Паражүзуден халықаралық дәрежедегі спорт шебері, суда жүзуден Қазақстан чемпионы, әлем кубогінің бірнеше дүркін иегері, екі дүркін Азия Пара ойындарының жеңімпазы бізге көпшілік біле бермейтін жайттар туралы әңгімелеп берді.
– Ержан, әңгімеміздің әлқиссасын бала күніңізден бастасақ...
– Нені меңзеп отырғаныңызды түсіндім. Мен дені сау бала болып өмірге келдім. Ортаншы баламын. Ағам мен інім бар. Ата-анамды, бауырларымды жанымдай жақсы көремін.
Аяқ-қолымнан тоғыз жасымда айырылып қалдым. Балалық қой. Уақытымыздың көп бөлігін ойынмен өткізетінбіз. Сондай күндердің бірінде жасырынбақ ойнап жүріп, трансформаторға тығылдым. Жанымда достарым болды. Арада жиырма минуттай уақыт өткеннен кейін басқа балалар шығып кетті. Бала күнімнен не істесем де, жан-тәніммен беріліп, соңына дейін жеткізуге тырысамын. Жасырынбақ ойнап жүргенімде «мені ешкім таппауы керек» деген ой болды. Осы оймен трансформатордың түбіне қарай жасырынам деп жүріп, аяғым токқа тиіп кетті. Сол кездегі жағдай әлі күнге дейін күні кешегідей есімде. Аяқтан кірген ток, бүкіл денемді алып кетті. Ондай жағдайды ешкімнің басына бермесін деймін. Сол жағдайдан кейін маған шұғыл түрде үш рет ота жасалды.
Осы жерде мына мәселені айтқым келеді. Біреулер «оқыс жағдай болмағанда, Ержан бүгінгідей жетістікке жетпес пе еді?» деп жатады. Мен олай деп ойламаймын. Себебі бала күнімнен спортты саналы түрде таңдаған адаммын. Токқа түспес бұрын мектеп жанынан жұмыс істеп жатқан дзюдо секциясына барып жүрген болатынмын. Сол кезде дзюдоға керек кимоном болмаған еді. Жаттықтырушым «кимоно әкел» деп айтатын. Қызығы, үйдегілерге спортпен шұғылданып жүргенімді айтпадым.
– Десе де, шауып жүрген ойын баласына да бір мезетте мұндай күйге түсу оңай емес қой. Күйзелістен қалай шықтыңыз? Бүгінгі Ержанның қалыптасуына кімдер себепші болды?
– Өзім табиғатымнан бірбеткей, тік мінезді адаммын. Сондықтан да болар, жалған сөйлегенді жаным сүймейді. Ақиқатын айтайын, аяқ-қолымнан айырылғаннан кейін, үйдегілер маған ерекше қараған жоқ. Өзімді жинақтап, бүгінгідей жетістіктерге жетуіме отбасымның мені толыққанды адам сияқты қабылдағаны ықпал етті деп ойлаймын. Әйтпесе, мүмкіндігі шектеулі адамдарға қоғамда мүсіркей қараудың соңы қалай боларын білесіздер. Мен өзімді ерекшелемеймін. Басымдағы жағдайды өзіме берілген сынақ деп қабылдаймын. Менің міндетім – сынаққа сынбай, рухымды биік ұстау және адамгершіліктен аттамау.
– Десе де, ерекшелеп тұрып айтқыңыз келетін адамдар бар шығар?
– Ата-анама, бауырларыма алғыс айтамын. Маған сенім артқан бүгінгідей жетістіктеріме себепкер болған Құрманғали Тасмағамбетовке, оның ұлы Ілияс Құрманғалиұлына, бапкерім Нұрлан Омарұлына алғыс айтамын. Түсінгенім, өмірде шектеу жоқ. Шектеудің бәрі біздің миымызда, санамызда екен.
– Қазір ТМД деңгейінде суға жүзуден өзіңізге теңесетін спортшы жоқ деуге болады. Бізге сіздің осы салаға қалай келгеніңіз қызық болып отыр...
– Бала күнімнен Жайықтың жағасында өстім. Сондықтан жүзу спортына кездейсоқ келмедім. Қазір айтсам, сенбейтін шығарсыздар. Бірақ жүзумен айналысып жүргенімді де алғашында отбасым білген жоқ. Шешім қабылдасам, нәтиже шығаруға тырысатын қасиетім бар. Кейін ол кісілер жетістіктерімді естіп қуанды. 2015 жылы республикалық спартакиада ойындарында суға жүзуден алғаш рет алтын медаль жеңіп алдым. 2016 жылы Қазақстан чемпионатына қатыстым. Үш түрлі қашықтықта 3 алтын медаль еншілеп, Қазақстан рекордын үш мәрте жаңарттым. Сөйтіп, суға жүзуден Қазақстан ұлттық паралимпиада құрамасының мүшесі атандым. Азия ойындарында екі мәрте алтын жеңіп алдым.
Айтуға оңай болғанымен, әр медальдың артында жанкешті еңбек жатыр. Сол үшін де мақсат қойдым, көп іздендім, жаттықтым. Өзімнің суда жүзу техникамды қалыптастыруға тура келді. Бапкеріммен ақылдаса жүріп, мұны да жетілдіре алдық. Қазір мені атыраулық Нұрлан Жұмағазиев жаттықтырады.
– Спорттан басқа қандай хоббиіңіз бар?
– Жанымда жүрген достарым бос уақытымда әжептәуір ән айтатынымды біледі. Тіпті, бір кездері Ақылбек Жеменей продюсерлік етуге ұсыныс тастады. Қазақта «Жігітке жеті өнер де аз» деген керемет сөз бар. Сондықтан адам бір орында отырып қалмауы керек. Үздіксіз даму, іздену жаңа жетістіктерге жеткізетініне сенемін.
– Әлгінде адам бір орында тоқтап қалмауы керек дедіңіз. Ал сіздің қандай мақсатыңыз бар? Көпшілікті тағы қандай жетістіктеріңізбен қуантасыз?
– Мақсат көп. Алда келе жатқан паралимпиада ойындарына қатысып, чемпион атанғым келеді. Жақында Ақтөбеде өтетін Қазақстан Республикасының спартакиадасына аттанғалы отырмын. Спорттан бөлек, шығармашылыққа да бет бұру жоспарда бар. Өзімнің өмірім туралы кітап жазып шыққым келеді. Кітап желісімен фильм түсіру жоспарымда бар. Ондағы мақсатым атымды шығару емес. Өзімнің жүріп өткен жолымды жас буынға үлгі еткім келеді. Әйтпесе, сәл ғана сәтсіздіктен кейін өзін-өзі тастап жіберіп, күйзеліске түсіп кетіп жатқан бауырларымыз жетіп артылады.
Атырауда параспортқа арналған базалық спорт кешенін салғым келеді. Жақында Атырау облысы әкімі орынбасарының қабылдауында болдым. Жер бөліп, инвестор тарту мәселесін пысықтадық. Олимпиада ойындарында Атыраудың параспортшыларының талай мәрте жүлделі оралып жатқанын ескерсек, өңірге заманауи үлгіде салынған параспорт кешені керек-ақ.
– Сізді азамат ретінде бүгінгі қоғамдағы қандай өзекті мәселе толғандырады?
– Қазір қоғамда ажырасу көбейіп кетті. Кейде жігіттер жағы ойланып алмай отбасын құра ма деп те қаламын. Шын мәнінде, отбасы – адамға берілген ең үлкен сый әрі аманат. Сондықтан қазақ жігіттерін рухани білім алуға шақырар едім. Адамгершілік, имандылық, ізеттілік сияқты рухани құндылықтар отбасын берік ете түседі. Сол себептен де адамгершіліктен ажырамай, отбасы, қоғам алындағы жауапкершілікті сезініп жүретін болсақ, рухани қуатты қоғам құра аламыз.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Баян ЖАНҰЗАҚОВА,
Атырау облысы