Шымкентте неке түнінде әйелін өлтірді деген ер адамға қатысты сот үкімі шықты. 11 айға созылған тергеу барысында 39 жастағы Шымкент қаласының тұрғыны 9 жылға сотталды. Бірақ сотталушы өз кінәсін мойындаған жоқ. Қылмыстық іс адам денсаулығына аса ауыр зиян келтіру бабы бойынша қозғалған болатын.
Шымкентте өзінің әйелін өлтірген азамат 9 жылға сотталды
1,187
оқылды

Неке түнінде әйелін өлтірген 39 жастағы шымкенттік тұрғын сотталды. Оқиға Д.Қонаев гүлзары бойындағы пәтерлердің бірінде болған. Белгілі болғандай, жаңа үйленген жұптың арасында жанжал туындап, сотталушы әйел адамның жағы мен оң жақ иегі тұсына жұдырығымен ауыр соққы жұмсаған.

Сәбит Төреханов, Шымкент қалалық ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі сотының судьясы: “Сотталушы Д. 2022 жылдың 26 маусымы күні жәбірленуші Б.-мен Шымкент қаласының Д.Қонаев гүлзары бойындағы үйдің пәтерінде бола тұра, араларында туындаған ұрыс-керіс барысында жәбірленушінің жағы мен оң жақ иегі тұсынан жұдырығымен ұрып-соғып, қасақана ауыр дәрежедегі дене жарақатын салған, нәтижесінде Б.-ның өліміне әкеп соққан. Сотталушының қылмыс жасаудағы кінәсі сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында жинақталған дәлелдемелермен расталды”.

Сотталушының кінәсі тергеу нәтижесінде расталып, ол сот шешімімен 9 жылға бас бостандығынан айырылды. Бірақ сотталушы өз кінәсін мойындамаған көрінеді. Ал 32 жастағы марқұмның анасы шешімнің тым жұмсақ екенін айтып, сұхбат беруден бас тартты. Айта кетейік, сот үкімі әлі күшіне енген жоқ. Егер қос тарап шешіммен келіспесе, 15 күн ішінде апелляциялық шағым түсіруіне болады.

Сәбит Төреханов, Шымкент қалалық ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі сотының судьясы: “Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты Д.-ға қатысты ҚК-нің 106-бабы 3-бөлігімен қылмыстық істі қарады. Сот отырысы ашық тәртіпте, мемлекеттік айыптаушының, жәбірленуші өкілінің, сотталушының, оның қорғаушыларының қатысуымен өткізілді”.

Ер адамның бірінші некесінен 4 баласы, ал марқұмның артында 1 қызы қалды. Күйеуінің қолынан қаза тапты деген әйел мектепте мұғалім болған. Сотталушының туған-туыстарының сөзіне сенсек, олар қайғылы оқиға болатын күні мұсылманша некесін қиған екен. Ал сот барысында олардың спирттік ішімдік ішкені анықталды.