Қазіргі уақытта елді мекендерге қауіп төніп тұрған жоқ
Абай облысында авиация және автомобиль техникасының көмегімен өртті сөндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр
932
оқылды

Абай облысында осы кезде үш учаскеде авиация және автомобиль техникасының көмегімен өртті сөндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі.

Өртті сөндіруге жеке құрамнан 600-ден астам адам, 130-дан астам техника, 1 өрт сөндіру пойызы, сондай-ақ «Қазавиақұтқару» мекемесінің 2 тікұшағы, «Қазавиаорманкүзетінің» 1 тікұшағы және Қорғаныс министрлігінің 1 тікұшағы жұмылдырылды. Бүгінгі таңда тікұшақтар өрт ошақтарына әуеден 169 (барлығы 221) 442,5 тонна су төкті.

Қазіргі уақытта елді мекендерге қауіп төніп тұрған жоқ. Жалпы жану аумағы шамамен 3500 гектарды құрайды.

Секундына 6-10 метр екпінді желдің болуы салдарынан, өртті сөндіру жұмыстары қиындауда. Сондай-ақ тығыз өсетін дақылдар мен тұзды жерлердің болуы да өрттің өршуіне әсер етуде.

Бүгін Астана қаласы ТЖД жеке құрамынан 13 өрт сөндіру техникасы мен 70 адамнан тұратын бірінші эшелон, Қорғаныс министрлігінің бір әуе борты және 103 адамнан тұратын жеке құрам, 15 техника оқиға орнына келді. Сонымен қатар, Астана қаласы мен Қарағанды облысы ТЖД құрамында 12 бірлік өрт техникасы мен жеке құрамнан 60 адамнан құрылған екінші эшелон келді.

Төтенше жағдайлар вице-министрі Марат Күлдіков пен Абай облысының әкімі Нұрлан Уранхаев аэровизуалды барлау жүргізді.

Сонымен қатар, қосымша аэровизуалды тексеруге «Қазавиақұтқару» мекемесінің Еурокоптер тікұшағы тартылды.

Өртті сөндіру жұмыстары жергілікті атқарушы органдармен тығыз байланыста жүзеге асырылуда.

ТЖМ мен Абай облысы ТЖД жедел штабтарының жұмысы жалғасуда, олардың міндеті ТЖ аймағындағы жағдай туралы деректерді жинау, өңдеу және талдау, қажетті ақпаратты беру; ТЖ күрделенуін және олардың салдарын болжау; ТЖ жою мәселелерін жедел шешу бойынша ұсыныстар дайындау болып табылады. Сондай-ақ өрт орнында командалық-штабтық машинаның жұмысы жүргізілуде.

«Қазгидромет» деректері бойынша 24-26 мамырда Абай облысының Бородулиха ауданында секундына 15-20 метрге дейін екпіні бар солтүстік-шығыс жел күтіледі.