Қазір ауыл шаруашылығы саласында маман даярлайтын университеттер Ауыл шаруашылығы ми­нистрлігіне, мәдени саладағы жоғары оқу орындары Мәдениет және спорт министрлігіне қарайды. Жақында Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетов осы екі саладағы университеттерді Жоғары білім және ғылым министрлігінің басқаруына беру керек екенін айтты.
Министрлікке салалық оқу орны қажет пе?
1,372
оқылды

Сонымен қатар мәжілісмен педагогикалық университеттерді Оқу-ағарту министрлігіне тапсыру мәселесін де көтерді. 

Қазір елімізде 83 университет (оның ішінде ғылыми-зерттеу), 16 академия, 

12 институт және оларға теңестірілген консерваториялар, жоғары және жоғары оқу орындары, 9 ұлттық жоғары оқу орны және 2 ұлттық зерттеу университеті жұмыс істейді. Бірақ бұл жоғары оқу орында­рының барлығы бірдей Жоғары білім және ғылым министрлігіне қарамайды. Ауыл шаруашылығы саласында маман даярлай­тын жоғары оқу орындары Ауыл шаруа­шылығы министрлігіне, мәдени салаға маман дайындайтын жоғары оқу орын­дары Мәдениет және спорт министрлігіне, медицина мамандарын оқытатын оқу орындары Денсаулық министрлігіне қарайды. Сәйкесінше, мемлекеттік тапсырысты Жоғары білім және ғылым министрлігі жасап, білім гранттарын бөліп отырады. 

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағам­бетовтің пікірінше, Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Мәдениет министр­лігінің жоғары оқу орындарын – Ғылым ми­нистрлігінің қарамағына беру, ал педаго­гикалық жоғары оқу орындарын меди­циналық жоғары оқу орындарымен ұқ­сас­тығы бойынша Оқу-ағарту ми­нистрлігінің қарамағына беру керек. Бұл білім берудің барлық деңгейі үшін пе­дагогтерді даяр­лаудың тұтас моделін құруға мүмкіндік береді. Ғылыми-зерттеу институттары мен жоғары оқу орында­рының ғылыми зерт­теулер мен жұмыс­тарға қажетті тауарларды сатып алуы үшін мемлекеттік сатып алуды жүргізудің ерекше тәртібін белгілеу. Әйт­песе, парадокс болуда, ғылыми-зерттеу инс­титуттары және жоғары оқу орындары ғылыми жобалар мен бағдарламаларға арналған конкурстарды жеңіп алады, бірақ зерттеудің өзін бастау үшін олар жабдықтарды, реактивтерді, зерттелетін объектілерді сатып алу бойынша тағы кон­курстар өткізуі керек, кейде олар жыл­дап өтпей қалуы немесе жабдықты жеткізу бірнеше айға созылуы мүмкін. Қазақстан­дық ғалымдардың ғылыми журналдары мен монографияларын басып шығару бойынша арнайы гранттар бөлу керек. 

– Ауыл шаруашылығы мен мәдениет саласындағы жоғары оқу орындарын Ғылым және жоғары білім министрлігінің қарамағына беру туралы ұсыныс айттым. Осыған дейін Үкімет құрамында жұмыс істеп, тиісті тәжірибем болғаннан кейін бұл ұсынысты енгіздім. Негізі, бұған дейін дәл осындай жүйе болған және ол өзінің тиімділігін көрсеткен еді. Кейіннен атал­ған жоғары оқу орындары тиісті министр­ліктердің қарамағына берілді. Бұл тұрғыда оқу орындарының жұмысы біршама тежеліп қалды деуге болды. Қазір олардағы білім беру бағдарламалары, ғылыми-зерт­теу институттарының әлеуеті және нәти­желері тиісті деңгейде емес. Менің ойым­ша, бұл университеттер жаңадан құрылған Ғылым және жоғары білім министрлігінің құрамында жұмыс істеуі керек, – деді А. Аймағамбетов. Сонымен қатар ол Оқу-ағарту министрлігінің қарамағына педаго­гикалық институттар мен университеттерді беру ұсынысын айтты.

 – Аталған министрлік қарамағында мамандығына сай келетін арнаулы университеттерінің болуы өте маңызды. Себебі олардың өздерінің ерекшелігін ес­кере отырып, мектептермен тығыз байла­ныста күнделікті жұмыс істеуі керек, – деді депутат.

Біз бұл ұсынысқа қатысты сала ма­ман­дарының пікірін сұрадық:

Ғылымға көңіл бөлсеңіз...

Ақылбек КҮРІШБАЕВ, 

Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті,

Қазақ ұлттық агро зерттеу университетінің ректоры:

– Ғылымды дамытуға байланысты бұрын да талай бағдарлама дайындалды. Олар неге орындалмады? Өйткені нақты орындау тетіктері ойластырылмаған. Біріншіден, ғылымды дамытуда нақты өзгерістерді кадрларды дайындаудан бастауымыз керек. Заманауи кадрларды дайындаудың ең қысқа жолы – әлемдегі же­текші университеттермен бірігіп, заманауи оқу бағдарламала­рына ауысу. Екі ірі университетті басқарған ректор ретінде, әлемдегі аграрлы саладағы үздік университеттерді елімізге әкелген басшы ретінде менің айтарым, бізге халықаралық оқу бағдарла­маларын енгізу үшін, заманауи инфрақұрылым құру үшін Ғылым және жоғары білім министрлігінің жанында арнайы бюджеттік бағдарлама болуы қажет. Яғни, дамыған елдердегідей, жоғары оқу орындарында базалық қаржыландыру жүйесі болуы керек. Ашығын айтсақ, қаражаттың жоғынан елімізге келген жетекші шетелдік университеттер кетіп жатыр. Тек шетелдік университеттердің филиалын ашу жоғары білімнің мәселесін толығымен шешпейді. Аграрлық университеттерді де бір министрліктен, екіншісіне ауыстырсақ та мәселе шешілмейді. Ең бірінші, біз жүйені қалыптастыруымыз керек. Ғылыми-зерттеу университетін құруымыз керек. Дамыған елдердің аграрлы уни­верситеттерінің ішінде ғылыми институттары, тәжірибе стансалары бар. Яғни, лабора­тория, өндіріс, аудитория бір жерде болуы керек. Сонда қазіргідей кадрларды асфальтта емес, ғылыми лабораторияларда дайындаймыз. Сондықтан жаңа ғылыми институт құрып, аграрлы университетті соларға беру деген Ауыл шаруашылығы министрлігінің жаңалығы емес. Бұл – әлемдік үрдіс. Қазақстанда ғылымды дамыту үшін екі мәселені шешу керек. Біріншісі, қаржыны көбейту. Бұл мәселе Мемлекет басшысының табандылығының арқасында шешімін тапты. Екіншісі, ғылым жүйесінің мазмұнын өзгертуіміз тиіс. Басқару жүйесін емес. Мысалы, ауылшаруашылық саласында жаңа сорт шығару үшін 7-8 жыл қажет. Жаңа көшеттерді шығару үшін 15 жыл керек. Ал бізде конкурс 3 жылға жарияланады. Америка ауыл шаруашылығына жылына 4 миллиард АҚШ долларын бөледі. Соның жартысы стратегиялық маңызы бар зерттеулерге, 5 жылға конкурссыз мемлекеттік тапсырыс ретінде бөлінеді. Ал қаржының 25 пайызы аграрлық университеттерге базалық қаржыландыру ретінде беріледі. Сондықтан ғылымды қар­жыландыру жүйесіне түбегейлі өзгеріс қажет. Ал университетті басқаруда министрліктерді ауыстырғанмен ештеңе шешілмейді. 

Ұстаздар ұстаханасы тек педагогті дайындайды

Аягүл МИРАЗОВА, 

Қазақстан педагогикалық ғылымдар

академиясының академигі:

– Мен педагогикалық университеттер мен институттарды Оқу-ағарту министрлігіне беруді дұрыс деп санаймын. Бірақ педагогикалық жоғары оқу орнының көбі тек мұғалімдерді дайындап жатқан жоқ. Ол жерде экономистер де, заңгерлер де оқып жатыр. Кезінде осы екі мамандықты таңдағандар көп болды да, студент жинау үшін педагогикалық институттар экономика, құқық факультеттерін ашты. Сондықтан таза мұғалімдерді дайындайтын университеттерді ғана Оқу-ағарту министрлігіне беру керек. Өйткені сала осы министрліктікі. Университеттегі жұмыстың барысын, болашақ кадрлардың дайындалу деңгейін, жұмысқа орналасу рейтингтерін Оқу-ағарту министрлігі жақсы біледі. Бірақ қазіргідей педагогикалық оқу орындарында басқа мамандықтар оқытылып жатқанда біз бұл бастаманы іске асыра алмаймыз. Оқу-ағарту министрлігі педагогтердің мәселесін терең біледі. Болашақ мұғалімдердің жұмысына да Оқу-ағарту министрлігі баға береді. Сондықтан педагогикалық университеттер тек мұғалімдерді дайындауы керек. Мысалы, кезінде Тараздағы педагогикалық университетті технологиялық және гидротехникалық бағыттағы институттармен қосып тастады. Қазір үшеуі бір университет болып отыр. Мұндай көпсалалы университеттерді Оқу-ағарту министрлігіне бере алмаймыз. Педагогикалық университет тек қана білім саласының мамандарын даярлауы қажет.

Көктем ҚАРҚЫН

Елдар ҚАБА (коллаж