ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясы Әзербайжан Республикасының Милли Мәжілісімен бірлесе отырып Баку қаласында «Ұлттық парламенттердің «жасыл» экономика, өзара байланыс және орнықты даму арқылы қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етудегі рөлі» атты халықаралық конференция өткізді.
ЕҚЫҰ-ға мүше елдердің парламентшілері қазақстандық бастамаға қолдау білдірді
1,216
оқылды

Оған бірқатар елдердің парламент басшылары, Әзербайжан Үкіметінің мүшелері, сондай-ақ ЕҚЫҰ ПА Төрағасы Маргарета Седерфельт және Ұйымның Бас хатшысы Роберто Монтелла қатысты.

ЕҚЫҰ парламентшілері халықаралық тасымалдар мен саудаға жәрдемдесу есебінен жеткізудегі тұрақтылықты арттырудың өзекті мәселелерін, сондай-ақ орнықты даму мен экономиканы қалпына келтірудегі жасыл тұжырымдамалар мен технологиялардың рөлін талқылады.

Конференцияға төрағалық еткен ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясы Төрағасының орынбасары, Орнықты даму саласындағы мақсаттар жөніндегі Ассамблеяның арнайы уәкілі Асқар Шәкіров әлем соңғы онжылдықтарда қауіпсіздік саласында елеулі дағдарысқа тап болғанын атап өтті.

Пандемия, қақтығыстар, климатқа төтенше әсер ету мен табиғи апаттар салдарынан жаһандық жеткізу тізбегіне келген залал ЕҚЫҰ парламентшілеріне шұғыл түрдегі ұжымдық жұмыс жүргізу қажеттігін, сондай-ақ осы күш-жігерді Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізумен үйлестірудің маңыздылығын айқын көрсетті.

«Біздің парламентші ретіндегі миссиямыз – осы ниеттерді алысты көздейтін нақты ұлттық саясатқа айналдыру, қажетті ресурстарды жұмылдыру және үкіметтеріміздің есеп беруін қамтамасыз ету», – деп атап өтті қазақстандық сенатор.

Конференция алаңы ЕҚЫҰ парламентшілеріне пікір алмасуға және ЕҚЫҰ аймағындағы орнықты даму мен өзара байланыс саласындағы үздік тәжірибелерді талқылауға мүмкіндік беріп отыр.

Конференцияға қатысушылар Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес аясында қатысушы елдерінің транзиттік-көліктік әлеуетін тиімді дамыту мақсатында Өзара орнықты байланыс жөніндегі кеңес құру туралы бастамасын құптады.

Талқылау барысында өзара байланысты және орнықты жаһандық экономиканы дамыту үшін тиімді транзит дәлізін қалыптастырудың маңыздылығы, сондай-ақ ЕҚЫҰ өңіріндегі тұрақтылық пен қауіпсіздік құралы ретінде Транскаспий халықаралық көлік дәлізін дамытудың өзектілігі атап өтілді.