Шетел азаматтары жұмыс істеу үшін арнайы рұқсат алады.
Қазақстанға Қытай, Өзбекстан, Түркиядан жұмыс іздеп келетіндер көбейді
3,495
оқылды

Биыл 1 мамырдағы жағдай бойынша жергілікті атқарушы органдардың рұқсатымен Қазақстанда 15 129 шетел азаматы еңбек етеді. Бұл туралы Aikyn.kz сайты Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап хабарлайды. 

Шетелден жұмыс күшін тартуға рұқсаттың арасында мынадай санаттар бар: басшылар мен олардың орынбасарлары үшін 583 рұқсат (бірінші санат), құрылымдық бөлімшелердің басшылары үшін 2 993 рұқсат (екінші санат). Оның негізгі бөлігі үшінші (мамандар) және төртінші (білікті жұмысшылар) санатқа жатады. Олардың саны – 7 080 және 891 адам. Сондай-ақ маусымдық жұмысқа – 1 717 адам, ал корпоративтік ауыстыру аясында 1 865 адам тартылды.

Қазіргі уақытта Қазақстанда шетелдік жұмыс күшін пайдаланатын 1 746 жұмыс беруші бар. Оларда 411,5 мыңнан астам Қазақстан азаматы жұмыс істейді, бұл қызметкерлердің жалпы санының – 96%-ы.

Экономикалық қызмет түрлері бойынша ең көп жұмыс істейтіндер құрылыс саласында – 5 317 адам (35%), ауыл, орман және балық шаруашылығы – 1 572 адам (10%), тау-кен өнеркәсібі және карьерлерді қазу – 1 443 адам (10%), кәсіби, ғылыми және техникалық қызмет – 979 адам (7% ), өңдеу өнеркәсібі –  960 адам (7%).

Еңбек мигранттары келетін негізгі елдер: Қытай – 3 652  адам (24%), Өзбекстан – 1 843 адам (12%), Үндістан – 1 741 адам (12%), Түркия – 1 534 адам (10%).

Ішкі еңбек нарығын қорғау мақсатында биыл 22 260 квота белгіленді.