Диана Смағұлова – арбадағы биден тұңғыш чемпион
Диана Смағұлова – арбадағы биден тұңғыш чемпион
351
оқылды
Қызылорда  қаласының тұрғыны Диана Смағұлова есік алдындағы баспалдақтан құлап, омыртқасын зақымдап алған. Оқиға осыдан алты жыл бұрын, Диананың 26 жасында болған. Міне, сонан бері арбаға таңылған Диана өмірдің қанша қиыншылығын көрсе де, жалғаннан түңіліп, жазмышқа налып отырған жоқ. Қолында алты жасар қызы болған соң керісінше, мына дүниенің қандай да сынағынан жол тауып, тіршілік етуге ұмтылып келеді.
– Біреуге алақан жайып, жағдай жасап бер деп айтуға намыстандым. Онан да екі қолға бір жұмыс табылар деп жұмыспен қамту орталығына бардым. Ондағы мамандар кеңес беріп, аспаз, кондитер мамандықтары бойынша курстардан өтіп, жұмыс жасадым, өкінішке қарай күйіп қала бергендіктен, бұл саладағы жұмысым көпке созылмады. Болмаған соң қалалық мүгедектер қоғамына қоғамдық негізде жұмысқа бардым, – дейді Диана.
Диана, онымен де тоқтамады, өз кәсібін ашуға алдына мақсат қойды. Сол үшін жұмыспен қамытуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқарамасы арқылы тігінші мамандығы бойынша арнайы курс оқыды. Бизнес жоспар құрып, оны қорғады және кәсіпкерлікті дамытуға арналған мемлекеттік «Бастау» жобасының  505 мың теңге көлеміндегі грантын жеңіп алды. Алған қайтарымсыз несиені өз кәсібіне жұмсап, бүгін тігін шеберхана ашты.    width= Мүмкіндігім шектеулі деп үйде отырмай, керісінше өзгеге үлгі көрсетіп отырған Диананың бұл қуанышына Nur Otan партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Алтынбек Жарылқасынов қатысып, оның қоғамдық жұмыстарды белсенділігіне, Nur Otan партиясының «Кедергісіз келешек» жобасының негізгі міндеттерін жүзеге асыруға қосып отырған үлесіне партия филиалы атынан ризашылығын білдіріп, қызметіне табыс тіледі. Диана арбамен жүріп, спортты да жанына серік еткен. Ол 2017 жылдан бастап арбадағы бимен айналысып, 2019 жылы Атырау қаласында өткен чемпионатта алтыннан медаль иеленді. Ол – Қазақстан Республикасының арбадағы биден спорт шебері. Қызылорда қаласындағы алғашқы чемпион.