Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің "Жетісу" кеден бекетінің лауазымды тұлғалары Алматы қаласы бойынша Экономикалық тергеу департаменті және ҚР ҰҚК Шекара қызметімен бірлесіп Алматы қаласы Авиациялық көлік прокуратурасының үйлестіруімен жүргізілген кедендік бақылау кезінде ҚР территориясынан адам денсаулығына зиянды препараттарды заңсыз әкету әрекетінің жолын кесті.
"Анықталған салмағы 92,5 келі болатын 2 923 қаптама түріндегі дәрілік препараттар биологиялық белсенді қоспа болып саналады. Сонымен қатар, кедендік сараптаманың қорытындысы бойынша таблетка және ампула түріндегі биологиялық белсенді қоспалар ҚР аумағында экспорты мен импорты шектелген күшті анаболикалық стероидтер екені анықталды. Бұл дерек бойынша материалдар іс жүргізу шешімін қабылдау үшін Алматы қаласы бойынша Экономикалық тергеу департаментіне жолданды", – деп хабарлайды Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің баспасөз қызметі.