Қызылордалық оқушы оқытудың әдістемесін жетілдіретін жаңа математикалық кесте ойлап тапты.
Қызылордалық оқушы математикалық кесте ойлап тапты
1,454
оқылды

Соңғы жылдары қызылордалық өрендер білім бәйгесінде жүзден жүйрік шығып, еліміздің білім саласын тың жаңалықтар енгізіп жүр. Соның бірі – қызылордалық оқушы оқытудың әдістемесін жетілдіретін жаңа математикалық кесте ойлап тапты.

Жас математик Роза Садық Қызылорда қаласындағы И.В.Панфилов атындағы  №5 Мектеп лицейінде білім алады. Көпті таңғалдырған тың жаңалық математиктердің оң бағасын алып, «Роза – өлшем бірліктері кестесі» деген ресми атауға ие болды. Зерттеу жұмыстарының жүргізілуі нәтижесінде Ұлттық зияткерлік меншік институтының талабына сай жас автор Роза Садық пен жетекшісі Ғабиден Төлеубайұлына арнайы сандық куәлік те берілген. Жас математик бұл жаңалығын «Зерде» республикалық ғылыми зерттеу жобалары конкурсының кезеңіне ұсынып, нәтижесінде байқаудың гран-при иегері атанып отыр. Ғалымдар жаңа кестенің тиімлілігін анықтап, таңданыс білдіруде.

«Оқушымыздың ойлап тапқан жаңа кестесін ғалымдар еліміздің білім саласына тың серпін беретін бірегей жоба деп бағалап отыр. Жобаның басты жаңалығы – математикалық өлшем бірліктермен жұмыс жасаудың әдістемелік кестесін есептеп шығару барысында қолдану болып табылады. Ерекше әдістің тиімді тұстары аз емес. Содан да болар, математиканы оқытудың әдістемесін жетілдіретін бұл жаңа кесте бүгінде білім беру ұйымдарында сабақ процесінде қолданыла бастады», – дейді жетекшісі Ғабиден Төлебайұлы.

Аталмыш мектеп-лицейдің 6-сыныбында оқитын жас математик үздік оқушы. Әкесі Асылхан жеке кәсіппен айналысса, анасы Жанат Жүнісова білім ордасында ұстаздық тәлім береді. Білімді отбасының балаларын әжесі Қабира өз тәрбиесіне баулып отыр.

«Бұл еңбегім білім алудың тиімді тетігін қалыптастырады деп ойлаймын. Ғалымдардың оң бағасын алғанына қуаныштымын. Алла қаласа, келешекте Қызылорда қаласындағы Е.Әуелбеков атындағы дарынды балаларға арналған лицейде оқуымды жалғастырғым келеді. Білім саласына жаңа леп қоссам деген арманым бар. Осы мақсатта 28 мамыр күні өтетін қабылдау емтиханына дайындалып жүрмін. Кестемен де жұмысымды жалғастырамын. Енді жаңа кестенің жоғары сыныптардағы қолданысын жетілдіруді ойластырып жүрмін», – деп алдағы жоспарымен бөлісті Роза Садық.

Айта кетейік, білім бәсекесінде 600-ге жуық қатысушының арасынан дара шыққан қызылордалық оқушының бұл еңбегі математика іліміне тағы бір жаңа формула ретінде енгізіліп отыр.

 

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,

 

Қызылорда облысы