Парламент Мәжілісінің Спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен өт­к­ен палатаның кезекті жалпы оты­рысында қарау үшін палата бюросы 8 мәселе ұсынды.
Газ бағасы қалай реттеледі?
1,346
оқылды

Депутаттардың ал­дында тиісті комитет өкілдері мен Пре­мьер-Министрдің орынбасары – Қар­жы министрі Ерұлан Жамаубаев баяндама жасады. Одан бөлек, Сырт­қы істер, Әділет, Энергетика жә­не цифрлық даму вице-министр­лері депутаттардың сұрағына жауап берді.

Мәжілісмендер қарауына ұсынылған мәселелер: «Прокуратура туралы», «Заң­сыз сатып алынған активтерді мемлекетке қай­тару туралы», «Әкімшілік құқық­бұзу­шы­лық туралы», «Салық және бюджетке тө­ленетін басқа да міндетті төлемдер тура­лы», «Ұлт­тық қорынан балаларға төлем жа­сау туралы», «Түр­кия Республикасының Үкі­метімен арадағы ақпарат алмасуды ұйым­дастыру туралы» және «Сұйытылған газ айналымын реттеу туралы» заңна­ма­­лар­ға өзге­ріс­тер мен толықтырулар енгізу жө­нінде болды. Со­ның ішінде Қазақстан Рес­публикасы «Қазақстан Респуб­ли­ка­сы­ның кейбір заңнамалық актілеріне сұйы­тыл­ған газ айналымын реттеу процес­тері­нің реинжинирингі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу тура­лы» заңының жобасы бойынша екінші оқы­лымда қорытынды жасалды. Бұл заң жо­басы сұйытылған мұнай газының бөл­шек сауда бағаларына мемлекеттік реттеуді ен­гізуге, сұйытылған мұнай газын көтерме сау­дада өткізу кезінде бағаларды мем­ле­кет­тік реттеу тәртібін өзгертуге, сондай-ақ же­келеген ұғымдарды нақты­лауға және ай­қындауға бағытталған. Заң жобасында Қа­зақстан Республикасының Кәсіпкерлік ко­дексіне және Қазақстан Респуб­ли­ка­сы­ның «Газ және газбен жабдықтау туралы» заңы­на өзгерістер мен толық­тырулар ен­гізу ұсынылып отыр.

Былтыр Мемлекет басшысы газ сала­сын сапалы қайта жүктеуді тапсырған бо­­­латын. Соған сәйкес, Парламент де­пу­тат­тары бұл заң жобасын сұйытыл­ған мұ­най газының айналымын реттеудің құ­қықтық негіздерін өзгерту мақсатында әзір­леп отыр. Сұйы­тылған газ – шектеулі ре­сурс. Бір жағынан, газ тапшылығы өн­ді­ріс көлемінің төмендігімен бай­ла­нысты. Ба­ғаны үнемі шектеу зауыттардың жұ­мы­сын тиімсіз етеді. Екінші жағынан, газ на­рығы өте жабық, жосықсыз делдалдық жә­не көлеңкелі экспорт бар. 

«Бұл мәселені шешудің екі нұсқасы бар. Біріншісі – барлық бағаларды реттеуді бол­дырмау. Ресурстың құны нарықтық бо­­лады, бірнеше есе өседі. Бірақ жоғары ба­­ғамен өндіріс пен импорттың өсуіне бай­ланысты тапшылық жойылады. Тағы бір жол – тапшы тауардың айналымын ашық басқару. Төмен баға сақталады, тап­шы­­лық нарық пен тарату жүйесінің ашық­ты­ғы есебінен азаяды. Сұйытылған газ на­рығын реттеудің нарықтық және әлеу­мет­тік моделі арасында екіншісі – әлеу­мет­тік модель таңдалды. Азаматтарымыз үшін сұйытылған газдың қолжетімділігі – заң жо­­­басының басты міндеті. Бұл заң жобасы – тапшы ресурстарды басқару процес­терін автоматтандырудан тұратын оның кезеңдерінің бірі. Бұл – саланың толық ашықтығын қамтамасыз ете алатын зама­науи технологияларды енгізу және адами фак­торды азайту. Бұдан басқа, заң жо­ба­сын­да энергетика саласындағы уәкілетті ор­ганға сұйытыл­ған газға өндірістен бөл­шек саудаға дейінгі баға белгілеу әдіс­на­ма­сын айқындау құқығын беру көзделген», – деді депутат Екатерина Смышляева.

Сондай-ақ жиында Қазақстан Респуб­ли­касы «Қазақстан Республикасының Үкі­меті мен Түркия Республикасының Үкі­меті арасындағы ақпарат алмасуды ұйым­дастыру және кедендік бақылау рә­сім­дерін оңайлату туралы келісімді рати­фи­кация­лау туралы» заңының жобасы Мәжіліс қарауына қабылданды. 2022 жылғы 10 мамырда Анкарада жасалған Ке­­­лісімді ратификациялаудың мақсаты – тараптар мемлекеттерінің аумақтары ара­сында өткізілетін тауарлар мен көлік бойынша мәлімет­термен электрондық ны­санда алмасу арқылы кедендік бақылау жүр­гізудің тиімділігін арттыру және мер­зім­дерін қысқарту. Келісімді қарау шең­берінде мүдделі мемлекеттік органдар мен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы өкіл­­дерінің қатысуымен жұмыс тобының оты­рысы және Қаржы және бюджет коми­те­тінің кеңейтілген оты­рысы өткізілген. Парламент Мәжілісінің барлық комитеті заң жобасына оң қорытындылар берді.

Күн тәртібіндегі 8 мәселе толықтай қа­ралып, депутаттардың дауыс беруімен қа­былданғаннан кейін мәжілісмендер де­путаттық сауалдарын оқуға көшті. Олар­дың көпшілігі Үкімет басшысына, оның орынбасарларына және Цифрлық даму, инно­вациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министріне жолданып, субсидия, отандық тауар өндіруші кәсіпкерлерді қолдау, те­мір­жол өткелдеріндегі жол-көлік оқиға­лары, СТ-KZ сертификаты, Солтүстік Арал теңі­зі, интернет, Қаныш Сәтбаев атын­дағы ка­нал тақырыбына арналды.

«Өңірлерде 2022 жылы тауарлық суб­си­дия 50 пайызға ғана төленген, инвес­ти­ция­лық субсидиялар 30-40 пайыз төленді. Алын­ған қарыздар бойынша екінші дең­гей­дегі банктердің пайыздық мөлшер­ле­месін субсидиялау бойынша да осындай жағ­дай. Биыл бөлінген тауарлық субси­дия­лар өткен жылғы борышты өтеуге жұм­­­­салып жатыр. Ауыл шаруа­шылы­ғы ми­нистрлігі ұсынған, инвестициялық суб­сидиялар және екінші деңгейдегі банк­тер­дің пайыздық мөлшерлемесін өтеуге ар­нал­ған жаңа gosagro.kz платформасы то­лық жұмыс істемейді, мемлекеттік дерек­қор­лармен интеграцияланбаған, субси­дия­лар алуға өтінімдерді қабылдауға қабі­лет­сіз. Өтелмеген қарыздар бойынша пайыз­дық мөлшер­лемені өтеу үшін суб­сидиялар алу мүмкін­дігінің болмауы кә­сіп­керлерді субсидиялау қағидатына сәй­кес, 6 пайыздың орнына банктерге кре­диттің толық мөлшерлемесін 17-20 пайыз тө­леуге мәжбүр етеді. Бұл онсыз да титық­тап отырған шаруа­шылықтарға «жығылған үстіне жұдырық» болып отыр», – деді «AMANAT» партиясының мүшесі, депутат Ерлан Саиров. 

Оның айтуынша, биыл астықты фор­вард­тық сатып алуға бөлінген қаражаттың бұрын-соңды болмаған қысқаруы бай­қал­ған. Мәселен, Ақмола облысы бойынша 12 млрд теңгеге қажеттілік бола тұра, фор­вард­тық сатып алуға тек 4 млрд теңге бө­лін­ген. Бұл көптеген шаруаларды айналым қара­жатынан шектеп отыр. Қазақстандағы астық қоры 2023 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша өткен жылғы деңгейден бір жа­рым есе көп болған, майлы дақылдар қоры 22 пайызға өскен. Бұл – ауыл шаруашы­лы­ғы тауарларын өндірушілері өсірілген егін­нің едәуір бөлігін сата алмады деген сөз, яғни ағымдағы жылы егіс жұмыстарын жүргізуге жеткі­лікті қаражат жоқ.

«AMANAT» партиясының депутаттық фрак­­циясы отандық аграрлық секторды қол­дау үшін келесі шұғыл шаралар қа­был­дау қажет деп санайды. Біріншіден, 2022 жылға арналған субсидиялар барлық түрі бойын­ша барлық борыштарды қысқа мер­зім ішінде төлеу қажет. 2023 жылы ағым­да­ғы субсидияларға өтінім беру жүйелері­нің толыққанды жұмыс істеуін қамтамасыз ету керек. Екіншіден, биыл субсидиялар төлеу үшін бюджеттен қосымша қаражат бөлу қажет. Үшіншіден, Форвардтық са­тып алу сомасын өткен жылғы көрсет­кіш­терге дейін ұлғайту керек. Төртіншіден, ішкі нарықтағы жүктемені жеңілдету үшін Тұрақтандыру қорына кемінде 1 млн тонна көлеміндегі бидайды интервен­циялық сатып алуы қажет. Бесіншіден, күнбағыс тұ­қымына экспорттық баж салығын алып тастау керек, бұл жыл сайын шілде-тамыз айларына келе­тін шикізат өңдеудің бәсең­деуі кезеңінде нарықты қолдауға мүмкіндік береді», – деді депутат.

Өз кезегінде отандық кәсіпкерлерді қол­дау туралы мәселе көтерген «AMANAT» пар­тиясы фракциясының мүшесі Бақыт­қожа Ізмұхамбетов: «Тұрғын үй салу және жөндеу жұмыстарына тендерлер сол жоба­дағы құрылысты толық (под ключ) тап­сыруға негізделіп жарияланады. Осы орай­да құрылыс жобасын жеңіп алған мер­дігердің конкурстық ұсынысында құры­лыс материалдары­ның (жабын пли­тасы, кірпіш, цемент, түрлі тұрбалар, есік, те­ре­зелер, тағы басқалары) өзінен шыға­тын не шықпайтыны, сонымен қоса, қан­дай материалды сырттан алатыны және құ­нын қалай, қашан өтейтіні мердігердің тен­дерге ұсынысында көрсетіліп, тендер ше­шімінде ескерілсе дұрыс болар еді. Өйт­кені көп жағдайда құрылысқа қажетті тауар­­ды өндіруші компания, тиесілі қар­жысын алу үшін мердігердің құрылыс жо­басын толық бітіруін күтуге мәжбүр. Бұл кейде жылдарға созылуы мүмкін. Нә­ти­­­жесінде, құрылыс материалын шығара­тын ком­па­ния банк алдындағы берешегін өтегенше ұзақ, қосымша шығынға батады. Мұндай жағдай отандық құрылыс мате­риалдарын шығаратын компания­ларға үлкен қауіп төндіріп, нарықтан ығыстыруы мүмкін. Қазақстан Республикасындағы мем­лекеттік сатып алу заңының шарт­тары­на өзгерістер мен толық­тыру­лар енгі­зіл­ген кезде және жаңадан қабыл­данатын Құрылыс кодексінде осы жайлар ескерілсе деймін», – деді.

Сондай-ақ аманаттық депутаттарды Арал теңізі­нің проблемасы алаңдатып отыр. Өкінішке қарай, соңғы 12 жыл ішін­де теңіз көлемі 8,5 млрд текше метрге азай­ған. Нәтижесінде, судың тұздылығы 8-ден 13 грамм/литрге көбейген. Ал егер су­дың тұз­ды­лығы 15 грамм/литрге жетсе, балық­тар жаппай қырыла бастайды. 2020-2021 жылдары Арал ауда­нының аумағында қуаң­шылық белең алып, 95 пайыз жайы­лым­ға шөп шықпай, жауын-шашын мүл­дем болмаған. Оның үстіне, теңізге Сыр­да­рия өзені арқылы құятын су көлемі күрт азайып, Қамыс­тыбас, Ақшатау көлдер жүйе­сі мен Кіші Арал теңізі жағалаудан 1,5 км тартылып кеткен. Теңіздің тар­тылуы сал­дарынан 3000-ға жуық балықшы күнде­лік­ті нәпақасынан айырылып, 9 балық өң­деу зауыты және 14 шағын цех уақытша тоқ­тап қалу қаупі бар. Теңізге жыл сайын кемін­де 3 млрд текше метр су түсуі қажет. Алай­да теңізге судың түсуі, әсіресе веге­та­циялық кезеңде қалдық принципі бойын­ша жү­зеге асырылып келеді. 

Осыдан соң депутат Нартай Сәрсен­ға­лиев Цифрлық даму, инновациялар және аэро­ғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Му­синге интернет сапасы туралы сауал жол­даса, «AMANAT» партиясы Фракция­сы­ның мүшелері атынан депутат Еділ Жаң­быршин Қаныш Сәтбаев атындағы ка­налда қалыптасқан ахуалға назар аударт­ты. Депутат Қ.Әлі­шев ауыл шаруашылығы са­ласындағы келеңсіз­діктерді сөз етті. 

Нұрлан ҚОСАЙ