Халықаралық форумда үш күн бойына көптеген өзекті мәселе қозғалды.
Арал – еркін экономикалық аймаққа айнала ма?
1,300
оқылды

Арал теңізінің мәселесі әлемдік проблемаға айналып тұр. Экологиялық ахуалы асқынған аймақта тіршілігі теңізбен астасқан тұрғылықты халықтың  тұрмысын, әл-ауқатын арттыру бағытында атқарылар жұмыстар сан алуан. Соның ішінде Арал өңіріне инвестиция тарту мақсатында жергілікті және өзге де өңірлердің кәсіпкерлері арнайы жобаларын ұсынып, талқыға салды.

Арал қаласында 15-17 мамыр аралығында  “Тұран ойпаты-Арал теңізі” қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен, “Халықаралық Аралды құтқару қоры” дирекциясы және Арал ауданы әкімдігінің қолдауы нәтижесінде “Арал – Еркін экономикалық аймақ” атты халықаралық экономикалық форум  болды. Теңізді өлкенің өткенін ой өрнегінен өткізіп, болашағын бағдарлауға негізделген халықаралық форумда үш күн бойына көптеген өзекті мәселе қозғалды.

Жиынның алғашқы күнінде Арал ауданына қарасты «Аралтұз» өндіріс орнын мемлекет меншігіне қайтару, балық шаруашылығындағы күрделі мәселелер, «Қазақстан Темір Жолы» және денсаулық сақтау саласындағы түйткілдер әңгіме өзегіне айналды. 

«Бүгінгі экономикалық форумды өткізуде Арал өңірінде Еркін экономикалық аймақ құру, экологиялық апат аймағын жасыл экономикалық аймаққа айналдыру көзделеді. Бұған дейін қоғамдық бірлестік тарапынан 2021 жылы Арал құрылтайын өткізіп, Қытайлық химиялық сода зауытын салуға тұрандықтар атынан қарсылық үнімізді жеткізген болатынбыз. Бұл талабымыз бір жыл бұрынғы «Аралға су келе ме?» және «Экомарафон-2022» қарарында көрсетілді. Биылғы жылдың басқосуының ерекшелігі – Халықаралық Аралды құтқару қорымен бірлесіп, Солтүстік Арал теңізін сақтап қалу, толтыру, еркін экономикалық аймаққа айналдырудың тиімді жолдарын қарастыру мен стратегиялық жобаларды іске қосу. Сондықтан биыл ұйымдастырған экономикалық шарамыз Арал өңірін жетекші жасыл экономикалық аймаққа айналдыруға бағытталады», дейді «Тұран ойпаты-Арал теңізі» қоғамдық бірлестігінің президенті Нұртуған Тұржанов.

Өз кезегінде ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің бас сарапшысы Төлебек Күлекеев, Халықаралық Аралды құтқару қоры атқарушы дирекциясының директоры Болат Бекнияз форум аясында ой-пікірлерін ортаға салды. Арал аумағындағы өзекті мәселелер қозғалып, түрлі кәсіп иелері өз ойларын жеткізді. Онлайн форматта депутаттар Мархабат Жайымбетов, Мұрат Ергешбаев пен Ерболат Сатыбалдин ұсыныстарын ортаға салды.

«Негізінен Арал өңірі экологиялық ахуалы ушыққан қасіретті аймаққа айналғанына 50-60 жыл болды. Осы уақыт аралығында өңірде жұмыссыздық ғана емес, адам тағдырына төнген қауіп артып отыр. Сондықтан да Аралға еркін экономикалық аймақ мәртебесі қажет деп есептейміз. Ал форумды өткізудегі неғізгі мақсатымыз – Арал тағдырына биліктің назарын аудару. Сол арқылы парламенттік отырыс өткізіп, Арал тақырыбын талқылау. Өткен жылы өткізген экомарафонда «Арал-Сырдария» бассейні мәселесін көтерсек,  бұл жолы Арал өңірінің әлеуметтік-экономикалық жағдайын қаузап отырмыз. Мәселен, Арал өңірін сақтандыру бағдарламасы жұмыс істеп жатқанымен, әлі күнге нақты нәтиже болмай келеді. Егер Аралға еркін экономикалық аймақ мәртебесін берсе, салықтық жеңілдіктерге қол жеткізіп, кәсіпкерлердің жобаларын жүзеге асыруға жол ашылар еді», – дейді қоғамдық бірлестіктің атқарушы директоры Айжарық Ералиев.

Форум аясында Арал өңіріне инвестиция тарту мақсатында шақырылған жергілікті және өзге өңірлер кәсіпкерлерінің 15-ке жуық  жобасы тыңдалды.

Форум барысында түрлі кәсіпкерлер ұсынған жобалардың ауқымдылығы байқалады. Атап айтқанда, «GLOBEL HELP - ЖАҺАНДЫҚ КӨМЕК» халықаралық қайырымдылық қоғамдық қоры  SMART CAMEL ARALFARM  – «түйе шаруашылығының инновациялық әртараптандырылған кластері» жобасын ұсынса, «Халық үміті» РҚБ тарапынан Арал өңірінде кездесетін пайдалы жер жыныстарын пайдаланып, фарфор, керамика, отқа төзімді кірпіш өнімдерін шығару жобасы ұсынылды. Сонымен қатар Арал өңірінде адам ағзасын жақсартуға қажетті антибиотиктер, ацидофильдік лактобактерия, пробиотик   «Максилин» өнімдерін өндіру, Арал өңірінде жаңбыр мөлшерін ұлғайту, яғни жасанды жаңбыр жауғызу технологиясын іске қосу секілді көптеген жоба  таныстырылды. Бір сөзбен айтқанда, Алматы, Шымкент, Тараз қалаларының жобалары талқыға түсті. 

Жалпы, форум барысында талқылау мен қарар жобасын бекіту жұмыстары қаралып, қоғамдық ұйымдар арасында меморандумдар жасалды.

 

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ

Қызылорда облысы