Ол бақылауындағы үлестес фирмалармен оқушыларды қашықтан оқытуға арналған ноутбуктерді жеткізу бойынша мемлекеттік сатып алу туралы келісімшартқа отырған.
Алматы облысы білім басқармасының бұрынғы басшысы Майгүл Омарова 10 жылға сотталды
1,658
оқылды

Жетісу облысының соты Алматы облысында пара алды және алаяқтық жасады деп айыпталған бір топ білім қызметкеріне қатысты үкім шығарды, – деп хабарлайды облыстық соттың баспасөз қызметі.

Ведомство мәліметінше, төрт айыпталушыға сот үкімі шығарылған, олардың арасында облыстық білім басқармасының бұрынғы басшысы Майгүл Омарова да бар. Сотталушыларға Қылмыстық кодекстің 366-бабы 4-бөлігі (Пара алу), 367-бабы 4-бөлігі (Пара беру), 190-бабы 4-бөлігі (Алаяқтық), 371-бабы 2-бөлігі (Немқұрайлылық) бойынша айып тағылған.

2020 жылдың тамыз-қараша айлары аралығында Алматы облысының білім басқармасының басшысы бір топ адаммен мемлекеттік сатып алу саласында қылмыстық әрекетке барған.

"Ол бақылауындағы үлестес фирмалармен оқушыларды қашықтықтан оқытуға арналған ноутбуктерді жеткізу бойынша мемлекеттік сатып алу туралы келісімшартқа отырған. Сотталушылар бюджет қаражатын жымқыру мақсатында осы ноутбуктерге контрафактілік үлгідегі заңсыз бағдарламалық қамтамасыз етуді орнатқан, яғни қаржы жұмсамай, оларды интернет арқылы жүктеп алған. Салдарынан мемлекетке аса ірі көлемде 122 996 086 теңге көлемінде шығын келтірілген", – делінген сот хабарламасында.

Сотталушылардың екеуі, оның ішінде Омарова да кінәлі деп танылып, 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Тағы екеуі 11 жылға бас бостандығынан айырылды.

Сот үкімі заңды күшіне енді.