Кейінгі 12 жыл ішінде теңіздің үштен бір бөлігі тартылып қалған.
Депутат дабыл қақты: Солтүстік Арал теңізінің тартылуы өңір халқын алаңдатуда
3,259
оқылды

Бүгінде Солтүстік Арал теңізінің тартылуы мәселесі өңір халқын қатты алаңдатып отыр. Осыған байланысты Мәжіліс депутаты Мархабат Жайымбетов Премьер-министрдің орынбасары Роман Склярға сауал жолдады.

Депутаттың айтуынша, кейінгі 12 жыл ішінде теңіз көлемі 8,5 млрд текше метрге азайған. Яғни, үштен бір бөлігінен айрылды (27 млрд – 18 млрд м3). Ал суы тартылған теңіз орнынан көтерілген тұз бүкіл Орталық Азия елдеріне зиянын тигізетін экологиялық апатқа айналып отыр.

                                     

«Осының салдарынан судың тұздылығы 8-ден 13 грамм/литрге көбейген. Ал егер судың тұздылығы 15 грамм/литрге жетсе, балықтар жаппай қырыла бастайды.  

2020-2021 жылдары Арал ауданының аумағында қуаңшылық белең алып, 95 пайыз жайылымға шөп шықпай, жауын-шашын мүлдем болмаған.

Оның үстіне, теңізге Сырдария өзені арқылы құятын су көлемі күрт азайып, Қамыстыбас, Ақшатау көлдер жүйесі мен Кіші Арал теңізі жағалаудан 1,5 км тартылып кеткен.

Теңіздің тартылуы салдарынан 3000-ға жуық балықшы күнделікті нәпақасынан айырылып, 9 балық өңдеу зауыты және 14 шағын цех уақытша тоқтап қалу қаупі бар. 

Теңізге жыл сайын кемінде 3 млрд текше метр су түсуі қажет. Алайда, теңізге судың түсуі, әсіресе вегетациялық кезеңде қалдық принципі бойынша жүзеге асырылып келеді», – деп түсіндіріп өтті ол.

Осы ретте, Мархабат Жайымбетов «AMANAT» партиясы фракциясының атынан бірнеше шешім ұсынды.

«Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан мемлекеттерімен вегетациялық кезеңде теңізге бөлек су лимитін белгілеу жөнінде және Фархад су торабынан төменге санитарлық су жіберу мәселесі бойынша келіссөздер жүргізіп, ынтымақтастықты ұзақ жылдарға жоспарлауға қол жеткізу. 

Мемлекетаралық келісімді «кепілдендірілген келісім» статусын беруге атсалысу. Себебі, Арал теңізіне бөлінген лимиттің сақталуын және орындалуын бақылап отырған ешқандай орган жоқ деуге де болады.

«Қараөзек» арнасының бойындағы көлдер жүйесінде 1 млрд текше метрге жуық қысқы-көктемгі тасқын суды жинақтау мүмкіндігі бар. Ол үшін Қараөзек арнасының бойындағы 3 су тоспаны қалпына келтіру маңызды.

«Өңірлік дамыту және Арал теңізінің солтүстік бөлігін қалпына келтіру» жобасына Дүниежүзілік Банктің қайтарымсыз гранты есебінен (1,5 млн АҚШ доллары) Солтүстік Арал теңізінің аумағын ұлғайтудың нұсқалары бойынша тиімді шешімдерді жасап, жобаны жалғастыру бойынша уәкілетті органдар тиісті шаралар қабылдаған жөн», – деп түйіндеді депутат.

 

Фото: Sputnik / Мария Науменко