Бүгінде Тараз қаласында шешімін таппаған мәселелер жетіп артылады. Көне шаһардың атына заты сай «кө­нере» бастағандай. Оған себеп қала әкім­дігіне қарасты мекеме басшы­лары қызметтеріне атүсті қарап, тіпті әкімнің тапсырмаларына пысқыр­май­­тын болған.
Әкімді жүре тыңдағандар жазаланды
1,183
оқылды

Нәтижесінде, жос­парлы жұмыс жүйесін таппай, жарым жолда қалған. 

Тараз қаласы әкімінің аппарат бас­шысы Айбек Тасеменовтың айтуынша, жыл басынан бері шаһар басшысы тара­пынан 281 хаттамалық тапсырма келіп түс­кен екен. Жауаптылар осындағы 13 тап­сырманы орындауда салғырттық та­нытқан. 

– Берілген ескертпелерге қарамастан бүгінде қала әкімдігінің бөлімдері тара­пынан тапсырмаларды мерзімінде орын­дамау, мерзімін ұзарту немесе мәлімет ұсынбау фактілері байқалады. Сондай-ақ орындалды деп ұсынылған тапсырмалар бойынша қала әкімі аппараты қызметкер­лерінің жергілікті жерге шығып зерделеу барысында тапсырманың орындалмағаны анықталды. Мәселен, қала әкімдігінің Кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөліміне «Зарина» сауда орталығының жанында пилоттық жоба ретінде соғылған аялдаманы 6 наурызға дейін алу туралы тапсырма берілген. Бөлім тарапынан аял­дама иесі Ғ. Айбасовқа сауда павильонын алып тастау жөнінде қатынас хаты жол­данып, иесімен жұмыстар жүргізіліп, Ғ. Айбасов аялдаманы алып тастауға уәде бергені туралы қызметтік жазба ұсынылған. Тапсырманың толық орындалуын қарау барысында аялдама алынбағаны анық­талды. Яғни, тек хат алмасумен шектеліп, бөлім тарапынан тапсырма толық орын­далмаған, – деді аппарат басшысы. 

Сол секілді қала әкімдігінің сәулет және қала құрылысы бөлімі, қала әкім­дігінің тұрғын жай-коммуналдық ша­руашылық, жолаушылар көлігі және авто­мобильдер жолдары бөлімінің қызмет­керлері де жауапты қызметіне жүрдім-бардым қарайды екен. Аталған бөлімдерге Тараз қаласының әкімі «Даңқ» аллеясына аттракциондар орнатуға тыйым салу ту­ралы тапсырма берген. Сондай-ақ «Жеңіс» саябағындағы заңсыз орналастырылған сауда нүктелері мен аттракциондарды 13 наурызға дейін шығару және қала аума­ғындағы саябақтарда көктем-жаз мезгіл­деріне дайындық шараларын ұйымдастыру жұмыстары бойынша берілген тапсырма да айтылған жерінде қалған. 

Тараз қаласы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту, кәсіпкерлік, өнер­кәсіп және туризм бөлімі, сәулет және қала құрылысы бөлімі мен қала әкімдігінің тұрғын жай-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобильдер жолдары бөліміне жарнама парақшаларын орналастыруға тиісті орын белгілеу тап­сырылған екен. Алайда бөлімдер қала әкімінің хаттамалық тапсырмасын орын­дауға ниет танытпаған. 

Бұдан бөлек, Айбек Жаханбайұлы мем­лекеттік қызметшілердің әдеп норма­сын сақтамайтынын, қызметтік киім үл­гілері талапқа сай келмейтінін сын тезіне алды. Сондай-ақ әкімдікке қарасты бөлім­дердің қызметтік хаттарындағы орфогра­фиялық қателіктерден көз сүрінеді екен. 

Шаһар басшысы Бақытжан Орынбеков қала әкімдігінде өткен жиында мұндай олқылыққа жол берген басшылардың басынан сипамады. Әрқайсысынан жеке-жеке жауап алып, «сыбағасын» сөгіспен берді. Ал әлеуметтік желіні шулатқан жам­былдық 4 мектеп оқушысын соғыс өрті тұтанып жатқан Қырымға жарысқа жі­берген қалалық білім бөлімі басшысының орын­басарын немесе жауапты маманын қызметтен босату туралы ұсыныс беруді тапсырды. 

Жиында қала әкімінің кеңесшісі Дәулет Төлендіұлы да баяндама жасап, округ­тегі олқылықтарды тізіп шықты. Он­да негізгі мәселе тұрмыстық қалдықтардың дер кезінде шығарылмауы мен жеке сек­торлардағы құрылыс жұмыстарының талапқа сай жүргізілмеуіне байланысты болды. Округ инспекторларының жұмысы да қала әкімі тарапынан оң бағаланбады. Бақытжан Әмірбекұлы округ әкімқара­ларына соңғы мүмкіндік беріп, бірқатарын жұмыстан босату туралы ұсыныс енгізді. 

Қысқасы, тағайындалғанына жарты жылдан асқан қала әкімі қаһарына мін­гендей. Сөгісті қарша боратып, бірқатар бөлім басшысын қызметінен босататынын да ашып айтты. Оған негіз де жоқ емес. Естеріңізде болса, осыдан бірер апта бұрын қала әкімдігінің Кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Айдын Алтай сауда орнынан iPhone ұялы телефонын мекеме атынан жаздырып алып, ақшасын төлемей елді шулатқан болатын. Соңғы кезде осы сынды әңгі­мелер қала әкімдігінің дәліздерінде жиі айтыла бастады. Демек, шаһардың бас ғимаратына қарасты мекемелер үлкен өзгерістің алдында тұр. Ал ол өзгерістердің нәтижесі қалай болары уақыт еншісіндегі дүние.

Саятхан САТЫЛҒАН,

Жамбыл облысы