік идеяға жақын саясаткерлердің бірі. Сондықтан бұл бағытта үлкен өзгеріс бола қояды деп ойламаймын. Анағұрлым тепе-теңдік, шыншылдыққа негізделген түркі интеграциясы саясат болады деген ойдамын.
P.S.
Түркиядағы президент сайлау науқаны қазақстандықтар үшін неге қызық екенінің сырын білмейміз, әрине. Тікелей эфирде дауыс санау, нәтиженің сәт сайын көрсетіліп тұратыны қызықтыратын шығар. Тіпті, Түркия орталық сайлау комиссиясының біршама тәуелсіз екені де азаматтардың назарын аударуы мүмкін. Әр саяси партияның белсенділігі де тамашалауға тұрарлық құбылыс сияқты. Әлде түркі әлеміндегі қуатты мемлекеттегі өзгеріс шынымен де отандастарымыз үшін өзекті болуы ғажап емес. Өйткені түркі интеграциясының саяси ғана емес, рухани-мәдени астары да бар. Бәлкім, біз күллі түркінің жұдырықтай жұмылғанда жаһанның жартысына әмір жүргізген қуатты болған кездерін аңсайтын шығармыз.
Амангелді ҚҰРМЕТ