Жалдық сипаттағы Байқоңыр қа­ла­сының халқы денсаулығына алаң­даулы күй кешіп отыр. Тұрғындарды аурухана мәселесі толғандырғанына көп болған. Бірақ мәселенің бүгін-ертең шешілетін түрі жоқ.
Байқоңырдың бағы тайды ма?
1,801
оқылды

Жұлдызды қалашықтағы тұрғылықты халық «басы ауырып, балтыры сыздаса» дәрігерге қаралып, тұрақты ем қабылдауы мұңға айналып тұрғанын айтады.  Өйткені қаладағы аурухана тұрғындардың талабын орындай алмай отыр. Ал Ресейдің иелігін­дегі емдеу мекемесінде ем алу мүмкін емес. Байқоңырлықтар осылай деп мұң шағады.

Негізінен, жұлдызды қалашықта Қа­зақстан азаматтары үшін 2016 жылы облыс­тық медициналық орталықтың филиалы ашылып, қызмет көрсетіп келеді. 2015 жылдың қараша айында Мәскеуде өткен Үкіметаралық комиссия отыры­сында Қызылорда облысы әкімдігінің бастама­сымен аталмыш ғимаратты Қа­зақстан та­рапына беру туралы шешім қа­был­данған. Соның нәтижесінде ауру­хананы жабдық­тауға қосымша қаражат бөлінген. 

Алайда байқоңырлық жамағат бүгінде бұл аурухана қызметі емделушілердің бар­лық талабын қанағаттандырмай отыр­ғанын алға тартады.

«Байқоңырда тұрып жатқан қазақтар мен орыстардың үлесі тең деп айтуға кел­мейді. Қазақтар мүшкіл халде күй кешіп жатыр. Жұмыссыздық жайлап алды. Жас­тардың көбі өзге облыстарда жұмыс істеуге мәжбүр. Өйткені Байқоңырдың өзінде жұмыс жоқ. Негізінен, Байқоңыр қала­сын­дағы тұрғын үйлер Қазақстан менші­гінде болғанымен, Ресейге жалға беріліп отыр. Ал орыстар бұл үйлерді өзімізге бе­руге құлық танытпайды. Соның салдары­нан бүгінде бос тұрған үйлер жетіп арты­лады. Ал аурухана мәселесі тіпті мұңға айналып тұр. Бұған дейін қаламызда ашыл­ған облыстық медициналық орта­лықтың филиалы барлық талапты өтей алар емес», – деп мұңын шақты бұл жа­йында Байқоңыр қаласының тұрғыны Қалмырза Қуатов.

Бұл аурухана Байқоңыр қаласы мен Төретам және Абай елді мекені тұрғын­дарымен қатар 240 мыңның үстінде халқы бар Қармақшы, Арал және Қазалы ау­дандары тұрғындарының ем алуына мүм­кіндігін арттыратынына негіз қаланды. Яғ­ни, медициналық көмекке зәру солтүс­тік аудан халқының облыс орталығына қатынамай, Байқоңыр қаласында ем қабылдауына жол ашылды. 

Алғашында орталық филиалында оңалту және терапия бөлімшелері жұ­мысын бастаса, бертін келе лор, оф­тальмо­логия, гинекологиялық және хи­рур­гиялық бөлімдер мен перзентхана қызметі іске қосылды. 

«Бүгінде Байқоңырда басы ауырып, балтыры сыздамайтын адам кемде-кем. Мұның бәрі бұған дейін көкке тоқтаусыз заулаған зымырандардың салдары десек қателеспейміз. Қалада ашылған облыстық медициналық орталық филиалының жұмысы барлық талапты орындап тұр деп айтуға келмейді. Ғимаратта емхана мен аурухана қатар орналасқан. Аурухананың төсек орны барлық науқасты қамтамасыз ете алмауда. Емханасы да тексерілуге ке­летін науқастарға тарлық етуде. Бұдан бөлек, жабық қалада Ресей меншігіндегі емдеу мекемелері де бар. Алайда қазіргі ахуалға байланысты мұндай орындардың жұмысы тұралап қалды. Атап айтқанда, 

5 қабатты Байқоңыр қалалық ауруханасы барлық құрал-жабдығымен бос тұр. Бұған қоса, бұрын №167 емхана жұмыс істеген болатын. Бұл күндері осы екі ғимарат та иесіз қалды. Сондай-ақ 4 қабатты балалар емханасының бүгінде 5 кабинеті ғана жұмыс істеп тұр.  Жалпы, көптен бері қараусыз қалған ғимараттардың терезелері шағылып, күн өткен сайын тоналып жатыр», – деді Байқоңыр қаласының тағы бір тұрғыны Кеңшілік Күзенбаев.

Алғашында облыстық медициналық орталық филиалы төңірегінде түйткілді мәселелер де аз болмады. Сол кездері ау­ру­ханада дәрігерлер тапшылығы се­зілді. Ең бастысы, Байқоңыр аумағы тұрғындары үшін медициналық көмек алу тарифы 2 есеге қымбат болатын. Ал облыстық меди­циналық орталық фи­лиалының ашылуы Қазақстан заңына сәйкес төмен тарифпен медициналық қызмет алуға мүмкіндік жасады. Бұл, әсіресе Байқоңыр қала­сындағы Қа­зақстан азаматтарымен қатар Төретам мен Ақай кенті тұрғындарын қуанышқа кенелткен еді. Дей тұрғанмен, уақыт өте келе орын тапшылығы сезіліп, Байқоңыр халқын әбігерге салып тұр.

Байқоңыр тұрғындары аталмыш мәселе бойынша құзырлы орындарға, депутаттарға шағымданғанын айтады.  Жоғарыда аталған емдеу мекемелері Ресей меншігінде болғандықтан, қауқарсыздық танытып отыр.  

Аталмыш мәселеге орай Қызылорда облыстық Денсаулық сақтау басқармасына, Байқоңыр қаласындағы өкілдікке хабар­ластық. Алайда құзырлы орындар тара­пынан Ресей меншігіндегі емдеу мекеме­леріне қандай да бір уәжін білдіруге құзыреті жүрмейтінін жеткізді. Қазақстан меншігіндегі облыстық медициналық орталық филиалы тиісті деңгейде жұмыс істеп  жатқанын алға тартты. 

Ал Байқоңыр халқы жұлдызды қа­лашықта қараусыз қалған емдеу меке­мелерін Қазақстан меншігіне қайтаруға жұмыстар атқарылса екен деген талабын жеткізіп отыр. Сонда ғана  Байқоңыр қа­ласы мен қала аумағына қоныстанған ха­лықтың медициналық көмекке қолжетім­ділігі арта түсетініне сенім білдіреді. 

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,

Қызылорда облысы