Расында да, елімізде субсидия беру ережесі тым жиі әрі негізсіз өзгереді. Шаруалардың шымбайына бататыны да осы жайт. Енді Мемлекет басшысының тапсырмасымен биыл 1 ақпанда электронды форматта қызмет көрсете бастаған Субсидиялаудың бірыңғай мемлекеттік ақпараттық жүйесінің (СБМАЖ) жұмысы да көңіл көншітпей отыр. Жиынға қатысқан Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев бұған дейін субсидия Qoldau жеке платформасы арқылы беріліп келгенін, алайда мемлекет субсидиялардың тиімділігін қадағалап, бағалай алмайтынын атап өтіп, жаңа жүйе осы кемшіліктерді жою үшін қолға алынғанын хабарлады.
«Қазірдің өзінде жаңа жүйе арқылы 164,4 млрд теңге сомасына 35 мыңнан астам өтінім берілді. Соның ішінде 38,4 млрд теңге сомасына 9 мыңнан астам өтінім мақұлданды. Өтініш берушіге тиесілі субсидия автоматты түрде есептеледі. Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендету мақсатында электронды шот-фактураларды бұғаттайтын жаңа тетік пайда болды. Пайдаланушы субсидия алуға өтінім бергеннен кейін оны кері қайтара алмайды. Бұған дейін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет ЭШФ-мен айла-шарғы жасау фактілерін анықтаған еді. Енді мұндай құйтырқы әрекетке жол берілмейді», – деді министр.
Партиялық бақылау комитетінің төрағасы Павел Казанцев ақпараттық жүйе тек өтінімдер базасы ғана емес, сонымен қатар мәлімет алмасу және оны талдау, өңірлердің мамандануын айқындау, бюджет қаражатының тиімді пайдаланылуын бақылау ресурсы болуы тиіс екенін атап өтті.
«СБМАЖ іске қосылғаннан бері оның функционалдық қызметінен бірқатар кемшілік анықталып, жағдай тіптен нашарлап кетті. Субсидияны автоматтандырылған жүйе арқылы ұсыну – барлық рәсімді барынша жеңілдету деген сөз. Алайда іс жүзінде бәрі керісінше болып отыр. Яғни, субсидия алу процесі ұзақ уақытқа созылып, жұмыс күрделеніп кетті», – деді комитет төрағасы, Мәжіліс депутаты Павел Казанцев.
Сонымен қатар партия мүшелері ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді субсидиялау аясында агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру сапасын талқылады. Сондай-ақ комитет отырысында жергілікті жердегі партиялықтар нақты ұсыныстарын айтты. Мәселен, «AMANAT»-тың өңірлік партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Алмас Сәлімов Түркістан облысы шаруаларының атынан бірқатар бастама көтерсе, ШҚО филиалындағы партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Мұхтар Төлеген мүлікті кепілге қою мәселесі шаруалардың «Ауыл аманаты» бағдарламасына қатысуына мүмкіндік бермей отырғанын айтты. Мәжілістегі «AMANAT» фракциясының депутаты Нұржан Әшімбетов Ауыл шаруашылығы министрлігі жайылымдарды суару үшін берілетін субсидияларды тоқтатпау қажеттігі туралы ойын білдіріп, ветеринариялық қызметті цифрландыру саласындағы проблемаларға жеке тоқталды, барлық жаңа ақпараттық жүйені енгізуге асықпау керек деген пікір білдірді. Жиын қорытындысында Партиялық бақылау комитеті Ауыл шаруашылығы министрлігінің СБМАЖ-ды енгізуге және оның тиімді жұмыс істеуіне жауапты лауазымды тұлғаларына ескерту түрінде партиялық жаза қолдану жөнінде қаулы етті. Ал «AMANAT» партиясының мүшелігінде жоқ қызметкерлерге келетін болсақ, Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевке әкімшілік ықпал ету шараларын қолдану ұсынылды.
«AMANAT» Партиялық бақылау комитетінде қозғалған тағы бір мәселе – Ақтөбе облысының Ырғыз ауданындағы Жаныс би және Шеңбертал ауылдарындағы ауызсу. 1 500-ге жуық адам тұратын ауылда олардың барлығы құдықтың суын ішіп отыр. Ал судың сапасы мен санитарлық жағдайы көңіл көншітпейді. Оның үстіне, құдықтың суы бірте-бірте тартылып кетеді. Партиялықтар анықтағандай, аталған ауылдарда «Көлсай Строй» ЖШС ұзындығы 42,3 шақырым болатын су құбырын салуы керек екен. Алайда құбыр пайдалануға қабылданбаған. Себебі оны салу кезінде құрылыс талаптары бұзылған.
«Су келеді деп үміттенген көптеген тұрғын өз учаскесіне құбыр жүргізіп, қажетті құрал-жабдықтар сатып алған, тіпті сол керек-жарақ заттарды алу үшін қарызға да батты. Алайда қазір нақты мердігердің болмауына және көптеген кемшіліктің болуына байланысты су құбырын пайдалануға беру мүмкін емес. Шеңберталдағы су сорғы стансасы – осы ауылда алғаш рет салынған нысан. Жұмысына жүрдім-бардым қарайтын шенеуніктер тұрғызған су мұнарасы бүгінде сыбайлас жемқорлықтың символына айналды», – деді партиялық бақылау инспекторы Айжан Ысқақова.
Бұған жауап ретінде Экология министрлігі Су ресурстары комитетінің төрағасы Нұрлан Алдамжаров «Көлсай Стройға» қатысты сотқа талап арыз жолданғанын хабарлады. Жиынға қатысушылар қоғамдық резонансқа қарамастан мәселені шешуге асықпаған «AMANAT»-тың Ырғыз аудандық филиалының сылбыр әрекетін де сынға алды. Жиын соңында комитет «AMANAT»-тың Ырғыз аудандық филиалының атқарушы хатшысын, Ырғыз аудандық партиялық бақылау комиссиясының төрағасын және Ақтөбе облыстық партиялық бақылау комиссиясының төрағасын партиялық жауапкершілікке тартуға қаулы етті.