Шымкентте осыдан 3 жыл бұрын, яғни 2020 жылдың қараша айында «1000 сауда нүктесі» жобасы аясында 38 кәсіпкерге жер телімін беру жөнінде комиссияның шешімі шыққан еді. Бұл туралы әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлаған-ды.
Жүйесіз «жобаның» құрбаны
928
оқылды

Бұл жоба Шымкент қаласында­ғы шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға арналған «Іскер қала» деп аталатын өңірлік бағдарлама­ның үшінші бағыты саналады. Қа­ладағы сауда нүктелерін ұлғайту аясында шағын кәсіп иелеріне қаланың халық тығыз орналасқан аумақтарынан жылжымалы сауда нүктелері 10 жылға сенімгерлік бас­қаруға берілді. Бұл бағдарламаға отандық тауар, түрлі кәдесый са­татын, франшизамен жұмыс іс­тейтін және жылдам тамақтандыру орнын ашуды ұйғарған кәсіпкерлер қатысқан-ды. Мобильді сауда нүктелері үшін көлік құралының техникалық құжаты немесе оны жалға алу келісімшарты және кө­ліктің талапқа сәйкес жабдықталуы талап етілген. Талапта бұл бойын­ша 20 шаршы метрге дейін жер телімін жалға алуға болатыны көрсетілген. 

Жер телімдері кәсіпкерлерге қолайлы шарттармен ұсынылған. Онда кәсіпкердің жылына әр шаршы метр үшін 21 141 теңге тө­леуі міндеттелген. Сауда нүктелері­нің көлемі 6-40 шаршы метр шамасында, яғни орта есеппен сауда нүктесінің бағасы жылына 400-500 мың теңгені (айына 35-40 мың теңге) құрайды. Жер учаскесін пайдалану мерзімі – 10 жыл. Кә­­­сіп­керге қойылатын басты шарт – нысан жеңіл конструк­ция­дан са­лыну қажет және кәсіп түрі биз­нес-жоспарға сәйкес болуы тиіс. Ал кө­ше саудасы мен қызмет көр­сету ны­сан­дарын орналастыру үшін жер учаскелерін сенімгерлік бас­қаруға беру жө­ніндегі конкурс­қа құжаттар­ды қа­былдауды «Shymkent» әлеу­мет­тік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ үйлестіріп отыр. 

Әкімдік берген жер заңсыз болып шықты

Жуырда биліктің осы жоба­сынан шикілік шықты. Шымкент қаласында Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарайтын Жер ресурстары департаментінің жер мониторингі бөлімі «1000 сауда нүктесі» жобасына қатысушылар алған жер заңсыз деген шешім шығарып отыр. Олар жерді се­нім­герлікке алғандар бойынша бір­тіндеп сотқа жүгінуді бастаған. Тіпті, бірқатарына сот шешім де шығарып берді. 

Ал осынау жобаға қатысып, «Shymkent» ӘӘК» АҚ-мен жа­салған келісімге сенген 48 шағын кәсіп иесі кәсіпкерлігін дөңгелету үшін бүгінге дейін қыруар қаржы жұмсаған. Мына тосын хабар оларға аспаннан жай түскендей әсер қалдырды. Жақын күндері бизнесінен айырылу қаупі туын­да­ған кәсіпкерлер Шымкент қала­сын­дағы «Атамекен» кәсіпкерлік палатасына жиналды. 

Ашынған дүңгіршек иелері «Біз сонда биліктің эксперимен­тіміз бе? Бір жағы шешім шы­ғарып береді, келесі бөлімі мұны жоққа шы­ғарады? Бұл қалай болғаны?», – деп жанайқайын білдірді олар. 

Ал бөлім мамандары жер телімдерін берудің заңдылығын тексеру жұмыстарын бастаған. Осы кезде олар жер заңнамасын өрескел бұзылғанын анықтайды. Оны ретке келтіру үшін Шымкент қаласы әкімдігінің сол жерлерді беру туралы қаулыларын жарамсыз деп тану туралы талап арыздарды сотқа жолдаған. Бөлім жетекшісі жер аукционсыз бөлінгенін айта­ды. «Біз бұл жерлердің инновация­лық жобаларды жүзеге асыру үшін заңсыз берілгенін анықтадық. Бі­рақ дүңгіршек саудасы инновация­лық жоба емес, сондықтан жер аук­цион негізінде берілуі керек еді. Осының негізінде біздің департа­мент экономикалық сотқа талап арыздармен жүгінді. Қазір 5 талап арыз сотпен қанағаттандырылды, тағы 11 талап арыз қаралуда», – деді Ауыл шаруашылығы министр­лігі Жер ресурстарын басқару де­партаментінің Шымкент қаласын­дағы жер мониторингі бөлімінің басшысы Дархан Мұхамедиев. 

Тұрмыстық химия дүкенінің иесі Саид Нәлібаев «Шымкент» ӘКК жер телімі үшін байқау ұйым­дастырып, аукцион өткізгенін айтады. «Шаршы метріне 21 мың 144 теңгеден басталған бастапқы баға бойынша ақша құйып бай­қау­ға қатыстық. Енді, міне мемлекет­тік орган коммерциялық құрылым­дар­ды бұзуды талап етіп, тығы­рыққа тіреді. Мен осы бизнестің аясында тазалық компаниясын құрдым. Компаниямызда біраз адам жұмыс істейді. Енді олар қайда барады?», – дейді ол. Жо­басын жүзеге асыру үшін ДАМУ қорынан несие алып, 10 млн теңге көлемінде қаржы шығындаған кәсіпкер мемлекеттік органдардың бұл шешіміне таңырқай қарайды. Бір қолымен беріп, екінші қолы­мен алып жатқан мемлекет орган­дардың әрекеті ақылға қонбайды деп ашынады ол. 

Сонымен қатар ет саудасымен айналысатын Бясси Мамедованың да бизнесі қыл үстінде тұрғандар­дың қатарында. Qaz ET брендінің негізін қалап отырған кәсіпкер оның сауда нүктелеріндегі ет ба­ғасы базарларға қарағанда әл­де­қайда арзан екенін айтады. Ол кә­сібін дамытуға 15 миллион тең­ге­ден астам қаржы құйған. Өкініш­ке қарай, оның дүңгіршектерін бұзу талап етілуде. «Біз етті әлеу­мет­тік бағамен сатамыз. Базар­ларда 2 800-ден басталса, біздің сауда нүктеле­рінде еттің келісі 2 400 теңгеден. Бұл жеңілдіктер «1000 сауда нүк­тесі» бағдарлама­сының аясында жүзеге асып отыр. Яғни, бізге ха­лық­қа тиімді, қо­лайлы жағдай жасау жүктелген. Біз енді не іс­тейміз?», – деп ренжіді кә­сіпкер.

Осылайша, кәсіпкерлік пала­та­сына жиналған тараптар әрқай­сысы өз әрекетінің заңды екенін дәлелдеуге тырысты. 

Кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс?!

Барлық түйткіл өздеріне тірел­ген «Шымкент» ӘКК» АҚ басшы­лы­ғы да бұл жағдайға түсінбей отыр­­ғанын жеткізді. Басқарма тө­ра­ғасының орынбасары Ерлан Қаттабеков 2019 жылы «1000 сауда нүктесі» жобасын ұйымдастыру және жер телімдерін беру кезінде ешқандай ескертулер болмағанын ес­ке салды. «Жер телімі заңға сәй­кес ашық түрде бөлінді. Жер ре­сурстарын басқару бөлімінің ма­ман­дары сотта аумақтар аукцион­сыз бөлінгенін айтты. Алайда бұл жоба аясында кәсіпкерге жер телімінің сатылмайтынын, яғни то­лықтай мемлекет меншігінде екені ескерілмеді. Мәселені қала­лық жер комиссиясының отыры­сын­да қараған соң шешім қабыл­данды. Қала әкімдігінің тиісті қау­лысы бар, яғни жер заңды берілді», – деді ол. 

Әлеуметтік-кәсіпкерлік кор­порациясының өкілі аталған жоба аясында Шымкентте 10 жылға дейінгі мерзімге 48 жер телімі конкурстық негізде сенімгерлік басқаруға берілгенін айтты. 200-ден аса жаңа жұмыс орны құрылып, кәсіпкерлер осы аралықта қала бюджетіне 750 миллион теңгеден аса қаржы құйған. «Біз әрқашан бизнесті қолдаймыз, бірақ, өкі­нішке қарай бұған кейбір мемле­кеттік органдар кедергі келтіріп жатыр. Тіпті, сот арқылы тартып алуға көшті. Түптеп келгенде ол жер әкімдіктің балансында тұр, тек жоба аясында кәсіпкерлерге уа­қыт­ша сенімгерлікке берілген», – деді Ерлан Қаттабеков. 

Прокуратура өкілі сот актілері болғанымен, шешім әлі күшіне енбегенін, апелляциялық сатыда қайта қаралуы мүмкін екенін ай­тып, кәсіпкерлердің көңілін аула­мақ баспақ болды. 

Енді жер учаскелерін әлеу­меттік-кәсіпкерлік корпорацияға уақытша пайдалануға беру туралы қала әкімінің шешімі жойылған кезде ӘКК жер телімдерін тікелей кәсіпкерлікке сенімгерлік бас­қаруға берген келісімдердің күші жойылмақ. Прокуратура өкілі кәсіпкерлердің кінәсі жоқ екенін, алайда әкімдіктің шешімі заңсыз деп танылса, бұл жер телімдеріне қатысты одан әрі әрекеттер заңсыз деп танылып, жойылатынын ес­кертті. 

Қадағалау органы «1000 сауда нүктесі» жобасының қатысушы­ларына қаржылық шығындарын өтеу, тіпті моральдық шығынды өндіру үшін азаматтық заңнама аясында «Shymkent» ӘКК-ге қарсы талап арыздарымен сотқа жүгінуге кеңес береді.

Айта кетейік, мұндай жоба бір­неше жылдан бері Астана қала­сында сәтті жүзеге асырылып келе­ді. Қарап отырып, мемлекеттік ор­гандардың бір-бірімен байла­ныс­сыз, жүйесіз жұмыс істеуінің салдарын қарапайым халық зардап тар­тып отырғанын анық аңғаруға бо­лады. Екі ортада шыбын өледі­нің кері... 

Назгүл НАЗАРБЕК,

Шымкент қаласы