Елордада ішімдікке салынған, нашақор жандардың баспанасыз қалып, өмірлік қиын жағдайға тап болған кезінде паналатып, көмек қолын созатын мекеме бар.
«Қазақстанда отырмаған зонам қалмады» – алматылық профессордың баласы 13 жасынан анашаға үйір болды
34,140
оқылды

«Қазақстанда отырмаған зонам қалмады» деген Тайыржан есімді жігіт 12-13 жасынан анаша шеге бастағанын айтады. Өзі Алматының тумасы. Жасы – 40-тар  шамасы. Ата-анасы да көзі ашық, оқыған жандар. Бірі – ғылым докторы болса, енді біреуі – профессор.

 Анаша шегу – ермектен басталған

 Тайыржанның айтуынша, кішкентайынан қиындық көрмеген, баршылықта өскен. «Не ішемін, не жеймін деп уайымдаған емеспін. Күні бойы әке-шешем жұмыста, ал менің өз еркім өзімде еді. Бәрі 13 жасымда арнайы мектепке жібергеннен басталды» деп әңгімесін бастаған Тайыржан өткен күнді еске алғысы келмейтінін білдірді. Есірткі салдарынан алғаш 16 жасында жасөспірімдер колониясына отырып шыққан.

– Шынын айтсам, тым қатты еркелетіп жіберді. Ақшадан да, пәтерден де қиналған емеспін. Түрмеге бір емес, бірнеше рет отырып шықтым. Әр шыққан сайын анама барамын. Ақшаны да, пәтерді де, көлікті де береді. Содан «баяғы жартас – бір жартас» демекші, бұрынғы қалпыма қайта түсемін.  Оның арасында бір емес, төрт рет үйленіп те үлгердім. Қазір үлкен балам 14-ке келді. Жарты жылда бір көрісіп тұрамыз, – дейді Тайыржан.

Бүгінде оның нашақорлықтан емделіп жатқанына екі жыл болған. Ең әуелі «Лига добра» орталығы жайында 2020 жылдың жаңа жылында, көшеде ілулі тұрған хабарландырудан көрген.  Жекеменшік қор – ішімдікке салынған, нашақор жандардың баспанасыз қалып, өмірлік қиын жағдайға тап болған кезінде паналатып, көмек қолын созатын мекеме. Астанадағы филиалы 2018 жылы ашылған.

 Панасыздар мекені

– Біз  жекежайларды жалға алып, барар жері, басар тауы қалмаған жандарға көмектесеміз. Мұндай жағдай өз басымнан да өткен. Он жылдай анаша шегіп, осыдан айыққан жанмын. Ондай халге түскен адамның түзелуге ниеті болса, көмек қолын неге созбасқа?! Білсеңіз, көп жағдайда адамның бір ғана күш-жігері аздық етеді. Кейбірі осыны көтере алмай сынып кетеді. Ондай кезде адам қайта өзінің бұрынғы әдетіне салады. Сондықтан жанында қолдау, демеу болғаны жөн.  Ал өзі секілді жандардың ойы бір жерден шығуы – бір-біріне сүйеу, – дейді мекеменің жетекшісі Андрей Зулин.

Айтуынша, өзі Ресейдегі «Лига добра» орталығында оңалтудан өткен. Сөйтіп,  Қазақстаннан оның филиалын, яғни Астанадан ашқан.  «Негізі  орталығымыздан айығып шыққан кейбіреулер осында қалып, ары қарай жұмыс істегісі келеді. Одан біз бас тартпаймыз, керісінше барымызды саламыз», – деді ол.

 Әзірге бұл орталықтың Астанада бір ғана филиалы бар. Ал Алматыда – бесеу, Қарағандыда екеуі ашылған. Әр үйде адам саны әртүрлі болады. Жалпы алғанда, әрбір үйде 10-15 адамнан бар.

– Қиындықтың бәрі пандемиядан кейін басталды. Оның ішінде әлемдегі геосаяси ахуал да, ел ішіндегі дүрбелең де әсер етті. Шекара жабылып, халықтың жүріп-тұруы қиындады. Құжатсыз, жұмыссыз, баспанасыз қалғандар да көбейді. Әсіресе, күн суытып, қыс түскенде пана іздейтіндердің саны еселене түседі. Мысалы, Астанадағы Ер-Тарғын 26 мекенжайындағы саяжайда 15 ер азамат және 2 әйел тұрады. Екеуі үйдің тазалығына, тамаққа жауап береді, – дейді Андрей Зулин.

 Анашаны түрмеден де табуға болады

– Түрмеден шыққан кезім. Көшеде «нашақор мен ішімдіктен арылғыңыз келсе, хабарласыңыз! Панасыздарға көмектесеміз» деген хабарландыруды көріп, хабарластым. Алматыдағы филиалы  ертеңінде мені Астанаға жіберді. Ешкім-ешкімді сөкпейді, істегенін бетіне баспайды. Керісінше, қолдап, демеп жіберетіні ұнады. Содан осында қалдым. «Өмірің түзеле бастады» деп анам да қуанды, – дейді Тайыржан.

Бірақ оның қуанышы ұзаққа бармады. Бір күні жұмыс істеп жүрген жерінен оны полиция алып кеткен. Сөйтсе, іздеуде жүріпті. Қайта қамауға түсіп, үш ай түрмеде отырып шықты.

– Мерзімді өтеп, 2021 жылғы маусым айының  соңында бірден осы жаққа жол тарттым. Әкем де, шешем де, ағайын-бауырым да бар. Шынын айтсам, оларға салмақ салғым келмеді. Және оларға барсам, бұрынғы әдетіме қайта салып, анашаға отырып аламын деп ойладым. Бұл пәледен құтылғым келді. Мекемеде жүргеніме екі жыл болды.  Қазір таныстарым көріп қалса, шекпей кеткенің қалай деп таңғалады. Ендігі арманым – Алматыдағы қызым мен келіншегімді Астанаға көшіріп әкелгім келеді, – деді Тайыржан.

Оның сөзінше, анашаны табудың қиындығы жоқ. Алматының кез келген бұрышынан табылады екен. «Ақшаң болмаса, біреуді тонап, ұрлық жасап, әйтеуір анаша алудың амалын табасың. Қазақстанда отырмаған зонам қалмады. Бірақ соның қайсысына түссем де анаша табылатын» деген Тайыржан бүгінде отбасымен қарым-қатынасы түзеліп, анаша түгілі темекі шекпей кеткен.  

 Ешкімді күштеп ұстамайды

 Мекеме жетекшісінің айтуынша, оларға көмек сұрап келетіндердің көбі – баспанасыз қалған жандар. Ал олардың басым бөлігі ішімдікке салынғандар болып шығады.

 «Нәпақасын табу үшін Астанаға келіп, жұмысқа орналасады. Артынан ішіп, жұмыссыз қалады. Енді бірін жұмыс беруші алдап, ақысын бермей кетеді. Табыс көзінен айырылса, пәтерақысын төлей алмай, далада қалады. Кейбірі үсті-басы тозып, кір-қожалақ күйде жүріп, қаңғыбасқа айналған. Барар жері, басар тауы қалмаған соң, бізге хабарласады. Олардың үсті-басын тазалап, жуындырамыз. Киім-кешегін жаңалап, тамақтандырамыз. Арасында бірінің құжаты болмай шығады. Ретке келтіріп, ағайын-туғанына хабарын беріп, табыстыруға тырысамыз», – деген Андрей Зулин кейбірі осында қалып жататынын айтты.

Айтуынша, кейбірінің туған-туысы олардың осында қала беруін дұрыс көреді. Арасында үй-ішінің не болмаса келіншегінің айтуымен келетіндер ұзаққа бармай, қайтып кетеді. Енді бірі біраз жүріп, бойын үйреткен соң үйіне барып-келуге сұранып кетіп, қайтпайды.

– Біз ешкімді күштемейміз, әркім өз еркімен келуі керек. Адам өзі өзгеруді қаламаса, ешкім ештеңені өзгерте алмайды. Әрине, біз әңгімелесеміз, дұрыс жолға қоюға тырысамыз. Өзіне деген күш-жігері болмаса, табандылық танытпаса, біз де шарасызбыз. Бәрі адамның өзіне байланысты. Біз адамды нашақорлықтан, ішімдіктен емдемейміз, психологиялық тұрғыда қолдап, «оның арты неге апаратын білесің ғой» деп тоқтатуға, жаман ойдан арылтуға тырысамыз. Бірнеше жыл бойы үзбей ішіп,  ішімдікке салынған адамның бір жұмада бұл әдетінен арыла алмайтыны анық. Бойын одан алыстату үшін алдымен уақыт керек. Кейбірі айтқаныңа құлақ аспай, ерік-жігері жетпей жатады, – деді мекеме жетекшісі.

Ішімдікке салынып, барынан айырылған

 Осы ұйымда қалып, жұмыс істеп жүрген жігіт бар. Есімі – Расул. Ол хабарландыруды үйдің кіреберіс есігінен көріп, 2018 жылы мекемеге келген.

– Көзі ашық, тәрбиелі отбасында өстім. Шешем – дәрігер, әкем – мұғалім. Әпкем бұрын министрлікте істеген, қазір Мәскеуде тұрады. Кезінде костюм-шалбар киіп, галстук тағып, ақ жағалылар қатарында болдым. Банк, сауда-өнеркәсіп саласында жұмыс істедім. Таңертең 9-дан жұмысқа барып, кешті әйелім мен балаларымның ортасында өткізетінмін. Ел қатарлы өмір сүрдім. Бірақ табысыма сай өмір сүрмей, ел алдына мақтана, масаттана бастадым. Сол кезден ақша тапшылығы сезілді, несиеден көз ашпадым. Әріптестерімнен бастап, көрші-қолыңның бәріне қарыздандым. Содан салынып іше бастадым. Осыдан кейін келіншегім балаларды алып, кетіп қалды, – деді астаналық Расул.

Айтуынша, інісін де алдаған. Оған айтпастан, оның атынан несие алып, төлемеген. Салдарынан інісі банктің қара тізіміне еніп, ипотекаға баспана ала алмай жүр.

– Жасым 47-де, ауыз толтырып айтар ештеңе жоқ. Сыныптастарым, группаластарым қызметте өсіп, отбасылы болып отыр. Өз өмірімді құртқан өзім. Оған ешкім кінәлі емес, – дейді ол.

Осы күні Расул – Алматыдағы екінші филиалдың жетекшісі. Кейіннен мекемеге келген Арина деген келіншекпен танысып, екеуі үйленген. 

 Тапқан-таянғаны балаларға жұмсалады

 Мекеме жетекшісі Андрей Зулиннің айтуынша, паналаушыларға көмек тегін көрсетіледі.

– Бұл ешқандай діни секта не болмаса құлдыққа салынатын жер емес. Заңды түрде тіркелген мекеме. Үйді жалға алу, азық-түлік, тұрмыстық шығынның бәріне – қаржы көзі өзімізден. «Екі қолға – бір күрек» дегендей, жұмыс істеп, маңдай терімізбен табамыз. Мысалы, жасы үлкені аула сыпырса, жастар жүк тасиды, жер қазады. Бұған ешкімді күштемейміз, әркімнің өз еркі. Осы күнге дейін жұмыстан бірде-біреуі шет қалған емес. Міне, осымен күн көреміз, – деді ол.

Арасында артылған ақшаға көпбалалы аналарға, тұрмысы қиын отбасыларға азық-түлік жиынтығын жинап беріп,  көмектеседі екен. «Мысалы, Астанадағы SOS балалар қалашығымен бірлесіп жұмыс істейміз. Бұл ортада олар кімге қандай көмек керегін жақсы біледі. Тізімді солардан аламыз. Сөйтіп, ресми мекемелер бойынша көмектесеміз. Арасында «бізге көмегіңіз керек» деп хабарласады. Нақты ақпарат болмаған соң оларға көмектесе алмаймыз» деген Андрей Зулин белгілі бір ресми ұйыммен бірлесе жұмыс істегенді дұрыс санайтынын жеткізді.

– Уақытты бос қалдырмас үшін волонтерлікке де қатысамыз. Біреуге игі іс жасап, ризашылығын алу – кез келген жанның көңілін серпілтеді. Өткенде көпбалалы отбасына азық-түлік азығын апардық. Өзі жалғызбасты ана, бір емес тоғыз баласы бар екен. Біздің жігіттер әлгі балалардың қуанышын көргенде жанары жанып, өмірінің мән-мағынасын тапқандай болды. Осы арқылы олардың күрес жолында жалғыз емес екенін көрсеткіміз келеді, – дейді Андрей Зулин.