Қарағанды облысында мәдениет және өнер саласының үздік қызметкерлеріне құрмет көрсетілді. С.Сейфуллин атындағы Қарағанды академиялық қазақ драма театрында өткен салтанатты шарада 26 адам өңір әкімі сыйлығына ие болды.
Үздіктер сыйлық алған күн
1,340
оқылды

Бұл сыйлыққа биыл алғаш рет «Жыл ар­хивисі» аталымы қосылды.

– Мемлекет мәдениет пен өнер сала­сына жан-жақты қолдау көрсетеді. Биыл Сәкен Сейфуллин және Станиславский атындағы театрлар, сондай-ақ Теміртау жас көрермендер театры үшін жайлы автобустар сатып алынып, облыстық та­ри­хи-өлкетану мұражайының көрме зал­дары реэкспозициясына қаражат бөлі­неді. Қазір Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің жас мамандарына арналған отбасылық жатақхана ретінде тұрғын үйді қайта жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Бұл шаралар кәсіби тұрғыда өсуге қандай да бір ынталандыру бола-ды, – деді Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Ермек Алпысов.

С.Сейфуллин атындағы Қарағанды академиялық қазақ драма театрының әртісі, актер Кеңес Жұмабеков және Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестік басшысының орынбасары Ға­зиз Әжбағамбетов «Мамандыққа адал­дығы үшін» бас марапатының иегерлері атанды.

Қарағанды музыкалық комедия театры­ның әртісі Мария Васильева 20 жыл бойы өнерге қызмет еткен. «Жыл әртісі» аталымы ол үшін жағымды тосын сый болды.

– Бүгінгі эмоциям керемет. Бұл көптен күткен және сонымен бірге күтпеген сыйлық. Мұндай марапаттар шабыттандырады, ынта береді. Мәдениет пен өнер – менің өмірім, – деп мойын­дайды Мария Васильева.

«Жыл дирижері» аталымының жеңім­пазы Ерлан Бақтыгерей үшін де сыйлық маңызды.

– Сыйлық жақсы көмек болады. Дирижер ретінде 27 жыл, ал Қали Бай­жанов атындағы концерттік бірлестіктің академиялық оркестрінде 15 жыл жұмыс істеймін. Барлық өнер қайраткерлеріне шығармашылық шабыт тілеймін, ешқа­шан үміт үзбеңіздер, жұмыс істеңіздер, жұмыс істеңіздер және тағы да жұмыс істеңіздер. Өйткені біз адамдарға қуаныш сыйлаймыз. Қарағандыда еңбек ету мен үшін үлкен мақтаныш, – дейді Тәттімбет атындағы Қазақ халық аспаптары акаде­миялық оркестрінің бас дирижері.

Сонымен қатар Айдос Нұрмағамбе-тов мен Мария Васильева – «Жыл әрті-сі», Виктор Горемыкин – «Жылдың үздік театр режиссері», Ерлан Бақтыгерей – «Жыл дирижері», Ершат Қонақбаев – «Жылдың эстрада жанрының вокалисі», Нұрбол Темірғалиев – «Жылдың клас­сика жанрының вокалисі», Амангелді Үсенов пен Вадим Латыпов – «Жылдың үздік инструменталисі», Людмила Про­пищан – «Жылдың үздік жеке аспапта орындаушысы», Ришат Шабденов – «Халық әнін үздік орындаушы», Нұр­­құлан Хасимхан – «Жыл хореог­ра­фы», Айсұлу Ахметжанова «Балет және хореографиялық ұжымның үздік әртісі», Темірбек Сыздықов – «Көркемөнерпаздар ұжымының үздік жетекшісі», Серік Мұқанов – «Демалыс уақытын үздік ұйымдастырушы», Гаухар Молдабаева – «Ауыл мәдениетінің үздік қызметкері», Шолпан Ахметбекова – «Ауылдың үздік кітапханашысы», Марина Подгайнова – «Үздік кітапханашы», Ержан Нұрма­ғанбетов – «Үздік музей қызметкері», Есжан Әміров – «Жыл композиторы», Сағат Батырханова – «Алтын жолақ», Дидар Ками – «Үздік айтыскер», Кәріп­бек Күйіков – «Жылдың үздік суретшісі», Ольга Беркун «Жыл архивисі» аталы­мында үздік атанды.

Гүл мен қошемет, музыка, ән  мен би мәдениет пен өнер қызметкерлеріне арналды. ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, «Астана опера» театрының жетекші солисі Жаннат Бақтай, алматылық The Jigits тобы, Х-Factor телевизиялық жобасының финалисі теміртаулық Андрей Сергеев және басқалар мерекелік көңіл күй сыйлады.

Облыс әкімінің үздік мәдениет және өнер қызметкерлеріне арналған сыйлығы 18 жыл бұрын бекітілген. Осы жылдар ішінде кәсіби байқауға 1 780 адам қа­тысып, 425 мәдениет және өнер өкілдері сыйлық лауреаттары атанды.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ,

Қарағанды облысы