Белгілі журналист әрі тележүргізуші Динара Сәтжан жаппай орамал таққан блогерлердің әрекетіне таңғалып, тіпті олардың кейбірі бұл үшін ақша алатынын айтты. Журналист бұрын әлеуметтік желіде жеке өмірін, сондай-ақ дене бітімдерін мақтан етуді ұнататындардың жаппай хиджаб киіп кеткеніне таңданады.
Блогерлерден хиджап кигені үшін үлкен ақша ұсынатынын естідім – Динара Сәтжан
3,641
оқылды

“Мен өз басым дәстүрлі қазақы исламды ұстанамын. Әр жұма сайын шелпек пісіріп, бейіт басында Құран оқытамын. Баланы қырқынан шығару және тұсаукесер дәстүрлерін құптаймын. Біздің өз мәдениетіміз бен дәстүріміз бар. Келесі ұрпаққа жеткізуіміз тиіс тарихымыз бар. Ал бірнеше он жылдықтан кейін, тіпті жылдардан кейін біздің қазақ әйелдері қара хиджаб киіп жүрсе ше?! Біз осыны қалаймыз ба?”, – дейді журналист әлеуметтік желідегі парақшасында.

“Мен мұны неге көтеріп отырмын? Өйткені мен блогерлерден орамал таққаны үшін ақша ұсынылғанын және сомалар өте үлкен екенін естідім. Мені қорқытатын да  осы”, – деп жазады журналист.

Оның жазбасы әлеуметтік желіде үлкен талқыға түсті. Қолданушылардың кейбірі журналистің өзі де оларды жарнамалап жүргенін айтып, неліктен ойын өзгерткенін сұраған.

Айта кетейік, соңғы кездері әлеуметтік желілерде миллиондаған аудиториясы бар қазақстандық жұлдыздар хиджаб киіп, дінге бет бұрғанын ашық көрсетіп жүр. Мысалы, 3 миллионға жуық жазылушысы бар Кәмшат Жолдыбаеваны және осындай аудиториясы бар танымал әнші Мөлдір Әуелбекованы келтіруге болады. Әлбетте, аты аталған жұлдыздарды ақша үшін хиджаб киді деуге болмайды. Алайда бір уақытта орамалға оранған жұлдыздардың тенденциясы алаңдататыны жасырын емес.