Кейбір дүкендер мен базарларда сөреге қойылған азық-түліктің бағасы жазылмай тұрады. Ал кей жағдайларда бағасы жазылып тұрғанымен, кассаға келгенде сатушы оның қымбатырақ екенін айтып жатады. Мұның қаншалықты заңды екенін ШҚО Сауда және тұтынушылардың құқығын қорғау департаменті басшысының орынбасары Қанат Жеңісбекұлы айтып берді.
«Тауарларда баға белгілерінің болмауы – тұтынушылардың құқығын бұзу. Аталған құқық бұзушылықты жасағандар ҚР Сауда қызметін реттеу туралы заңнаманың 193-бабы 4-бөлігіне сәйкес жауапқа тартылады. Бұл бап бойынша шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне – 6 АЕК (20 700 теңге), орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне – 10 АЕК (34 500 теңге), iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне – 30 АЕК (103 500 теңге) мөлшерінде айыппұл салынады», – дейді ол.
Ал сатушының азық-түлікті көрсетілген бағадан қымбатырақ сатуы – «Тұтынушылардың құқығын қорғау туралы» заңның 24-бабын өрескел бұзу. Осындай жағдайға тап болған өңір тұрғындары Сауда және тұтынушылардың құқығын қорғау департаментіне шағымдана алады.