Жолдың үстіне шығып кеткен баланы жүргізуші байқамаған.
Қарағанды облысында көлік жүргізушісі екі жасар баланы басып кетті
1,127
оқылды

Қарағанды облысында екі жасар бала УАЗ көлігінің астында қаза тапты. Жүргізуші артқа қарай келе жатып, нәрестені қағып кеткен, – деп хабарлайды Tengrinews.kz.

 

Жантүршігерлік оқиға Шет ауданы Ақсу-Аюлы ауылында болды. Алдын ала мәлімет бойынша, бала жолдың үстіне шығып кеткен, ал жүргізуші оны байқамаған.

«Бала үйдің ауласында кетіп бара жатып, жолға шығып кетті. Жүргізуші оны байқамады, өйткені бала көрінетін аймақта емес еді. Балаға жүргізуші алғашқы медициналық көмек көрсетіп, медициналық мекемеге жеткізген. Өкінішке қарай, олар баланы аман алып қала алмады. Баланың ата-анасына, абайсызда қағып кеткен жүргізушіге де үлкен орны толмас қайғы болды»,–  дейді ауыл тұрғындары.

Қарағанды облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі баланың өліміне әкеліп соғу фактісін растады.

«УАЗ көлігінің 35 жастағы жүргізушісі кері бағытта келе жатып, екі жасар баланы қағып кетті. Оқиға салдарынан жәбірленуші алған жарақаттарынан қайтыс болды. Осы факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Тиісті сараптамалар тағайындалды, оның қорытындысы бойынша процессуалдық шешім қабылданады», – деп хабарлады Қарағанды облысы  Полиция департаментінің баспасөз қызметі.