Субсидиялаудың бірыңғай мемлекеттік ақпараттық жүйесінің жұмысына қатысты шаруалардан көп шағым келіп түсті.
Павел Казанцев: Субсидия алуға өтінім беру процесі тым күрделі және ұзаққа созылады
1,242
оқылды

Шағын шаруа қожалықтарының мүддесі іс жүзінде қорғалмайды. Субсидия беру ережесі тым жиі әрі негізсіз өзгереді. Ал субсидиялаудың бірыңғай мемлекеттік ақпараттық жүйесінің жұмысына қатысты шаруалардан көп шағым келіп түсті. «AMANAT»-тың Партиялық бақылау комитеті (ПБК) осындай қорытындыға келді.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, биыл 1 ақпанда электронды форматта қызмет көрсететін субсидиялаудың бірыңғай мемлекеттік ақпараттық жүйесі (СБМАЖ) іске қосылды. Онда қазірдің өзінде 164,4 млрд  теңге сомасына 35 мыңнан астам өтінім берілді. Соның ішінде 38,4 млрд теңге сомасына 9 мыңнан астам өтінім мақұлданды. Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев бұған дейін субсидия Qoldau жеке платформасы арқылы беріліп келгенін атап өтті. Алайда мемлекет субсидиялардың тиімділігін қадағалап, бағалай алмайтын еді.

«Өтініш берушіге тиесілі субсидия автоматты түрде есептеледі. Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендету мақсатында электронды шот-фактураларды бұғаттайтын жаңа тетік пайда болды. Пайдаланушы субсидия алуға өтінім бергеннен кейін оны кері қайтара алмайды. Бұған дейін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет ЭШФ-мен айла-шарғы жасау фактілерін анықтаған еді. Енді мұндай қитұрқы әрекетке жол берілмейді», – деді министр.

Алайда субсидиялау процесі цифрланған сәттен бері шаруалар дербес деректердің қорғалуы, қызметтер құнының күрт өсуі және техникалық қателердің болуы секілді бірқатар мәселеге алаңдауда. Комитет төрағасы, Мәжіліс депутаты Павел Казанцев осылай деп отыр.

«СБМАЖ іске қосылғаннан бері оның функционалдық қызметінен бірқатар кемшілік анықталып, жағдай тіптен нашарлап кетті. Субсидияны автоматтандырылған жүйе арқылы ұсыну – барлық рәсімді барынша жеңілдету деген сөз. Алайда іс жүзінде бәрі керісінше болып отыр. Яғни, субсидия алу процесі ұзақ уақытқа созылып, жұмыс күрделеніп кетті. Бұл жағдай мемлекеттік субсидиялау жүйесіне деген теріс көзқарас қалыптастырып, әлеуметтік шиеленіс тудырады», – деді ол.

ПБК төрағасы ақпараттық жүйе тек өтінімдер базасы ғана емес, сонымен қатар мәліметпен алмасу және оны талдау, өңірлердің мамандануын айқындау, бюджет қаражатының тиімді пайдаланылуын бақылау ресурсы болуы тиіс екенін атап өтті.

«Министрлік ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің барлық шағымын ескере отырып, СБМАЖ қызметін тез арада байыпты әрі кешенді түрде пысықтауы керек. Сондай-ақ АШМ жергілікті жерден жолданған ұсыныстарды елеусіз қалдыратын жайттарға назар аударғым келеді (мысалы, Қостанай облысы әкімдігінің, Алматы облысы әкімдігінің ұсыныс хаттары және т.б.). Кері байланысты күшейтіп, шаруаларға түсіндіру жұмысын жүргізуге барынша назар аудару қажет», – деді Павел Казанцев.

 

Сонымен қатар партиялықтар ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді субсидиялау аясында агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру сапасын талқылады. Комитеттегі жұмыс тобының мәліметі бойынша, жеке қосалқы шаруашылықтарда еліміздегі мал басының 50%-дан астамы шоғырланған, сондай-ақ олар сиыр сүтінің 75%-ын өндіреді. Алайда ауыл шаруашылығы тауарларының аз мөлшерде өндірілуі ауқымды селекциялық-асылдандыру жұмысын жүргізуге, ғылыми негізделген ауыспалы егісті сақтауға және заманауи технологияларды пайдалануға мүмкіндік бермейді.

«Өндіріс көлемінің, егіс алқабының аздығына және мемлекеттік бағдарламалардың талабына сәйкес келетін малдың, кепіл мүлкінің болмауына байланысты шағын шаруашылықтардың көбісі күні бүгінге дейін субсидияға, инвестициялық субсидияға, жеңілдікпен несиелеу түріндегі мемлекеттік қолдау шараларына қол жеткізе алмай отыр», – делінеді ПБК-ның талдамалық баяндамасында.

Комитеттің жұмыс тобы субсидиялау ережесіне тым жиі әрі негізсіз өзгеріс енгізіледі деген қорытындыға келді.

«Субсидия беру кезіндегі критерийлер мен талаптар жылына бірнеше рет өзгереді. Өз кезегінде, бұл ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің өтінім беруін қиындатады немесе оның алдында берген өтінімдерінің күшін жояды. Ережеге жиі өзгеріс енгізу – өтінімдерді өңдеп қойған ауыл шаруашылығы басқармалары мамандарының есіл еңбегін желге ұшырады. Осыған байланысты, АШТӨ ережедегі жаңа өзгерістерді ескере отырып, қайтадан өтінім жіберуіне тура келеді. Сонымен қатар жыл сайын бөлінетін қаржыландыру көлемі шаруалардың қажетін толық өтей алмайды», – делінеді баяндамада.

Сондай-ақ Комитет отырысында жергілікті жердегі партиялықтар нақты ұсыныстарын айтты. Мәселен, «AMANAT»-тың Өңірлік партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Алмас Сәлімов Түркістан облысы шаруаларының атынан бірқатар бастама көтерді. Атап айтқанда, ол инвестициялық субсидия бағдарламасы аясында шаруалардың жылыжай салу және кеңейту шығындарын өтеуді қолданыстағы 25%-дан 50%-ға дейін арттыруды, сондай-ақ жылу беру маусымында көмірді арзан бағамен тікелей жеткізуді қамтамасыз етуді ұсынды. Ол сондай-ақ мақта өнеркәсібін дамытудың мемлекеттік бағдарламасын қабылдау туралы ойын ортаға салды.

«Елімізде тек Түркістан облысында ғана мақта өсіріледі. Бұл салада 70 мыңға жуық адам жұмыс істейді. Мақта шаруашылығын, тоқыма және жеңіл өнеркәсіпті жүйелі дамыту үшін мақта өңдеу және тоқыма кәсіпорындарын тұрғызуға жұмсалатын шығынның бір бөлігін инвестициялық субсидиялау және дайын өнімді экспорттаушы кәсіпорындар үшін салық жеңілдігін қарастыру қажет», – деді ол.

«AMANAT»-тың Шығыс Қазақстан облыстық филиалындағы Партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Мұхтар Төлеген мүлікті кепілге қою мәселесі шаруалардың «Ауыл аманаты» бағдарламасына қатысуына мүмкіндік бермей отырғанын айтты.

«Ауыл аманаты» бағдарламасына қатысқысы келетін ауыл тұрғындарының кепіл мүлкі өте төмен бағаланады. Соған байланысты тұрғындар несие ала алмайды. Бұған қоса, инвестициялық субсидиялау ережесінде субсидияны есептеу үшін инфляцияны ескере отырып, техниканың, машиналар мен жабдықтардың рұқсат етілген ең жоғары құнын арттыруды қарастыру қажет», – деді ол.

Жиын қорытындысы бойынша, Партиялық бақылау комитеті Ауыл шаруашылығы министрлігінің СБМАЖ-ды енгізуге және оның тиімді жұмыс істеуіне жауапты лауазымды тұлғаларына ескерту түрінде партиялық жаза қолдану жөнінде қаулы етті. Ал «AMANAT» партиясының мүшелігінде жоқ қызметкерлерге келетін болсақ, Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевке ондай тұлғаларға әкімшілік ықпал ету шараларын қолдану ұсынылды.