Кеңес заманынан бері ке­ле жатқан тозығы жеткен кәріз жүйелері Ақмола об­лысы тұрғындарын титықта­тып бітті.
Кәріз жүйесіне арыз көп
1,228
оқылды

Тіпті, облыс орта­лы­ғы Көк­шетау қаласының, сон­дай-ақ өңірдің ірі өнеркә­сіп ошағы са­налатын Степно­гор қала­сын­дағы кәріз жүйелері­нің 90 пайызға жуығы тозғаны анық­талды. Ал мұнымен қоса об­лыс­тың жартысына жуы­ғын­да кәріз жүйесі мүлдем жұмыс істемейтін болып шықты. 

Кәріз жүйесінің дұрыс жұмыс істемей, қолқаны қабатын иістен әбден зәрезап болған тұрғындар жанайқайын айтып бармаған жері қалмаған. Есесіне жергілікті ат­қарушы органдар мен құзырлы ме­кемелер құрғақ уәде беруден әрі аса алмай жүр. Бұл жағдай өңір эко­логтерінің де мазасын қашы­рып отыр.

Өңірдегі ірі қалаларда кәріз жүйе­лерінің әбден тозғанын Степ­ногор қаласында өткен халықпен кездесу барысында Экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменова да атап көрсеткен. Министр жауаптыларға аталған мәселені шешуді қолға алуды ес­керт­кен. Кездесу бары­сын­да жер­гілікті атқарушы билік өкіл­дері кәріз жүйелері мен тазарту қон­дырғы­ларын жаңғырту өңірдегі экология­лық мәселелерді кешенді шешудің Жол картасын жасау ке­зінде ес­керіліп, облыс әкімдігі­нің бақы­лауында екенін айтып ақталған еді. 

Жуырда Ақмоладағы өңірлік коммуникациялар қызметі ұйым­дастырған брифинг барысында облыстағы кәріз жүйесінің мүшкіл жағдайы тағы бір мәрте көтерілді. Ақмола облысының Экология де­пар­таментінің мәліметінше, кәріз жүйесіндегі жағдай өзекті бола түскен.  Тіпті, облыс аумағының жар­­тысы­на жуығында кәріз жүйесі мүлде жоқ әрі жұмыс істемейді. Ве­домство басшылығының келтір­ген деректеріне сенсек, тұтастай облыс аумағында кәріз жүйелері күрделі жөндеуді әрі ауыстыруды қажет етеді. Кәріз тазарту қондыр­ғы­ларының басым бөлігі өткен ға­сыр­дың 90-жылдарында салын­ғандықтан, күрделі жөндеу жұмыс­тарын жүргізу керек. Облыстық Экология департаменті басшысы­ның орынбасары Ержан Ахметов­тің айтуынша, тіпті Көкшетау қа­ласының өзінде кәріз тазарту қондырғылары өткен ғасырдың 90-жылдарында салынған және күрделі жөндеуді қажет етіп тұр. Ал Степногор қаласындағы жағдай бұдан да мүшкіл. Мұнда қаладағы екі стансаның бірі күрделі жөндеу жұмысын немесе жаңа стансаны салуды қажет ететін күйге жеткен. Екі қалада да кәріз жүйесінің 90 пайызға жуығы тозған. 

Облыс орталығында тазарту қон­дырғысының көбі жөнді іс­темейді, тіпті көпшілігі әлдеқа­шан бітеліп те қалған. Осыдан кейін қолқаны қабатын қолаңса иіс айналаны шарпитын халге жеткен.

Мәселен, тек соңғы бір жыл ішінде ғана өңірдің бірнеше ком­муналдық кәсіпорнына тексеріс жүргізген экологтер жылдар бойы қоршаған ортаны ластап келген заңбұзушылықтарды анықтаған. Тексерілген нысандарда кәріз та­зарту қондырғыларынан қоршаған ортаны ластайтын заттар бекітілген нормативтерден бірнеше есеге асып түскені белгілі болды. 

«Экология департаменті өз құзыреті шеңберінде ағын суды тарату және ағынсу сарқындысын төгуді жүзеге асыратын барлық заңды тұлғамен экология заңна­масы, Кәсіпкерлік кодексіндегі талаптардың сақталуына бақылау жүргізеді.  Атап айтқанда, «Көк­шетау су арнасы», «Ерейментау су арнасы», «Макинск Жылу» белгі­ленген мөлшерден артық ластау зат­тарын қоршаған ортаға жібер­гені анықталған. Қазір «Көкшетау су арнасы» және «Ерейментау су арнасы» коммуналдық кәсіпорын­дарына қатысты сот процестері өтіп жатыр», – дейді Ақмола об­лысы Экология департаментінің басшысы Ержан Ахметов. 

Департамент дерегінше, қазір облыс аумағында тек 13  кәріз тазарту қондырғысы бар. Оның ішінде тек Көкшетау, Щучинск, Державинск, Қосшы қалалары мен Ақмола ауылында толық биологиялық тазарту жұмыстары жүргізіледі. Аталған аймақтарда ағын суға жіберуге рұқсат етіліпті.  

Ал ағын суға жіберуге рұқсат етіл­ген Ақкөл, Атбасар, Ерей­ментау, Макинск қалалары мен Шортанды кентінде кәріз тазарту қондырғысы тек механикалық жолмен тазар­тылатын болып шық­ты. Сондай-ақ Сандықтау ауданы­ның Шаңтөбе кентінде де меха­ника­лық жолмен тазартылып әрі қарай биотоғанда табиғи жолмен тазартылатыны белгілі болды. 

Ал ең сорақысы сол, жоғарыда аталған аймақтардан басқа аудан­дарда кәріз тазарту жүйесі мүлде жоқ екені анықталған. Аудандар­дағы кәріздердің болмауы алаң­датар­лық жағдайға жеткен. 

– Сегіз аудан орталығында кәріз тазарту қондырғысы атымен жоқ. Яғни, бұл дегеніңіз – аудан орта­лық­тарының іс жүзінде 50 пайызы деген сөз. Бұл топқа Астра­хан, Егіндікөл, Есіл, Жақсы, Зе­ренді, Сандықтау, Қорғалжын және Біржан сал ау­дандары кіріп отыр. Осыған бай­ланысты ағын суға сар­қын­дыларды төгуге рұқ­сат жоқ, – дейді Ақмола облысы Экология департаменті бас­шы­сының орынбасары Ержан Ахметов. 

Өңірдегі кәріз жүйесінің жағ­дайы осындай аса алаңдатарлық күй­де болғанымен, оның қашан қал­­пына келтірілетіні әзірге бел­гісіз. Мәселені шешудің бір ұшы бюд­­жетке келіп тіреледі. Милли­ар­д­­­таған соманы қажет ететін кәріз жүйесі қалпына келгенше қор­шаған ортаға қанша зиян келетінін ойлаудың өзі қорқы­нышты.

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, 

Ақмола облысы