Роналду маңдайын сәждеге тигізіп жанкүйерлердің алғысына бөленді

59-минутта Роналду соққан гол командасына жеңіс сыйлады.

Танымал футболшы Криштиану Роналду "Әл-Шабаб" командасы қақпасына соққан голынан кейін басын сәждеге қойып, жанкүйерлердің алғысына бөленді.

Ойында "Әл-Наср" командасы 0:2 есебімен жеңіліп тұрып, камбек жасады. 59-минутта Роналду соққан гол командасына жеңіс сыйлады. Португалдық футболшының алыстан қия тепкен добын қонақтар қақпашысы қайтара алған жоқ. 

Роналдудың гол соққаннан кейінгі ерекше тойлауы жанкүйерлерді расымен таңғалдырды. Сәждені мұсылмандар намаз оқығанда, Құран бағыштап, Аллаға құлшылық еткенде жасайды. Ал футболшының бұл жасағаны өзі тұрып жатқан елдің (Сауд Арабиясы) мәдениеті мен мұсылман жұртшылығына құрметі іспетті. 

Айта кетейік, осыған дейін Криштиану Роналду "Әл Наср" командасымен келісімшартын бұзып, Еуропа клубтарының біріне ауысқысы келетіні жайлы ақпарат тараған болатын.