Бұқар жырларын жатқа айтты

Қарағандыда ұлы Бұқар жы­рау Қалқаманұлының туғанына 355 жыл толуына арналған об­лыстық поэзия байқауының қо­рытындысы шығарылды.

Биыл шығармашылық жарысқа жеті этностың 12 жас өкілі қатысты. Олардың барлығы жыраудың өмірі мен шығармашылығын зерттейді және оның кемінде он шығармасын жатқа оқи алады. Байқаудың ең ересек қатысу­шысы 45-те болса, ал ең жас қа­тысушысы  11 жаста.

Достық үйінде Бұқар жыраудың шы­ғармалары түрлі тілде шырқалды. Бота­қарадан келген 8-сынып оқушысы Вик­тория Аленина ақынның шығармаларын қазақ, орыс, беларусь және түрік тілде­рінде жатқа оқып, «Бұқарекең жырлайды» атты облыстық поэзия байқауының бас жүлдесін жеңіп алды.

Қазылар алқасының мүшелеріне Ботақарадан келген Юрий Гагарин атындағы жалпы білім беретін мектептің 8-сынып оқушысы Виктория Алени­наның өнері ерекше әсер қалдырды. Қыз бала қазақ және орыс тілдерінде «Он бір тілек» және қазақ, орыс, беларусь және түрік тілдерінде «Асқар таудың өлгені» шығармасын жатқа оқыды.

– «Руханият» қосымша білім беру мектебінің «жыр-терме» домбыра сы­ныбында айналысамын. Біз әртүрлі ақын, жазушылардың, композитор­лар­дың шығармашылығын зерттейміз. Ма­ған, әсіресе Бұқар жыраудың шығар­ма­лары ұнайды. 10 шығармасын қазақ ті­лінде, төртеуін басқа тілдерде білемін, – дейді Виктория. – Поэзиядан басқа мен кітап оқумен, домбырада, укулеле мен гитарада ойнаумен, хореографиямен айналысамын. Болашақта Тәттімбет атындағы колледжге түскім келеді.

Қарағандының №15 жалпы білім беретін мектебінің 7-сынып оқушылары Анастасия Финонченко, Богдан Жученко және Валерия Лухманова түрлі номи­нация бойынша  І орынға ие болды.

Балаларды байқауға қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Арайлым Сма­ғұлова дайындады.

– Балаларға қазақ тілі мен әдебие­тін үйретемін және олардың поэзияға деген қызығушылығын оятуға ты­рысамын. Менің тәрбиеленуші­лерімнің әрқайсысы конкурсқа қазақ тілінде 7-ден 12-ге дейін шығарма дайындады. Шығармалардың айтылуы мен түсі­ні­луіне ерекше назар аударылды, – дейді Арайлым Смағұлова. – Балалар үшін бұл үлкен тәжірибе. Олар Бұқар жыраудың шығармашылығын үйреніп қана қой­май, қазақ тілін оның туындылары ар­қылы түсінуге үйренеді.

ІІ орынды Қарағандының №10 ЖББМ оқушысы Александр Лапкин мен «Умыр­зая» татар-башқұрт этномәдени орта­лығының өкілі Айлана Аменова бөлісті.

Үздік үштікті Суриана Джанаева, «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени орталығы, «Понтос» грек орталығынан Мария Григориади және Т. Шевченко атындағы «Рідне слово» украин этно­мәдени орталығының жетекшісі Ирина Салагина түйіндеді.

Байқау жүлдегерлері дипломдармен және ақшалай сертификаттармен мара­патталды.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ,

Қарағанды облысы