Жамбыл облысындағы Шу ауданы қай кезде де өндірісімен танылған өлке. Тоғыз жолдың тора­бындағы аймақта ауыл шаруа­шылығы алшаң басып, әлеуметтің әлеуеті де күн санап артып келеді.
Өндіріс өрге сүйреген өңір
1,312
оқылды

Қалың бұқара инвестиция игілігін көріп, кәсіпкерліктің көкжиегі кеңея түскен. Нәтижесінде, аудандағы жұмыссыздардың саны азайып, тұрғындардың табысы еселене түскен.   

Ағымдағы жылдың үш айында ауданда өнеркәсіпте өндірілген өнім көлемі 5,3 мил­лиард теңгені құрап, жоспар 103,6 пайызға орындалған. Ауыл шаруашылығы саласының өнім көлемі 3,2 миллиард теңгені құраса, инвестиция көлемі 12,250  миллиард теңгеге жеткен. Құрылыс жұ­мыс­тарына 7 миллиард теңге бағытталса, пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 7 284 шаршы метрді құрайды. Сауда айна­лымы 5,1 миллиард теңге болып, жоспар артығымен орындалып отыр. 

Өнеркәсіп саласында құны 1,9 мил­лиард теңге тұратын 23 жоба жанданса, жыл аяғына дейін құны 2,9 миллиард теңге болатын 29 жоба іске асады. 

Ауыл шаруашылығы саласында 22 жоба жүзеге асып, 48 жаңа жұмыс орны ашылса, жыл ішінде құны 572 миллион теңге болатын тағы 47 жоба жанданбақ. 

Биыл 132,8 мың гектар  жерге ауыл шар­уашылығы дақылдары егіліп, егіс көлемі былтырғы жылмен салыстырғанда 1 542  гектарға ұлғайған.   

2019 жылы «Ауыл аманаты» жобасы Жаңақоғам ауылдық округінде  іске асырылса,  бүгінде Бірлікүстем ауылдық ок­ругін  қаржыландыру жұмыстары жүр­гізілуде. Қосымша биыл Қорағаты, Жаңа­жол, Көкқайнар ауылдық округтері атал­ған жобаға қосылып, қазір ауыл тұрғын­дары несие алуға  өтініш білдіріп жатыр. 

Елімізде соңғы жылдары жайылым жер мәселесі өзекті бола түсті.  Шулықтар бұл түйт­кілдің де түйінін тиімді тарқатып жатыр. 

– Жайылым жерлердің пайдалануына зерделеу жұмыстары жүргізіліп, нәти­же­сінде 93,8 мың гектар жайылым жер жетіс­пейтіндігі анықталды. Мәселені шешу үшін  аудандық босалқы жер қорынан қосымша 83,3 мың гектар жайылымдық жер учаскелері ауылдық округтерге бекі­тіліп берілді.

Биыл жоспарға сәйкес пайдаланылмай жатқан 22 мың гектар  ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді мемлекет менші­гіне қайтару көзделіп отыр. Жалпы жыл басынан бері 9 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды. 

Одан бөлек, аудандық Smart Аgro Karkara ЖШС-на тиесілі жалпы 6 400 гектар   пайдаланылмай жатқан жер телімдеріне мемлекеттік жер қорына қайтару бойынша аудан әкімдігі тарапынан сотқа талап арыз беріліп жатыр.

Тағы бір айта кетерлігі, жыл басынан бері игерілмей жатқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы 21 шаруа қожалығының 49 мың 446 гектар жері анықталды. Яғни, мал басы саны тіркелмеген. Жер телімдерін игермеген шаруа қожалықтары бойынша қолданыстағы заңнамаға сай шара қолдану үшін облыстық жер инспекциясымен бірлесіп жұмыс атқарылуда. Бұл бағытта жұмыстар алдағы уақытта жалғасын таба­тын болады, – дейді Шу ауданының әкімі Бақытжан Жәнібеков. 

Аудан бойынша жеке тұрғын үй құры­лысын жүргізу үшін берілетін жер кезегінде тұрған азаматтардың саны 9739 адамды құраса, бүгінде кезекте тұрған 1216 аза­мат­қа жер телімі берілген. Дәл сондай тұрғын үй кезегіне 981 адам тұрса, 5 қабатты 80 пәтерлік 3 үйдің құрылысын жүргізуге жобалық-сметалық құжаттар дайындалған. Аталған жоба толықтай қолдау тапса, 240 азамат тұрғын үймен қамтылатын болады. Бұдан бөлек Шу қаласындағы әскери қалашықта күрделі жөндеуді қажет ететін 75 пәтерді 4 үйді жаңғыртудан өткізу жолдары қарастырылып жатыр. 

Ауданда ауызсу мәселесі де күрделі бо­лып келген. Алайда қазір 35 елді ме­кеннің 26-сы орталықтандырылған ауыз­сумен қамтылып отыр. Жүйелі жұмыс­тардың нәтижесінде 2025 жылы аудандағы ауылдар толығымен  ауызсумен қам­тылмақ.  

– Шу ауданындағы 35 елді мекеннің 21-і табиғи газбен қамтылып отыр. Қалғандарына көгілдір отынды жеткізу үшін 2 ауқымды жоба іске асырылыл отыр. Сондай-ақ ауданда жалпы 14 әлеуметтік нысанды табиғи газға қосу жоспарда бар. Оның 12-сі білім нысаны болса, 1-і көп­пәтерлі тұрғын үй  және СПТУ-24 жатақ­ханасы. Жалпы қаражат көлемі – 831,5 миллион теңгені құрайды. 

Автомобиль жолдарына келсек, жалпы ұзындығы 844,82 шақырым. Биыл көше жолдарын жөндеу бойынша 42 жоба жанданып, тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. 

Бұдан бөлек ағымдағы жылы Шу қа­ласы көшелерін жаңғыртуға 428 миллион теңге қарастырылып отыр. Қаралған қаржы арқылы ұзындығы 19,7 шақырым болатын 21 көше жөнделетін болады. Сондай-ақ аудандық маңызы бар Жаңажол ауылына кіреберіс 6,9 шақырым  жолына 310,3 миллион  теңге бөлінді. «Ауыл-Ел бесігі» бағдарламасы бойынша болса, 15 жобаға 803,8 миллион теңге белгіленді, – дейді Шу ауданының әкімі Бақытжан Оразалыұлы. 

Білім саласына келсек, 2024 жылға 6 жаңа мектеп, 2 жапсарлас құрылыс және 5 мектепті күрделі жөндеуден өткізу жұмыстары жоспарланған. 

Медицина саласында болса, былтыр 5 келушіге арналған медициналық нысан пайдалануға берілген. Сондай-ақ Шу қалалық емханасы қайта жаңғыртудан өткен. Қазір медициналық нысандардың қажеттілігі 3 бірлікті құрап отыр. Осы мақ­сатта Төле би ауданындағы 48 орындық балаларды оңалту орталығының құрылысы тамыз айында аяқталмақ. 2024 жылы Жиделі стансасында медициналық нысан­ның құрылысы 150 миллион теңгеге жүргі­зіледі. Аспара стансасындағы меди­циналық мекеменің құрылысы да 150 мил­лион теңгеге 2025 жылға жоспарланып отыр.      

Шу қаласы Жамбыл облысындағы моноқаланың бірі саналады. Бүгінде аталған шаһарда ауқымды жұмыстар қолға алынып, баянды жобалар бағдарын табуда.

Жалпы Шу қаласында 45 мың 447 тұр­ғын тұрып жатса, шаһар 8 иінге бөлінген. Биыл қаланың бюджеті 938 миллион теңгені құрап, өткен жылмен салыс­тырғанда 3 есеге өскен.

Қаланың негізгі өзекті мәселесінің бірі – кәріз жүйесі болатын. Қазір кәріз жүйесінің 86 пайызының тозығы жетіп отыр. Олқылықтың орнын толтыру үшін қалалық қазынадан 45 миллион теңге бөлініп, жобалық-сметалық құжаттар әзірленген. Бұйыртса, келер жылы құры­лысқа қаржы қарастыру жоспарға енген.    

Саятхан САТЫЛҒАН,

Жамбыл облысы