АӨК-ты субсидиялау ережесінен тауық жұмыртқасын субсидиялау туралы норма алып тасталды.
АӨК-ты субсидиялаудың жаңа ережесі жұмыртқа бағасының өсуіне әсер етуі мүмкін – "AMANAT"
1,126
оқылды

Субсидиялаудың бірыңғай мемлекеттік ақпараттық жүйесі (СБМАЖ) тек ішінара жұмыс істейді, АӨК-ты субсидиялау ережесінен тауық жұмыртқасын субсидиялау туралы норма алып тасталды, ал сауданы реттеу әрекеті ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге зиян келтіреді. Осы және өзге де мәселелер туралы «AMANAT» партиясы жанындағы Аграрлық сектор мәселелері жөніндегі республикалық кеңестің отырысында айтылды.

Кеңес мүшесі, Агроөнеркәсіптік кешен кредиттік серіктестіктер қауымдастығының төрағасы Альмира Сағатованың айтуынша, Ауыл шаруашылығы министрлігінің сендіруіне қарамастан, СБМАЖ жүйесі жұмсартып айтқанда, жарытып жұмыс істемейді.

«Ауыл шаруашылығы министрлігі сендіріп айтқысы келсе де, СБМАЖ жүйесі жарытып жұмыс істеп тұрған жоқ. Атап айтқанда, жаңа шарт бойынша ұсыныс беруге мүмкіндік жоқ; жер учаскелері интеграцияланбаған; жер БСН бойынша жұмыс істейтін шаруа қожалығының меншігінде болғанымен, СБМАЖ-ға ауысқаннан кейін жер шаруа қожалығы басшысына ЖСН-мен тіркелген фактілер бар. Әкімдіктер алқаптың электронды картасы болмауына байланысты шаруалардың өтінімін қабылдамайды. Сонымен қатар несие мен пайыздық мөлшерлемені субсидиялау жүйесі барлық салада емес, ішінара жұмыс істейді», – деді ол.

Кеңес мүшесі, Қазақстанның жұмыртқа өндірушілер қауымдастығының төрағасы Қайрат Маишев те маңызды мәселе көтерді. Ол Республикалық бюджет комиссиясы АӨК-ты субсидиялау ережесінде әр жұмыртқаны 3 теңгеден субсидиялау нормативін қолдамағанын мәлімдеді. Оның айтуынша, мұндай әрекет өнім бағасының өсуіне әсер етуі мүмкін.

«Бұл сала айрықша маңызға ие. Жұмыртқа өндірісі жылына 365 күн жұмыс істейді. Яғни, бұл маусымдық кәсіп емес. Салада 12 мыңға жуық отандасымыз еңбек етеді. Жұмыртқа – әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауары. Табысымыз онсыз да төмен болғанына қарамастан, өткен аптада осы салаға субсидия берілмейтіні белгілі болды. Бұрын әр жұмыртқа үшін 3 теңге субсидия төлеу нормасы болған еді. Мемлекет тарапынан қолдау болмаса, өндіріс көлемі қысқарады. Мәселе 7,7 млрд теңгеге келіп тіреліп тұр. Ал жұмыртқа өндірушілер жыл сайын 3 млрд теңгеден астам салық төлейді. Соның салдарынан импорттық өнімді тұтынуға тура келеді», – деді ол.

Өз кезегінде Қазақстанның картоп және көкөніс өсірушілер одағының төрағасы Қайрат Бисетаев шаруалар жолдаған ұсыныстар Ауыл шаруашылығы министрлігінде назарға алынбайтынын атап өтті.

«Ауыл шаруашылығы министрлігінде қалыптасқан шешім қабылдау тетігіне риза болмай отырмыз. Кез келген саланы, соның ішінде ауыл шаруашылығы саласын мемлекеттік қолдау туралы шешім қабылдаудың кейбір ережелері Парламент деңгейінде қабылданғанын қалаймыз. Өкінішке қарай, бүгінде әркім өз мүддесін қорғауға тырысады. Өсімдік өсірушілер, өңдеушілер, мал өсірушілер арасындағы негізгі бірлестіктер бас қосып, Ауыл шаруашылығы министрлігіне ортақ ұсыныс жолдадық. Алайда оған назар аударылмайды. Біз күні бүгінге дейін субсидиялаудың қай ережесі қолданыста барын, қай түзетулер мақұлданғанын және оның қайсысы қабылданбағанын түсіне алмай келеміз. Яғни, көз жұмып, тәуекелге бел байлап жұмыс істеп жатырмыз. Солтүстікте егіс науқаны жүріп жатыр. Алайда субсидиялау ережесінен әлі күнге дейін бейхабармыз. Бұған қоса, СБМАЖ жүйесі де жарытып жұмыс істемейді», – деді ол.

Кеңес төрағасы, Мәжіліс депутаты Нұржан Әшімбетов атап өткендей, аграрлық салада бірқатар проблемалық мәселе бар. Оның ішінде, қарыздарды субсидиялау, жайылымдарды суару және т. б. мәселелер көрініс тауып отыр.

«АШМ-да барлық мәселе қаралатын салалық қауымдастықтардың жұмыс тобы бар деп ойладым. Тіпті, министрдің өзі сарапшылармен, шаруалар қауымдастығымен түрлі кеңес өткізгенін айтып еді. Алайда сарапшылар субсидиялау ережесінің жобасы бойынша соңғы шешімге келген жоқ. Министр  лауазымын бүгін бір, ертең екінші адам атқарады. Алайда мемлекеттік орган басшыларының ауысуы қандай да бір саланы қолдауды дамыту стратегиясына әсер етпеуі тиіс», – деді кеңес төрағасы.

Ішкі және сыртқы сауданы реттеу жүйесі де сынға ұшырады. Қазақстан астық өндірушілер одағының төрағасы Нұрлан Оспановтың пікірінше, аталған жүйенің жұмысы көңіл көншітпейді.

«Кейінгі жылдары Үкімет ӘМАТ бағасын тұрақтандыру және қайта өңдеу кәсіпорындарын қолдау үшін «Сауда қызметін реттеу туралы» заңды пайдаланып келеді. Мұндай қажеттілікті жоққа шығармасақ та, Үкімет азын-аулақ іске көп күш жұмсап жатқанын көріп отырмыз. Яғни, мерзімінде шара қабылданбайды немесе тым қатал шаралар енгізіледі. Түпкі нәтиже жоқ. Ең бастысы, АШТӨ зардап шегеді. Біз тұрақты бағаны, кірісті жоғалтып жатырмыз. Көктемгі егіс жұмысының алдында айналымға қажет қаражат жоқ», – деді ол.

Отырыс барысында кеңес мүшелері шаруаларға жанар-жағармайды жеңілдікпен беру, ветеринарлық қызметті қолдау және өңірлер арасында тәжірибе алмасу мәселелерін де қозғады. Қорытынды ұсынымдар орталық және жергілікті атқарушы органдарға жіберіледі.